Қоғамдық көлік көңіл көншітпейді
Қоғамдық көлік көңіл көншітпейді
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,022
оқылды
Петропавл қаласында тасымалдаушылар мен билік өкілдері бір келісімге келе алмай жүр. Жолаушы тасымалдау қызметін көрсететін кәсіпкерлер қалалық әкімдік уәде еткен субсидиясына жарытпай отыр, мәжбүрлеп алдырған көліктер істен шығып жатыр, жөндеуге қаржы қарастырылмаған деп шағымдануда. Ал әкімдік өкілдері мұның бәрін жоққа шығарып бағуда. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені түсініксіз. Былтыр Петропавл қаласында жолаушы тасымалдау үшін 100 «Ютонг» автобусы сатылып алын­ған еді. Олардың әрқай­сы­сын 40 миллион теңгеге үш кә­сіпкер ли­зингке ресімдеді. Оның шарты бойынша, олар енді жеті жыл бойы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясына қа­­рызын төлеуі тиіс. Субсидия уа­қытында төленбегендіктен, та­сымалдау­шылар ең алғашқы тө­лемін ке­шеуілдеткен кезде олар­дың есеп-шоттары тұтқындалып, өсімпұл есептелген болатын. Кейін мә­селеге облыстық әкімдік араласып, дауды шешудің сәті түсіп еді.
«Жуырда бізге жаңа келі­сім­шарт ұсынды. Онда бюджетте қа­ражат болмаған жағдайда суб­сидия төленбейді деп ашық жа­зыл­ған. Біз мұнымен, әрине, ке­ліс­пейміз. Жергілікті атқарушы ор­гандар өз мойындарынан жа­уап­кершілікті мүлдем алып таста­мақшы. Қазір түгел болмаса да, аз-мұз тиын-тебен түсіп тұрады. Ал келісімшартқа қол қойсақ, одан да қағыламыз. Лизингті өз күшімізбен төлеуге шамамыз кел­мейді. Субсидияның 90 пайызын соған шығындаймыз», – дейді «ПетроАвтобус» және «Партнер-Авто» ЖШС директоры Болат Рақымов.
Тасымалдаушылар субсидия мәселесін әртүрлі деңгейде әлсін-әлсін көтеріп жүр. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілге де базынасын жеткізген болатын. Содан кейін сең қозғалғандай болып, қаржы төлене бастады. ҚОСЫМША ҚАРЖЫ ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН Ал енді сұрап отырғандары – қосымша субсидия. Әкімдікте­гілер осылай түсіндіріп отыр. Сол­түстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқар­ма­сын­дағылардың айтуынша, тасы­мал­даушылар жоспарланғаннан бө­лек, қосымша субсидия сұрап отыр, ал бюджетте оған қаржы қарастырылмаған.
«Жолаушылар тарапынан шағым көбейгендіктен, кейбір жайттарды тексере бастаған кезде, тасымалдаушылар бұған жауап ретінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шу көтере бастады. Біз олардың шығындарын алдын ала есептедік. Соған сәйкес бөлінген бір жарым миллиард теңгеден астам қаржы оларға жыл соңына дейін артығымен жетеді. Жоспар бойынша 2 миллиард теңгедей қаржы қарастырылған. Бірақ олар мұны қабылдағысы келмейді, әрі тұрғындарды дүрліктіре береді. Халық бұл саланың ұңғыл-шұң­ғылын біле бермейтіндіктен, та­сымалдаушыларды қорғауға да­йын тұрады», – дейді басқарма­сы­ның бөлім басшысы Қанат Барқытов.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибул­лин­нің мәліметінше, облыстық бюд­жеттен бір миллиард 450 миллион теңге бөлініп, бір миллиард 314 миллион теңгесі төленді. Одан соң бюджеттен қосымша тағы 500 миллион теңге бөлінді. Сонымен, жылдың соңына дейінгі соманың бас-аяғы – бір миллиард 900 миллион теңге.
«Тасымалдаушылар қосымша қаржы сұрап отыр. Олардың өті­ніші тарифтік комиссияда қа­ралды. Комиссия олардан суб­сидияға қажеттілікті дәлелдейтін құжаттар пакетін сұратты. Құ­жат­тар ұсынылған соң мәселе қа­ра­лып, шешім шығарылады. Әзірге растайтын құжаттар жоқ», – деді Асқар Хабибулин.
Атап айтқанда, кәсіпкерлерден әр жүргізушіге қанша жалақы төлеп отырғаны сұралған. автобус Билік басындағылардың па­йымдауынша, электронды би­леттеу жүйесі енгізілгелі тасы­малдаушылар жиі шағымданатын болған. Бұған олардың бұрын көлеңкелі табыспен күн көріп келгені себеп болуы мүмкін. Ол кезде табысы қазіргісінен бірнеше есе көп болған. Қазір барлық кі­рісі алақандағыдай. Сондықтан бюджеттен барынша көп субсидия алғысы келеді.
