«Мұқағали» фильмі халықаралық кинофестивальде бас жүлде алды
«Мұқағали» фильмі халықаралық кинофестивальде бас жүлде алды
Фото: "Қазақфильмнен" алынды
1,861
оқылды
«Мұқағали» фильмі Дубайдағы Мeta Film Fest кинофестивалінде бас жүлде иеленді. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлады. Таяу Шығыс, Азия және Африканы қамтитын Meta Film Fest жаңа халықаралық кинофестиваль 27 қазанда Джумейра Пальмасындағы Nakheel Mall-дағы Vox Cinemas кинотеатрында басталды. Фестивальде 25 елден 70-тен астам фильм көрсетілді. Байқау бағдарламасына «Мұқағали», «Ұлы дала таңы», «Ақын» және «Конокрады» атты төрт фильм таңдалған болатын. Белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» картинасы оның өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді. Сценарийін жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, режиссер Болат Қалымбетов пен Ғазиз Насыров бірлесіп жазды. Фильм елде прокатқа былтыр 21 қазанда шықты. Фильмнің әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті. Онда фильм экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. Биыл наурызда Кераладағы (Үндістан) 26-шы Халықаралық кинофестивальдің «Әлемдік кино» секциясында ұсынылды. Жақында «Мұқағали» фильмі Қазан кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, фильм Гатчинадегі (Ресей) «Әдебиет және кино» халықаралық кинофестивалінде қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтің үздік жұмысы үшін қазылар алқасының арнайы дипломына ие болды.