Азамат Ерназаров: Бір минуттық анимация – бір айлық еңбектің жемісі
Азамат Ерназаров: Бір минуттық анимация – бір айлық еңбектің жемісі
1,081
оқылды
2008 жылы америкалық Disney компаниясының ұжымы отандық «Сақ» киностудиясына «Қазақстанның Уолт Диснейі» деген баға берген екен. Расында, олар өмірге әкелген «Алдар көсе мен шайтандар», «Қанатты Барыс», «Мақта қыз бен мысық», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз» секілді туындылар кішкентай көрермендердің көңілінен шығып, ел арасында қолдау тапты. 28 қазан – Халықаралық анимация күніне орай, біз аталмыш студияның режиссері әрі қоюшы-суретшісі Азамат Ерназаровпен әңгімелесіп, мультфильм жасаудың қыр-сырын білдік. – Сапалы анимациялық фильм жасау қанша уақыт пен қаржыны талап етеді? – Бұл фильмнің қиындығы мен ұзақтығына байланысты. Мысалы, мультфильмдерді 2D немесе 3D форматта жасауға болады. Бі­рін­шісі жайлы айтсақ, әуелі фильм­ге сценарий жазылады, сосын соған сәйкес кейіпкерлердің суреті са­лынады. Олардың қозғалысын сурет бетіне түсіреміз: 1 секундтық анимацияға – 24 кадр, сонда 1 ми­нутқа 1440 кадр кетеді. Одан соң актерлерді шақырып дыбыста­тамыз, кейін кадрларға бөлеміз де, артына фон жасап, кадрларды рет-ретімен орналастырамыз. Ал 3D форматтағы фильмді жасау бұдан сәл жеңілдеу, өйткені ке­йіпкерлердің әр қозғалысын сурет­пен беріп әуре болмайсың, оның бәрін компьютер арқылы жасай­сың. Бірақ мұнда анимацияға дейінгі процесс қиын. Кейіпкердің түрін сызып алған соң, оған сүйек жабыстырамыз, одан кейін риг­гинг (виртуалды қаңқаны жаб­дықтау) және скиннинг (терімен қаптау) жасаймыз. Анимациясы дайын болған соң, рендеринг жүр­гізіледі. Бұл кезеңде шикі мате­риалдарға текстура береміз. Сосын монтаж жасалады, артынан интер­шум қойылады, ең соңында му­зыка жазылады. Осы жұмыстың артында қаншама маманның – сценарист, 5-6 аниматор, қоюшы-суретші, дыбыс режиссері, актер­лердің еңбегі жатыр. Экранға толықтай әзір анимацияның 1 ми­нуты – шамамен 1 айлық маң­дай тердің жемісі. Ал қаржы жағынан келсек, 3D форматындағы толықметражды анимациялық фильмді жасауға кемінде 500-600 млн теңгедей ке­рек. 2D форматтағы фильм жасауға осы соманың жартысы жетеді. – Сіздерде қолдан бүгінге де­йін қанша мультфильм шықты? Олардың көбі қай форматта еді? – 2004 жылы алғаш рет ани­мация әлемінің есігін «Алдар көсе мен шайтандар» мультфильмімен аштық. 10 минуттық мультфильмді жасауға бір жыл уақыт кеткен болатын. Содан бері бүгінге дейін 50 шақты анимациялық туындыны жарыққа шығардық. Олардың түгелі-дерлік 2D форматта еді. «Қошқар мен текенің» жаңа мау­сымын 3D форматта жасауға «Балапан» арнасы тапсырыс берді. Бұл мультфильм атауының автор­лық құқығы «Қазақфильмге» тие­сілі болғандықтан, оны өзгертіп, «Тоқты мен серке» деп алдық. Қазір 15 сериясын жасап, көрермен назарына ұсынып үлгердік. Бала­лар жақсы қабылдап жатыр. – Анимациялық фильмдеріңіз­дің сюжеті