«Жастар» аллеясына жаны ашитын жан бар ма?
«Жастар» аллеясына жаны ашитын жан бар ма?
728
оқылды
Бүгінде көне Тараздың ажарын ашу бағытында аз жұмыстар жаса­лып жатқан жоқ. Әсіресе, кейінгі жылдары саябақтар жаңаша жаңғырып, қараусыз қал­ған кейбір аумақтар сәні ке­ліс­кен аллеяларға айналуда. Сон­дай демалыс орындарының бірі – «Жастар» аллеясы Жастар жылына орай ашылған болатын. Бастапқыда көптің көзайымына айналған саябақтың бүгінде сұрқы қашып, бүтінінен бүлінген жері көп болып тұр. Аумағы 5,59 гектарды құрайтын «Жастар» аллеясы бұрынғы «Атшабер» скверінің орнына салынған. Жаңғырту аясында аллеяның М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кіреберіс жеріне амфитеатр қойылып, 4 субұрқақ іске қосылған. Сондай-ақ «Жастар қабілет орталығы» ашылып, жастардың жиі бас қосатын орнына айналады деп күтілген. Аллеяның белортасына рухани әлемге жетелейтін «Кітап» сәулеттік ком­позициясы құрылса, махаббаттың мәңгілік символы, тараздың қосылмай кеткен қос ғашығы Болат пен Айнұрдың құрметіне ескерткіш те бой көтерді. Бұдан бөлек, LED экран орнатылып, түрлі шаралар сол арқылы сүйемелденген болатын. Ал «Сағат» стелласы «Жастар» аллеясының көркіне көрік қосып тұрған-ды. Субұрқақтар декоративті тастардан құралған ою-өрнектермен безендіріліп, саябақ жағалауына гүлдер мен шырша талының көшеттері отырғызылған. Жа­сыл желекті жайқалтып тұру үшін авто­матты суғару құрылғылары жүргізіліп, заманауи жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолағы жүргізілген. Адам тынығатын орындықтар болса, ұялы теле­фонды қуаттағыш қондырғылармен жабдықталған. Міне, осындай керемет аллеяның бүгінде бүтінінен бүлінген жері көп. «Сағат» стелласына келсек, оның тілінің соқпай қалғанына екі жыл­дан асты. Бір түнде ғайыптан жоғалып кеткен сағатты жергілікті билік сол бойы орнына қайта орнатпады. Жоғалған тұста тұрғындар шарқ ұрып іздегендіктен, шенділер сағаттың желден құлап қалға­нын, жақын уақытта қайта тұғырынан табылатындығына уәде еткен. Алайда арада екі жарым жылдан аса уақыт өтсе де сағат сол бойы орнына қойылмады. Бәлкім, бүгінгі күнге дейін қолды да болып кеткен шығар. Ал қыруар қаржыға тұрғызылған «Жас­тар қабілет орталығының» ашыл­ғаннан жабылған күні көп. Бастапқыда нысан Жастар саясаты мәселелері бас­қармасының қарауына беріліп, түрлі шаралар сол жерде ұйымдастырылған еді. Алайда кейіннен ғимаратты жеке кәсіпкер сатып алып, бүгінде оны іске жаратпай тастады. Бір уақытта студенттік асхана ретінде ашылған болса, бірақ бағасы қолжетімді болмағандықтан есігіне қайта қара құлып салынды. Міне, осылайша жастардың игілігіне жарайды деген орталық бүгінде қаңырап бос тұр. жастар аллеясы LED экранның істен шыққанына да жылдан асты. Қараусыз қалғандықтан эк­ран орнатылған кешеннің қабырға­лары құлап, арты апандай үңірейіп тұр. Ай­наласына жарық береді деген шамдар­дың толықтай жарығы сөнген. Орнына қарасаң, бейне біреу қымбат жарық шамдарын қолша шығарып алғандай. Тұрғындар бір мезгіл тынығып отырады деген орындықтарға орнатылған телефон қуаттағыш қондырғылар да қирап біт­кен. Ол аздай ішін қоқысқа толтырып, айналасына темекі қалдықтарын шашып кеткен. «Жастар» аллеясындағы жағдайды жастар көзімен көру үшін оларды тілге тарттық.
