Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында құсбегіліктен І Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Аталмыш іс-шара Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен өтіп жатқан бұл біріншілікке отандық құсбегілермен қатар олардың шетелдік әріптестері де қатысуда.
Әлем чемпионатының ашылуына Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов қатысып, жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Қазақстан ұлттық спорт түрлері федерациясының басшылығына ризашылығын білдірді.
Сайыста бақ сынауға еліміздің әр өңірінің, айтап айтсақ, Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Алматы, Жетісу, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының бүркітшілері жиналған. Одан бөлек, Қырғыз Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Украина, Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттерінің құсбегілері де бар.
«Чемпионаттың мақсаты – қазақ халқының ұлттық спорт түрі – тазы жүгіртіп, қыран құс салу өнерін насихаттау, оны халықаралық деңгейде таныту», – дейді ұйымдастырушылар.
Дода өтетін жерде ұлттық нақышта безендірілген 10 қазақ үй тігіліп, көліктерге арналған автотұрақ белгіленді.
Әлемдік шара үш күнге созылып, 6 қараша күні мәресіне жетеді.