Үп еткен жел мен жауын-шашын болса, Зеренді ауданындағы ондаған ауылдың берекесі қоса кететініне бірталай уақыт болған. Боран соқса, жалп етіп өше қалатын жарықты айтып, жамыраған жұрт ащы жанайқайын бүгінде айтпаған жері қалмапты. Ауылдарда жарық күнара бірнеше тәулікке дейін сөніп қалуы қалыпты жағдайға айналған. Электр желілеріне қызмет көрсетілмегендіктен, бүгінде тоқсан пайызынан астамының тозығы жеткен. Бірақ жергілікті атқарушы органдардан бастап, еліміздің Жоғары Сотына дейін шағымданса да кезінде желілерді жекеге меншіктеп алған Досбол Жанғаловқа ешкімнің тісі батпай тұр... Жел соқса, 48 ауыл жарықсыз қалады «Зеренді Групп» деп аталған бұл компания басшылығы тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде Зеренді ауданындағы электр желілерін өз қолына меншіктеп алған. Жекеменшік болғандықтан электр желілеріне электр таратушы «Көкшетау Энерго» компаниясы да, меншік иесі «Зеренді групп» компаниясы да жылдар бойы жөндеу жұмыстарын жүргізбепті. Ал жарық өшсе, Зеренді ауданы әкімдігі төтенше жағдай жариялап қана амалдап, үзілген сымдарды жалғауға мәжбүр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, желілер жекеменшікте болғандықтан, жөндеу жүргізу басқалай мүмкін емес. Жергілікті атқарушы билік ондаған жылдан бері желілері үшін соттасып келеді. Бірақ 48 ауылда тұратын 20 мыңнан астам халық қамтамасыз етілетін электр жабдықтарының шешімін тауып, мемлекеттің меншігіне өткізу мүмкін болмай тұр. Түйінді мәселе күні бүгінге дейін ауылдағы қарапайым жұрттың онсыз да нашар ахуалын қиындатып, ушықтырып жіберген. Ауылдағы ағайын бұдан өзге де қордаланған мәселелерді алдымызға жайып салды. Жарықсыз, жолсыз, байланыссыз қаламыз...
«Жел соғып, жаңбыр жауса болды, «шықпа жаным, шықпалап» үрпиісіп қаламыз. Жарық бірден тәулікке, кейде одан да көп уақытқа өшіп қалады. Біздің ауылдарды басып өтетін желілер күні бүгінге дейін ағаш бағандарға орнатылған. Ал олардың түптері шіріп, кейбіреуі құлауға айналған. Өткен көктемде электр бағандарының бірі құлап, көпбалалы бүтін бір отбасы сауын сиырынан айырылған. Желілердің сымына дейін ескіріп, әбден тозған. Жауған қар мен жаңбырдан салбыраған сымдар біріне бірі тиіп сөніп қалады. Ауылға 0,4 және 10 вольттік жарық беріледі. Аудан әкімдігі апатты жағдайда жұмыс істейтін компанияларға қаржы беріп, олар тек үзілген жерлерді ғана жалғап кетеді. Ал тозған сым мен желілер күнара үзіледі десек те болады. Бұдан бөлек, Ақадыр, Ұялы, Ескенжал, Первомай тас жолында көлік жүріп болмайды. Ойлы-шұңқыр жолдардан әупірімдеп зорға жүреміз. Алғашқы қар жолды басып қалған. Жол жиегіндегі қалың шөп те шабылмаған. Салдарынан қыстыгүні ауылдан шыға алмай қалатын кездеріміз де аз болмайды. Ауылда интернет те жөнді ұстамайды. Осылай не жарықсыз, не жолсыз әрі еш байланыссыз қалған жайымыз бар», – дейді Ұялы ауылының ақсақалы Алдаберген Тәшенов.Ауыл жұртының ащы жанайқайын тудырған күрделі жайт жөнінде Зеренді ауданы әкімі Әсен Жақсылықовпен тілдестік. Аудан әкімі меншік иесі желілерді мемлекетке сатуға да, былай беруге де келіспегендіктен мәселені тек төтенше жағдай жариялап қана шешімін тауып отырғанын жеткізді.
