Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық стадионда өткен «Қайсар» мен «Жетісу» командаларының ойынына барып, жанкүйер болды. «Қайсар» «Жетісумен» тең түсіп, Премьер-лигаға шықты.
Ойын аяқталғанан кейін белгілі футболшы, Сыр елінің мақтанышы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсімі өтті. Іс-шараға арнайы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Шох Рохус Рохусович, сала басшылары, Сыр спортының жанкүйерлері қатысты.
"Ресейдің Краснодар қаласында былтырғы жылы бір жыл ішінде 10 мың орындық 12 миллион долларға жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де сондай жаңа стадион құрылысын бастауға ниеттіміз. Бұл ұсынысты жерлестерім, ірі компаниялар мен кәсіпкерлер қолдайды деп сенемін. Бүгін Сыр спортының саңлағы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсіміне жиналып тұрмыз. Мақсаттың спорттық межесі өз мерейімен айшықтылады. Ол – жеңісті де, жеңілісті де бастан кешірген, бірақ жеңісі үстем, көргені көп, түйгені мол тарланбоз жігіт. Байжановтың бабы ел біріншілігінде 500-ге жуық ойын өткізіп, 80-ге жуық гол соққан мергендігімен де көрінді. Сондай қысылтаяң шақта команда жауапкершілігін арқалаудың аманаты ауыр болады. Міне, Мақсаттың мықтылығы осынысымен озық тұр. Сол себепті жанкүйерлер оны құрметтейді, қаншама жас буын оған қарап бой түзеуге тырысады", – деді Н.Нәлібаев.