Абай облысының полицейлері жедел-профилактикалық шара барысында адам еңбегін қанау фактісін анықтады. Мүгедектігі бар жас жігіт 12 жыл бойы құлдықта болып келген.
Уақиғаның мән-жайы былай болған: Жарма ауданы Шар қаласы ПБ полиция қызметкеріне соған бекітілген аумақтағы әлдебір шаруа қожалығының басшысы қоңырау шалып, жаңа жұмысшы жалдағанын хабарлаған. Шаруа қожалығына келген полицей жұмысқа жаңадан кіріскен жалдамалы кісінің құжатсыз екенін білген, ол азамат сондай-ақ тәртіп сақшысына өзінің сауалнамалық деректерін де айта алмаған. Бір шикіліктің барын сезген полиция қызметкері шаруашылық иесі жәбірленушінің қасынан кеткен кезде оның тегін біліп алған. Одан әрі полицей жәбірленушінің әпкесін тапқан. Белгілі болғандай, ол бауырымен 2010 жылдан бері байланыспаған екен.
Тергеу барысында 2010 жылғы қараша айынан бастап 26 жастағы ер адамның 11 шаруа қожалығында құлдықта болғаны анықталды.
Бұған дейін бірнеше рет сотталған 54 жастағы Семей тұрғыны 26 жастағы тарбағатайлық азаматпен Тұғыл ауылына балық аулауға барғанда танысқан. Тепсе темір үзетін қайратты жас жігіттің психикалық ауытқуы барын байқап, оны шаруашылықта жұмыс күші ретінде пайдалануды ойлаған. Жәбірленушіні 12 жылдан астам уақыт бойы Семей қаласы, Абай, Ұлан және Жарма аудандарындағы шаруа қожалықтарында жұмыс істеу үшін сатқан. 54 жастағы азамат шаруа қожалық иелеріне өзін әлгі жігіттің туысымын деп таныстырған. Олардан алдын ала жалақысын алып, қалтасына басып отырған. Жәбірленушінің еңбегіне жылдар бойы берілген ақы 2 млн теңгені құраған. Сонымен қатар қаскөй мүгедектің ай сайынғы зейнетақы жинағы мен әлеуметтік төлемдерін жымқырып отырған. Залалдың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асады.
– Қазір жәбірленуші туыстарына табысталды, ал күдіктіні Жарма аудандық соты Қылмыстық кодекстің 128-бабының 2-бөлігі 2, 8, 11, 12-бөлімдері және 190-бабы 1-тармағының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оған қауіпсіздігі орташада колонияда 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.