қызық. Бала түгілі, үлкен адамның өзін бірден баурап алады. Сценарийді кім жазады? Мульт­фильм қызық шығуы үшін қандай ереже-талаптарды, тәсілдерді ұстанасыздар? – Сценарийді телестудия бас­шылығындағы білікті мамандар – Батырхан Дәуренбеков және Бақытжан Құлжабай жазады. Оны сосын режиссер ретінде мен оқып шығып, өз ойымды қосамын. Осы­лайша бәрінің идеясымен толық­қан сценарий әзірленеді. Біздің үнемі ұстанатын бір тәсіліміз – балаларға түсінікті, қарапайым, күнделікті өмірде құлақ үйренген сөздерді ғана қолданамыз. Ара­сында үлкенге де, кішіге де «өтетін» әзілдерді кірістіруге тырысамыз. Сондықтан шығар, өнімдерімізді балалар да, ересектер де жылы қа­былдап жатады. – Анимациялық фильмде ком­позитордың да маңызы орасан. Бір фильм үшін қанша әуен жазылады? Оны кім жазады? – Иә, мультфильмнің сәтті шығып, бала жүрегіне жол табуы үшін ішіндегі әуендердің дұрыс таңдалғаны қатты маңызды. Әр ситуацияның көңілді, қорқы­нышты, қайғылы, қысылтаяң, я болмаса жайбарақат екенін сю­жеттің музыкасы дәл беруі тиіс. Бұл орайда композиторымыз Руслан Шынықұловтың еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол кісі «Сақ» киностудиясында 2005 жыл­дан бері жұмыс істейді. Бүгінге дейін қаншама кинотуындымызға арнап әуен жазған. Мәселен, то­лықметражды «Қазақ елі» мульт­фильмі үшін 60-тан астам музы­калық аспаптың сүйемел­деуімен 30 әуен жазылды. Осының өзінен-ақ саундтректің шаруасы қан­шалықты қиын екенін бағам­дай беріңіз. – Кадр мәселесінде «әттеген-ай» дейтін тұстар бар ма? Тә­жі­рибелі, креативті мамандарды табу елімізде қаншалықты оңай? – Өкінішке қарай, елімізде 3D форматтағы мультфильмдер жасай алатын мамандар аз. Оқу орын­дарында «Анимация» мамандығы бойынша сабақ беретін мұға­лім­дердің көпшілігі практик емес, сондықтан жастар оқу бітіріп, еңбекке араласқанда ғана тәжі­рибесін шыңдай бастайды. Жақсы анимация жасау үшін маманның мықты суретші болуы жеткіліксіз, оған қоса актерлік қабілеті де бол­са құба-құп. Мысалы, көбі кейіп­керді нейтрал эмоцияда сүп-сүй­кімді етіп салып бергенімен, оның ашулы, ұялған, қуанған кезде­ріндегі түрін дәл беруде қиналады. Әр кейіпкердің өзіне тән мінез-құлқы, жүріс-тұрысы болады. Бұл ерекшеліктер оның тіпті қараң­ғыдағы көлеңкесінен байқалып тұруы қажет. Осының бәрін ескеру үшін суретші әлгі кейіпкерді жан-тәнімен сезіне отырып жұмысқа кіріседі. Тағы бір өкініштісі, кейіп­керді әртүрлі ракурстан берерде де суретшінің кейінгі суреттері ал­ғашқы суреттеріне ұқсамай кетіп жатады. Сондайда көп маман «мен оңай екен деп ойлап едім, мына іс қолымнан келмейді-ау» деп, шы­дамдылық танытпай шығып кетеді. Талантты жастар да жоқ емес, әрине. Мы­салы, арамызда бір жігіт Disney-дің «Арыстан патша», «Аю аға» ат­ты фильмдерін жасауға қа­тыс­қан ресейлік суретші-аниматор Александр Дороговтың мекте­бін­де төрт жыл білім алып келді. Бізге осындай мамандар жетіспейді. – Әңгімеңізге рақмет!