«Осындай кемшіліктер жер комиссиясының шешімдерін және соған сәйкес қабылданған жер телімдерін беру туралы қаулыларды заңсыз деп тануға негіз болды. Жол берілген бұзушылықтар үшін сот мемлекеттік органдарға қатысты жеке ұйғарымдар шығарды. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарға өңірдегі жер комиссияларының қызметіне сыбайлас жемқорлық тұрғысынан талдау жүргізу, ал жергілікті атқарушы органдарға жер заңнамасы саласындағы талаптардың тиісінше орындалуын ерекше бақылауға алу ұсынылды», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.КЕРТАРТПА ӘДІС КӨП Салық заңнамасына қатысты даулар да жиілеген. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды орындау мәселелеріне қатысты дау санының артқаны байқалады. Атап айтқанда, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары «анықтаған кемшіліктерді жою туралы хабарлама орындалмады» деп тану туралы шешім шығаруын қоймай келеді. Бұл жайт кәсіпкер алған хабарламамен келіспеген және тиісті түсініктеме берген жағдайларға қатысты. Жеңіс Қазиев түсіндіргеніндей, мұндай жағдайларда хабарлама орындалды деп танылып, тоқтатылуы тиіс. Ал салық саласының қызметкерлері істің мән-жайын анықтау үшін жоспардан тыс тексеріс тағайындауы керек. Алайда мемлекеттік кірістер органдарының кертартпа тәжірибесі кәсіпкерлерге кедергі келтіріп отыр. Сол үшін салық төлеушілер соттарды жағалап, алтын уақытын зая кетіреді. Мемлекеттік органдар осылайша салық төлеушінің банктік шоттарындағы операцияларын тоқтатып, бизнес өкілдерін қажетсіз сот процесіне тартады. Тағы бір кемшілік – мемлекеттік кірістер органдары салық есептілігін тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін-ақ камералдық бақылау жүргізуге құқылы бола тұра, бұл норманы пайдаланбайды. Егер бақылауды ерте бастан қолға алса, салық төлеушінің өз міндеттемелерін орындамауы барынша азаяр еді.
«Сот шешімінен белгілі болғанындай, бұл норманы салық органдары пайдаланбайтын көрінеді. Мәселен, салық органы есеп беру мерзімінен кейін екі ай өткен соң ғана камералдық бақылау жүргізген. Әрі бұл уақытта электронды шот-фактура үзіндісіне қолжетімділікті шектеп тастаған. Ал электронды шот-фактура жазып бергелі 7 ай өтіп кеткен. Сол бақылаудың қорытындысы бойынша, қосымша құн салығын есепке жатқызуға қатысты бұзушылықтар анықталған. Осылайша, кемшіліктердің алдын алуға құзыреті бар бола тұра салық органы бұл құқықты пайдаланбаған. Бұл өз кезегінде салық төлеушілердің міндеттемесін орындамауына ықпал етеді. Шот-фактураларды жазған кезде талап сақталмайды. Нәтижесінде, қосымша құн салығы сомаларын есепке заңсыз жатқызуда қателік кетеді. Мұның соңы айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Бұл жайт жүйелі сипатқа ие болуы ықтимал екендігін де жоққа шығармаймыз», – деп түсіндірді спикер.БАСШЫЛАР ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС Әкімшілік құқықбұзушылықтарды, сондай-ақ бақылау-қадағалау қызметін талдау нәтижесінде көптеген жүйелі проблемалар анықталды. Тексеруші органдар кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік жаза қолданған кезде көбіне-көп ескерту сияқты әкімшілік жазаны аттап өтіп, бірден айыппұл салуға құмар. Мәселен, 2022 жылдың маусым айында Қызылжар аудандық прокуратурасының наразылығы негізінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аудандық аумақтық инспекциясының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының хаттамасының күші жойылды. Себебі айыппұл салуға еш себеп болмағаны анықталған. Бұл жерде бизнес субъектісіне ескерту жарияланса да жеткілікті екен. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті органға, сотқа не прокуратураға әрдайым жүгіне бермейтінін айтты. Осыған байланысты лауазымды тұлғалардың заңсыз актілері кейде анықталмай да қалады.
«Әкімшілік іс бойынша салынған айыппұлдарды толық талдау және мониторингілеу неғұрлым қатаң жаза қолдануға жақын тұратын лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінің ауқымдылығы мен жүйелілігін анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 43-бабының талаптарын елемейді деп санаймыз. Сондықтан прокуратура органдары мен өзге де уәкілетті органдар заңсыз шығарылған әкімшілік актілердің күшін жойып қана қоймай, заңнама нормаларын қолдануды бұзғаны үшін кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауы қажет деп санаймыз», – деп түйіндеді ол.Бұған қоса, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін талдау тәуекелдерді басқару жүйесінің жеткіліксіз жүзеге асырылатынын көрсетті. Бұл жүргізілетін тексерулердің тиімсіздігіне әкеліп соғады.
«Мемлекеттік кірістер департаментінің тексерістері ең тиімсіз екені анықталды. Оның көрсеткіші небәрі – 26 пайыз. Яғни, 66 тексерістің тек 17-сі бойынша ғана кемшіліктер анықталған. Тиісінше, тексерулердің 74%-ы (немесе 49) нәтижесіз, бұл тәуекелге бағдарланған тәсілді пайдаланудың тиімсіздігін көрсетеді», – деп түйіндеді Жеңіс Қазиев.Жүргізілген талдаулар нәтижесінде анықталған барлық жүйелі мәселелер кейіннен егжей-тегжейлі зерделенбек. Ал кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатын болады. Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов бизнеске заңсыз араласудың барлық жағдайлары бойынша, әдетте, орындаушылар мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер ғана жауапкершілікке тартылатынына ерекше назар аударды. Сондықтан мұндай тәжірибені өзгерту қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, кемшілікке жол берген басшылар жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Солтүстік Қазақстан облысы