Түркияның Бұрса қаласында «Қорқыт Ата» түркі әлемінің фестивалі шеңберіндегі Түркі әлемі кино саммиті басталды. Шараны Түркия Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырып отыр. Саммиттің басты мақсаты – түркітілдес мемлекеттер арасындағы тарихи, рухани байланыстарды нығайту. Сонымен қатар кино саласындағы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ортақ жобалар жасау, кәсіби бірлікті арттыру. Шараға түркі мемлекеттерінің мәдениет министрліктерінің өкілдері қатысуда.
Аталған шара аясында Түркі әлемі фильм фестивалі де өтіп жатыр. Фестиваль шеңберінде Қазақстан киносының күндері өтуде.
Шараға еліміз атынан Қазақстанның Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанна Қуанышева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақан Сатаев, Азамат Сатыбалды, Жайдарбек Күнғожинов, Сатыбалды Текеев, продюсерлер Анара Қашағанова, Айгүл Байбек, Алмагүл Тілеуханова, Айгүл Черендинова, режиссер Бекарыс Елубай сынды отандық кино майталмандары қатысуда.
2022 жылдың 1 қарашасында басталған Түркі әлемі фильм фестивалі 6 қарашаға дейін жалғасады. Шетелдік көрермендер назарына «Дос-Мұқасан» көркем фильмі, «Мұқағали» өмірбаяндық драмасы, «Ұлы Дала Таңы» және «Ақ боз үй» тарихи таспалары, «Еуразия билеушілері» деректі фильмі, «Мұзбалақ» анимациялық картинасы және Қазақстан мен Татарстан бірлесіп шығарған «Тарлан» картинасы ұсынылған.