Мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы саясатты жетілдіру. Осылайша, олардың қоғамға толыққанды сіңісіп, басқалармен тең өмір сүруі, жұмыс істеуі және оқуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталуы керек. Өйткені ерекше қажеттіліктегі адамдарға қамқорлық көрсету – қоғам алдындағы парыз.
Елімізде қазір осындай топтағы 705 мың адам тұрады. Оның 421,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста, 181,9 мыңы зейнеткер және 101,6 мыңы балалар. Оның ішінде бас қалада 26 730 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың дені ересектер. Мемлекеттің қолдауы мен қоғам өкілдерінің қамқорлығына мұқтаж осынша жанға кедергісіз орта қалыптастырылып, оңалту жұмыстарына да ден қойылып келе жатқаны қуантады.
Портал қызметін қолдану жеңілдеді
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін және олардың тiршiлiк-тынысы, қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайтын заң да, бағдарламалар да баршылық. Сол арқылы оларға әлеуметтік жәрдемақыдан бастап оңалту жұмыстарына дейінгі қажетті қызмет нормативтік құқықтық актілермен реттелген. Мысалы, әлеуметтік оңалтуда техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз ету мақсатында мүмкіндігі шектеулі адамдар жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтылады. Сондай-ақ оңалтудың техникалық көмекші құралдары да қарастырылған. Айталық, есту қабілеті бұзылған адамдарға веб-камерасы бар ноутбук, сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағдарламасымен қамтамасыз етілген ноутбук, көру қабілеті бұзылған адамдарға дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефондар секілді 55 түрлі заманауи сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдар да беріледі. Биылдың өзінде қызмет көрсетудің бұл түрі ашық әрі оңайландырылған. Мәселен, жыл басынан бері елордада портал арқылы 20 010 тапсырыс берілген екен. Одан бөлек, 18 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді, онда мамандар оқыту жүргізеді және порталды қолдану бойынша түсіндіру жұмысы жасалады. Себебі портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік жасайды. Яғни, көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Ал тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарды қолданушыға жеткізу қызметі бар. Өз бетінше алып кетуіне де болатын мүмкіндік қарастырылады. Қазір бұл порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін медициналық-әлеуметтік мекеме, ОТҚ жеткізуші, жеке көмекшілер, ымдау тілінің қызметі, санаторлық-курорттық емдеу, кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген. Қызметті алушылар көмек керек болғанда 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып кез келген кеңес алуына болады. Мысалы, сондай елордадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға техникалық оңалту құралдарын ұсыну және әлеуметтік қызметтер көрсету мерзімдерін 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін онлайн-дүкеннің артықшылығы көп. Қазір ерекше қажеттілігі бар жандар өзіне керекті қызметтерді электронды цифрлық қолтаңба арқылы үйден шықпай-ақ портал арқылы ала алады. Ал тауарларды жеткізушілер осы порталда тіркеліп, барлық тиісті сертификаттар мен құжаттарды ұсынса болды.
Былтыр жұмысын бастаған Астанадағы «Ерекше балалар» оңалту орталығында да ерекше қажеттіліктері бар 157 бала бар. Орталықтың қызметі тегін. Мүгедектігі бар балалардың аналарының қолдауымен құрылған оңалту мекемесінде сал ауруы мен аутизмге, Даун синдромына шалдыққан балалардан құралған он топ жұмыс істейді. Қазір бұл жерде балаларға дефектолог, логопед, музыкалық терапевт, массажист, нұсқаушы мамандар көмек көрсетеді.
Оңалту орталығының желісі кеңейеді
Қалалық әкімдік әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау секілді арнаулы әлеуметтік қызметке де көп көңіл бөлуде. Айталық, ол қажеттілікке байланысты әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық секілді 8 бағытты қамтиды. Стационарлық ұйымдардың тиімділігі сол, соңғы жылдары отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жұмыс өз жемісін беріп келеді. Нәтижесінде, бұрын республика бойынша стационарлық мекемелерде болған 800-ден астам бала өз отбасыларына қайтарылды.
Ендігі жерде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту міндетіне сәйкес, алда оңалту орталықтарының желісін кеңейту міндеті тұр. Бұл орайда да елорда әкімдігі ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуге әзір. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін паспорттау және бейімдеу жолымен кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша белсенді шаралар қабылданып, білім беруде жеңілдіктер ұсынылады. Мәселен, қоғамның әлжуаз тобына кіретін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Одан бөлек, ерекше қажеттілігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындау да жолға қойылған. Бүгінде бас қаладағы осы санатқа жататындарға жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты есептеледі.
