Бір күні ұялы телефоныма қызық хабарлама келді. Көзімнің қиығын да салмай, мұрнымды шүйіріп отыра берер ме едім, бір ой сап ете қалды: «Не деген батпан құйрық? Айдалада жатқан құйрық? Оқи салайыншы!»
Сөйтсем, маған Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйға беріліпті. Пәтерсіз жүргенмін ғой, қуанғанымнан, әйеліме айқай салдым:
– Қатын, бері кел!
– Не болып қалды? –деп сұрады әйелім илеп жатқан қамырын мойнына асып алып.
– Астанадан екі бөлмелі пәтер беріліпті!
– Не үшін?
– Не үшіні несі? Сондай қамқоршыл қор бар екен. Көздері бізге түсіпті!
– Астанадан? Неге Шымкенттен бере салмайды?
– Е, мен қайдан білейін? Құжаттарды реттеу үшін екеуміздің жеке куәліктеріміздің көшірмесін, және үш жүз мың теңге аударып жіберуін жазыпты. Кейін қайтарады екен.
– Не деген бақытты жандармыз! –деген әйелім илеп жатқан қамырын бетіме мыжып, екеуміз құшақтаса кеттік. Сол күні ұйықтай алсамшы! Астанада жүрмін! Астанадағы үйіме келе жатырмын! Енді мен Астаналықпын! Байқап сөйлеңідер, мен Астана тұрғынымын!
Үш жүз мың теңгені аударып жібердім. Бір апта өтті, екі апта, екі ай өтті. Хабарлама бойынша хабарласқан жігітті жылан жұтып қойғандай, жым –жылас болды. Сонда ғана алданғанымды білдім. Осы алаяқтар бар ғой, адам емес! Алданып қалатынымды алдын–ала ескертсе болады ғой!
Тағы бір күні қызық хабарлама келді. Оқи салайыншы дедім. «Актив» компаниясы бойынша ұтысқа ие болыппын! Тұрақты нөмірім үшін! Арба емес, «Тайота» ұтыппын! Қуанғанымнан, қан қысымым жоғары көтерілмей, табаныма түскендей болды! Айқай салдым:
– Қатын, бері кел!
– Ойбай, тағы не болып қалды? –деп сұрады әйелім аршып жатқан сәбізін қолына ұстай келіп.
– «Тайота» ұтыппын!
– Төрт доңғалағы бар көлік пе?
– Енді, екі доңғалақты көлік болмайтын шығар?
– Моторы бар дей ме?
– Моторсыз мәшине бола ма?
– Рулі екеу ме?
– Е, екі рулі болса ше?
– Екеуміз қатар отырып, айдай беретін едік.
– Туу, сен қатын не деп кеттің?
– Сенбей отырған соң, созбалап жатырмын! Тағы да алданып қалармыз?
– Осы жолы алданбаймыз, міне, суретін де жіберіпті!
– Әйелінің бе?
– Мәшиненің! Әйелі несі?
Қуанғанымнан әйелімді құшақтай алдым. Ол сеніңкіремеді ме, аузыма сәбізін тыға салды. Сәбізді қытыр-қытыр шайнап жіберіп, диванға шалқамнан түсіп, армандап кеттім ғой! Енді менің көлігім бар! «Тайота»! Әйелім алдына... Жоқ әйел адамның алдына отырғаны жараспайды, алдына емес, артына отырады. Алдына әкемді отырғызып аламын. Ойхоой, шіркін, ауылға қыдырып барамыз! Қайдағы, ауылға қыдырып барған? Ауылға автобуспен бардық. Өйткені, тағы да алданып қалдым. Жүз мың теңге аударғанмын. Жым–жылас жоғалып кетті. Алаяқтар бар ғой, тағы да айтамын, адам емес! Бір ауыз ескертсе болады ғой, алданып қалатынымды...
Ал, енді бұл біреулер үшін «майда-шүйделер» ғой. Жалған қаржы пирамидаларын айтсаңшы, миллиардтарды қалтаға басқан! Ақтөбеде сондай бірнеше қаржы пирамидалары бар, олар Алматы, Шымкент, Астана, Ақтөбе, және басқа да қала түрғындарын алдап, арбап, салымдарын сореп, сореп, ақырында «сен мені көрген жоқсың, мен сені көрген жоқпын!» –деп шыға келген. Салымшылар арызданған соң, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушы алаяқтар ұсталды. Өйткені, «Выгодный займ», «Гарант 24», «Эстейд ломбард», «НұрАли капитал» сиқты қаржы пирамидаларына алданғандар саны нөпір еді. Алаяқтар саны 48, ал ұйымдастырушы Жанболат Есіркеповтың беті бетон, былқ етпейді. «Адам емес алаяқ қой, алдайтындарын алдын ала айтпайды ғой!» –деп ащылап күліп алсақ та болады. Ал, Алматыдағы бір-біріне туыс болып келетін, нотаруйстар Қарлығаш Қожақметова мен Ерлан Рысқалиевтердің қулығына құрық бойламайды. Олар бір пәтерді бірнеше жәбірленушілерге сатып, «нотаруйспен заңдастырып» берген ғой! Не деген бетсіздер еді,ә? Бұлар да алдайтындарын айтпайды ғой!
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Сараш Егембердиева да алаяқтар курсын қызыл дипломмен бітіргендей. Ол Ордабасы ауданының тұрғыны Берік Сатыбалдиевті өзіне имандай сендріп, бір миллион теңгесін алып кеткен. Қалай дейсіздер ме? «Өзбек жұмысшыларын тауып беремін, үйіңіздің құрылысын арзан бағаға жүргізіп береді!» –деп оның екі құлағына «лапшаны іліп», сөзімен сендіре тіліп, жігіт ағасының іші–бауырына кіріп, ақырында қашып кеткен. Бұл да алдайтынын айтпай кеткен десем, ия? Алаяқтар алдайтындарын айтар болса, кім алдана қояр дейсіз, жәй, бетімізді шымшылап жатқан жайымыз ғой, дегенмен, сақ болыңыздар, ағайын! Алаяқтар арамызда жүр!