«Қазір олардың салығы кө­бейді. Бұрын олар осынша кө­лемде салық та төлемейтін. Қол­ма-қол есеп айырысқан кезде жасырын табыстары мол молды. Енді заңды қызметке кірісті. Кі­рістері азайды. Бұл, әрине, олар­дың көңілінен шығып отырған жоқ. Жуырда қалалық бөлім олар­дан әр жүргізушіге қанша ең­бекақы төлеп отырғаны, қан­ша зейнетақы төлемдерін ауда­­ратыны туралы анықтама сұ­ратып еді. Бұған тасымалдау­шы­лардың бар­лығы қарсылық біл­діріп, штат­тық кесте мен басқа да құ­жаттар жет­кілікті деп өре тү­регелді. Еңбек­ақы шығын­дарын дәлелдегісі кел­мейді. Ал аудит жүргізетін бол­­сақ, Президентке дейін же­те­тін түрі бар», – дейді әкімдік­тегілер.
Олардың түсіндіруінше, бү­гінде тіпті тасымалдаушылардың бұрынғы және қазіргі салығын салыстыру да мүмкін емес. Себебі көбі басқа заңды тұлға ретінде тір­келіп алған. Сондай-ақ бұрын бір бағытта қанша автобус жұмыс істейтінін тексеруге мүмкіндік бе­ретін қосымша болған екен, қазір ол да жоқ. Ресми мәлімет бо­йынша, бүгінде әлеуметтік ма­ңызы бар 19 бағыт бойынша 8 кә­сіпорынның 185 автобусы қыз­мет көрсетіп жүр. Жалпы, барлық бағыт бойынша 200 шақты авто­бус бар. Бірақ жолаушылар аял­да­мада 30-40 минуттап тұра­тын­да­рын айтып шағымдануда. Әсі­ресе, таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытында автобустар лық толы. Тасымалдаушылар тіпті авто­бустарды тоқтатуға дейін баруға дайын. Немесе көліктердің санын барынша азайтып, қарбалас са­ғаттарда ғана жолаушы тасымал­дауға көшпекші. ЖӨНДЕУ КІМНІҢ МОЙНЫНДА? Себебі олардың айтуынша, былтыр лизингке сатылып алын­ған автобустардың сапасы сын көтермейтін болып шыққан. Олар бірінен соң бірі істен шығып жат­қан көрінеді. Қытайда жасалған көлікке қосалқы бөлшек тауып алу да қиынның қиыны, себебі саудада жоқ.
Осының бәрі тасымалдау­шы­ларды шығынға батырып отыр. «Субсидия уақытында төленбеуде. Ақшамыз несие төлеу түгіл, күн­делікті шығынымызды жабуға да жетпейді. Автобустарымыз бірі­нен соң бірі сынады. Оларға ар­налған қосалқы бөлшектер қым­бат екені өз алдына әрі оларды іздеп табу да мүмкін емес. Бізге Қазақстанда осындай автобус­тарға арналған сервистік қызмет ашамыз деп уәде беріп еді. Онда қосалқы бөлшектер де, шебер­ха­налар да болуы тиіс-тін. Бірақ әлі күнге дейін түк жоқ. Автобустарды сатып алған кездегі кепілдікке келсек, негізгі агрегаттарға беріл­ген кепілдік мерзімі аяқталды. Бізге небәрі 1 жылға немесе 50 мың шақырымға ғана кепілдік берілген болатын. Бұл бағыттық автобустар үшін тым аз», – дейді «ПетроАвтобус» және «Партнер-Авто» ЖШС директоры Болат Рақымов.
Оның түсіндіруінше, бір жыл­ға толар-толмас уақытта авто­бус­тар жүздеген шақырым жол жүр­ген. Бүгінде қозғалтқыш сияқты тек ең ірі қосалқы бөлшектерге ғана кепілдік бар. Қалған бөл­шектерді өздері сатып алуға тиіс. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, көліктің біреуі сынса, басқасы да көп кешікпей істен шығады. Та­сымалдаушылардың сөзіне сенсек, кепілдік бойынша тек рес­сор­ларды ғана жөндей алыпты. Оның өзі автобусты сатып алған соң бірден істен шыққан. Жүр­гізушілер жарты жыл қиналған соң ғана жуырда өндіруші оларға жетілдірілген жаңасын ұсыныпты. Қосалқы бөлшектерді сатып алу үшін жүргізушілер басқа өңір­лердегі әріптестерімен хабар­ла­сып, қат тауарды шам алып іздеуге мәжбүр екенін айтады.
Солтүстік Қазақстан облыс­тық Жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары басқарма­сын­дағылар мұны жоққа шығарып отыр. Билік өкілдерінің айтуын­ша, олардың жөндеу жұмыстарына жұмсаған шығындары он пайыз көлемінде субсидияланады. «Өз қаржысы есебінен жөндейміз де­гендері дұрыс емес. Барлығы суб­сдияланады. Бұл – бір. Екіншіден, кепілдік мерзімі аяқталмаған барлық қосалқы бөлшектер тегін беріледі. Яғни, өндіруші-зауыт өзі тегін алмастырып береді», – деп түсіндірді Қанат Барқытов.
Кімнің сөзі – рас, кімдікі – өтірік екеніне баға беретін біз емес. Бәріне халық сыншы. Тұр­ғындардың басым көпшілігінің пікірінше, тасымалдаушылар мен шенеуніктер оттасып-соттаспай, дөңгелек үстел басында барлық мәселені бейбіт жолмен шешуге ты­рысуы тиіс. Сонда ғана қоғам­дық көлік саласында тәртіп орнамақ.

Солтүстік Қазақстан облысы