Қоғамдық көлік қолайлы болу керек
Астана қаласы әкімдігі қаладағы ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бірнеше қызмет көрсету түрін қолға алып отыр. Оның ішінде, «Инватакси» қызметімен тегін жол жүру, қатты отын сатып алу, коммуналдық қызметтер үшін өтемақы, газдандыру, ТЖҚ-дағы әлеуметтік көмек, протездік-ортопедиялық көмек, кресло-арбалар, тифло-сурдо-құралдар,міндетті гигиеналық құралдар, тіс протездеу, сауықтыру-курорттық емдеу, жеке көмекші және жестау тілі маманының қызметтері ұсынылады. Ал әлеуметтік көмек түрінде мерекелік және айтулы күндерге біржолғы ақшалай төлемдер беріледі. Бұдан бөлек, әкімдік тарапынан мүгедек баланы тәрбиелеушілерге ай сайынғы жәрдемақы да қарастырылған. Айталық, қазір 1 топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша ай сайынғы жәрдемақы 52 344 теңгені құрайды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалада екі заманауи спорт кешені жұмыс істейді. Паралимпиадалық жаттығу орталығы оларға толықтай бейімделген. Онда спорт, жекпе-жек және көпфункционалды ойын залы бар. Олар парапауэрлифтинг, парадзюдо, паратаэквондо, үстел теннисі, ұлттық спорт түрлері, отыру волейболы, голбол, бочча, арба билері сияқты спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл жерге бүгінде айына 3000-3600 адам келеді екен. Сондай-ақ елордада «Инватакси» қызметінің 75 автокөлігі жұмыс істейді. Олардың қызметін қаладағы 1894 мүмкіндігі шектеулі жан пайдаланады. Оның 810-ы балалар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін санаторий-курорттық емдеуге жұмсалған шығындарды да мемлекет өтейді. Қалалық жолаушылар көлігінде тегін жол жүру де қарастырылған.
Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша жол картасын орындау – алдыңғы кезекте атқарылу міндеттелген. Оған сәйкес, қаладағы ғимараттар мен құрылыстардың қолжетімділігі, ақпараттық қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен тротуарлардың болуы, жұмысқа орналастыру, оңалту қызметтерінің сапасын арттыру да маңызды.
Мәселен, былтыр Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл ауданы әкімдерінің аппараттарымен объектілерді паспорттауды жүргізу бойынша жұмыс топтары құрылды. Сөйтіп, паспорттауға және бейімделуге жататын объектілердің тізімдері қалыптастырылды. Ол бойынша 259 нысанды бейімдеу бойынша жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, шағын және орта бизнес, мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, Қазпошта филиалдары, әуежай, вокзал секілді қоғамдық орындар кіргізілді. Шағын жолаушыларға арналған пандустармен 839 автобус жабдықталған. Бұл дегеніңіз, қаладағы қоғамдық көліктердің жалпы санының 75,6%-ы. Пандустармен жабдықталған 839 автобустың ішінде 628-і IVECO маркалы және 211 жиналмалы МАЗ және ЛиАЗ маркалы автобустар. Қазіргі кезде жаңа автобустарды сатып алу кезінде пандустың болуы маңызды болып отыр.
Бұдан басқа, Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мамандары тұрақты негізде қаланың көше-жол желісіне ақаулар бар-жоғына тексеріс жүргізуді тұрақты дәстүрге айналдырды. «109» қызметіне және әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін өтініштер дер кезінде қаралып, аудан әкімдіктерінің тиісті нұсқама беріледі.
Жалпы алғанда, бас қаладағы мемлекеттің мейіріміне мұқтаж жандарды қолдау мен қоғамда бейімдеу жұмысында атқарылып жатқан оң істер көп. Әлеуметтік қызмет қана емес, әкімдік тарапынан «әлемді мейірім құтқарады» демекші, әр күн сайын ерекше қажеттіліктегі адамдардың көңіл-күйін көтеріп, өмірден күдерін үзбеуге айрықша назар аударылады. Мәселен, жақында ғана елордадағы «Тарлан» мұз алаңында айрықша физикалық қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мұздағы көңілді старттар» отбасылық мерекесі ұйымдастырылды. Бұл шара соңғы жылдары дәстүрлі түрде өтеді. Шара мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, отбасы мен қоғамда баланың тұлғалық дамуына жәрдемдесу, балалар үшін мазмұнды шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға арналған. Сондай-ақ Астана қаласы Мәдениет басқармасы және Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен «Біз әртүрліміз, бірақ бәрімен теңбіз» ұранымен «Инклюзия ханымы – 2022» әлеуметтік жобасы да рухы мықты қыздарды ортаға бейімдеуге арналды. Сұлулық сайысы мүмкіндік шектелсе де өмірге құштарлық өшпейтінін дәлелдей алды. Ерекше жандардың ерік-жігері төрт құбыласы түгел жандардан да мықты болатынын көрсететін мұндай шара елорда төрінде үнемі ұйымдастырылады. Себебі өмірдің сынағына қайыспас қайсарлық танытқан жандарды материалдық қолдаумен бірге рухани демеу де ерекше маңызды.