Ришат Галиахметов – ауылдан шыққан әлем чемпионы. Күні кеше ғана Үндістан елінің Нью-Дели қаласында кір көтеру спортынан өткен әлем чемпионатында Ришат Галиахметов 48 келі кір тасын 10 минутта 60 рет көтеріп, топ жарды. Әлемнің «мен» деген спортшыларын басып озған қара күш иесі Ришат Галиахметов – қарапайым ауылдың тұрғыны.
Өзгелер шетелдерде жаттығып барып, халықаралық жарыстарға қатысатын болса, Ришат ауылдағы сарайында, мектептің қуыс бөлмесінде дайындалып жүріп, әлемді мойындатып отыр.
Әлемнің 13 елінен 234 атлет қатысып жатқан додада 105 + келі салмақта бақ сынаған Ришатпен WhatsApp желісі арқылы байланысқа түсіп, құттықтап, аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.
«Кір тасын көтерумен айналысып жүргеніме он алты жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде біраз жетістікке жеттім. Бастапқыда аудан, облыс деңгейіндегі спартакиадаларға қатысып жүрдім. Кейін республикалық жарыстарда чемпион атандым. Үндістанда өткен әлем біріншілігіне Азия чемпионатына қатысып, жолдама алдым. Сәуір айында Көкшетаудағы Шучинск қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль иелендім. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Корея, Үндістан сияқты бірқатар елдің атлеттері қатысқан бәсеке өте тартысты өтті.Үндістандағы жарыс әлемдік деңгейде қатысып отырған екінші бәсекем», – дейді әлем чемпионы Ришат Галиахметов.Қазақстанның ұлттық құрама командасына ену және осы сапта өнер көрсету – ауылда жүрген спортшы үшін үлкен мәртебе. Біз Ришаттан осы жетістікке жету жолын сұраған болатынбыз. Бәрі біз ойлағаннан да қарапайым болып шықты.
«Әдетте әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін, спортшылар, әсіресе Ұлттық құрама команданың спортшылары шетелдерде жаттығып жатады ғой. Мен ауылда жаттығамын. Жаттығуларым үйде, сарайда өтеді. Мен тұратын Абай ауылында спорт залы жоқ. Соған қарамастан барынша жағдайды өзіміз жасап аламыз. Көтеретін темір құрал-жабдықтар жоқ. Жоқтан бар жасап, біреуін сатып алып, біреуін сұрап алып, жаттығып жүрген жайымыз бар. Және мен жалғыз емеспін. Тәрбиелеп жүрген шәкірттерім бар. Өзім спорт саласында жүргендіктен, жасырғым келмейді. Ауыл спортшыларына жаттығу жасау қиын. Сондықтан ауылымызға спорт кешені салынса деген тілегім бар», – дейді кір тасын көтеруден әлем чемпионы атанған Ришат Галиахметов.
«Мен жастарға сенемін. Арамызда көзі ашық, көкірегі ояу, мақсаты айқын, саналы жастар көп. Менің мақсатым – жалындап тұрған қайсар шәкірттерімнің арасынан әлем чемпиондарын шығару. Бірақ шәкірт дайындайтын лайықты орынның болмауы жанға батады. Қазір біз мектептің бір қуысында дайындалып жүрміз. Үзбей қолданып келгенде темір де сынады екен. Кір, штангы, тренажерлық жабдықтарымыз жоқ. Жамап-жасқап жинаған құралдарымыз сынып жатыр. 8, 12, 24 келілік кір тастары болса, жаттығу жасаған сайын өзіме де, шәкірттеріме де мотивация болар еді. Ауылға шағын да болса спорт кешені керек», – деді бізбен сұхбатында чемпион.Спортқа деген махаббаты, ерік-жігері, ешнәрсеге қарамастан алға деген ұмтылысының арқасында үлкен нәтижеге жеткен әлем чемпионы Ришат Галиахметов – көпбалалы отбасынан шыққан спортшы. Мектепте білім беру, спортта шәкірт тәрбиелеумен бірге мал ұстап, шағын шаруашылықты игеріп отыр. Шалғай ауылда қарапайым ғана тіршілік кешіп жатқан Ришат Үндістан жерінде қазақтың көк Туын желбіреткенін мақтан тұтады.
«Еліңнің Туы көтеріліп, Әнұраны асқақтап жатқан кезде сөзбен жеткізе алмайтын ерекше эмоция болады екен. Шәкірттерімнің де осындай ерекше сәтті бастан өткергенін қалаймын. Адам алға ұмтылса, бәрін де жеңеді екен. Осыған көзім жетті», – деді бізбен әңгімесінде әлем чемпионы Ришат Галиахметов.
Атырау облысы