– Оқушы кезімде ауылдан қалаға жол түскенде осы жерге міндетті түрде соғатынмын. Бір жолы қазақ эстрада жұлдыздарының концертін аллеядағы сахнадан көргенім әлі есімде. Болашақта бүгінгі өзім оқып жатқан білім ордасына оқуға түссем, саябақта достарыммен серуендеп жүрсем деп армандайтынмын. Тараз өңірлік университетіне оқуға түскеніммен бір кездері сүйсінген саябақтың бүгінге сұрқы қашып барады. Амфитеатрдың шатыры ұшып, үңірейіп тұр. Ал LED экран соңғы рет қашан жұмыс жасады есімде жоқ. Бүлінген, сынған брусчаткалар күннен-күнге көбейіп барады. Мұнда келетіндердің көбі өзім сияқты жастар. Замандастарым­ды тәртіп пен тазалықты сақтауға барынша шақырып жатырмын. Алайда жауапты мамандар бүлінген жерді бүтін­демесе, «Жастар» аллеясына көпшілік қараусыз қалған орындай қарауда, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңір­лік унвериситетінің 2-курс студенті Сұң­қар Тілепперген.
Қала тұрғыны Тұрдыбек Бекеннің де пікірі осыған саяды.
– Үйім жақын маңда орналасқан­дықтан саябаққа жиі келемін. Бұрын бәрі таза, жақсы еді. Қазір көп дүние қирап жатқаны жасырын емес. Әсіресе, аллея аумағына жастар көлікпен келіп, шеңбер жасап айдайтынын көріп шоши­мын. Бұған «қой» деп жатқан бір адам жоқ. Ертең сол көлікті тізгіндеген жастар біреуді басып кетсе қайтеміз? Саябақтағы қираған дүниелерді қайта қалпына кел­тіруге көп қаражат қажет емес. Ал жүген­сіз кеткен көлік жүргізушілерін полиция қызметкерлері тәртіпке шақырса, алғы­сымыз шексіз болар еді. Аллея аумағында учаскелік полицейдің пункті де бар. Алайда онда сала қызметкерлері отыр­майды. Содан барып бұзақылар білгенін істеуде. Осыған жергілікті билік жақын арада көңіл аударады деген үміттемін, – дейді Тұрдыбек.
Көптің көкейіндегі мәселені көтеріп, саябақтағы келеңсіздіктер қашан қалпы­на келтірілетінін білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-комму­нал­дық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырыл­дық. Алайда ақпаратты әзірлеп береміз деген мекеме жауаптан жал­тарып, саябақтағы жәдігерлер секілді өздері де жоғалып кетті. аллея Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда бұл Тараз қаласындағы жалғыз жағдай емес. «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерген «Денсаулық» саябағындағы дәрігер ескерткішін де тентектер екі мәрте қиратып кеткен болатын. Сондай-ақ малшылардың «маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың құрметіне ашылған сквердегі төрт түлік мүсіндерін де бұзақылар бүлдірген. Негізі, Жамбылда нысанды салу бар да, алайда оны теңгеріміне алуда жауап­ты­лар ат тонын ала қашады. «Сен салар да, мен саларға» салғаннан кейін соңы жоғарыда айтқандай, келеңсіздік­термен аяқталып жатады. Сондықтан бұл мәсе­леге шенділер жіті көңіл бөліп, жауапкер­шіліктен қашпаса игі. Әйтпесе, бірер жылда саябақтардың сұрқы қашып, сау дүниенің бәрі қирап бітетін түрі бар.

Жамбыл облысы