«0,4 және 10 вольтты Зеренді ауданының оңтүстік бағытындағы 48 ауылда бүгінде 20 мыңға жуық халық тұрады. Электр желілерінің 90 пайызының әбден тозығы жеткен. Бірақ меншік иесі Жаңғаловтың «Зеренді Групп» компаниясы желілерге жөндеу тұрмақ, қызмет те көрсетпейді. Сол себепті электр желілерінде апат болса, төтенше жағдай жариялап қалпына келтіреміз. Желілерге бағалау өткізіліп меншік иесінен мемлекетке сатуын да сұрадық. Бірақ еш келіспейді. Меншік иесімен ондаған жылдардан бері соттасып та келеміз. Бірақ сотта да жеңілдік. Былтыр ғана апатты жөндеуге 38 миллион теңге жұмсалды. Осылайша, апатты жағдайлар 50 пайызға төмендеді. Өткен айдың 22-23 қазанында ауа райының нашарлауына байланысты 10 601 адам тұратын 21 ауыл электр қуатынсыз қалды. Аудан бойынша төтенше жағдай жарияланып, «Қуат Энерго Серіктес», «Алтай Энерго Строй» және «Көкшетау Энерго» компанияларының техикалары мен мамандарының көмегімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Күрделі жағдайдағы желілерді ауыстыру арқылы шешу жайы қарастырылып жатыр. Қазір Зеренді селосына жанама түрде жаңа электр желісін тартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді», – дейді Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов.Жанама электр желісі салынбақ Өткен аптада ауа райының күрт бұзылуы себепті жалғыз Зеренді ауданы емес тұтас облыс аумағында да ондаған ауыл мен елді мекен жарықсыз қалған. Мәселе жөнінде облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышевтың де пікірін білуді ұйғардық. Ведомство басшысы мұны форс-мажорлық жағдайға балап, қазіргі уақытта бәрі қалпына келтірілгенін жеткізді.
«Иә, 21-22 қазан күндері ауа райының күрт құбылып, қатты жел мен жаңбырдың арты қарға ұласып, облыс аумағында Бурабай, Сандықтау, Зеренді, Целиноград аудандарында ондаған елдімекен жарықсыз отырды. Бірақ бұл форс-мажорлы жағдай. Былтыр 6 наурызда да дәл осындай форс-мажор болған. Қазіргі уақытта бәрі қалпына келтірілді. Зеренді ауданына келсек, мұндағы электр желілері жекеменшік «Зеренді Групп» компаниясына тиесілі. Жалпы ұзындығы 800 шақырым электр желісі – жекеменшік иесінің қарауында. Бірақ олар желілерге қызмет көрсетпейді. Сондықтан қазір облыс бюджетінен Зерендіге жанама электр желісін орнатуға жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Оған бюджеттен 30 миллион теңге жұмсалды. Жобалық құжат сараптамаға жіберілді. Келер жылдың қаңтар-ақпанында сараптамадан шығуы тиіс. Мәселен, осылай шешуді қарастырып жатырмыз», – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.P.S. Сонымен, ондаған жылға созылған Зеренді ауылдарына қарасты ауылдардың жарық мәселесіне облыстық атқарушы органдары да, басқармалар да еш нәтиже шығара алар емес. Толғағы жеткен жайт Жоғары Сотқа дейін жетсе де жекеменшік компания еш елең етер емес. Облыстық әкімдік пен тиісті органдардың бар ойлап тапқаны – жаңадан жанама электр желісін орнату болыпты. Ал оның қанша жылдан кейін халықтың көзін ашып, самаладай жарыққа бөлейтіні бір Аллаға аян...
Ақмола облысы