Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылып, ғылыми конференция өтті
Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылып, ғылыми конференция өтті
1,137
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды. Қаламгердің 90 жылдық мерейтойы аясында жаңадан ашылған Шерхан Мұртаза аудиториясы болашақ журналистерді кәсіби шыңдайтын шеберханаға айналмақ.    width= Салтанатты шараға көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Шәмшидин Пәттеев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы және оқытушы ғалымдар мен студенттер қатысты. Аудиторияны ашқан ақын Нұрлан Оразалин жазушының әдеби және журналистика саласындағы зор үлесі мен жетістіктерін атап өтті. «Шерхан Мұртаза – XXI ғасырдың жарқын тұлғаларының бірі.  Ол бар ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиетті дамытуға арнап, болашақ ұрпаққа бай рухани мұра қалдырды. Өзінің адалдығы мен әділдігі үшін Шер-аға есімімен тарихта қалды. Бүгін мен Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның ашылғанына өте қуаныштымын, оның үлесі мен еңбегін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ол Қазақстан журналистерінің бірнеше буынын тәрбиеледі. Жаңа аудиторияда біздің болашақ журналистерімізді шабыттандыратын ерекше шығармашылық атмосфера бар. Студенттерге және университет ұжымына үлкен табыс пен өркендеу тілеймін», – деді Нұрлан Оразалин. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай құттықтау сөз сөйлеп, жаңа аудиторияға қолдан тоқылған ерекше кілемді сыйға тартты. Қазақ баспасөзінің патриархы атанған тұлғаның атындағы аудитория ашылуы «Жаңа Қазақстан және Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.    width=
Мерейтойлық жиынды құттықтау сөзбен ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев,  қаламгердің шығармашылығы мен еңбегін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, «Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра береді», – деп атап өткенін тілге тиек етті.
Одан кейін, профессор Қансейіт Әбдезұлы «Қазақ әдебиетіндегі Шерхан Мұртазаның прозасы мен драматургиясының тарихи маңызы» атты баяндама жасады. «Шерхан Мұртаза – өз бойында жазушының таланты мен мемлекет қайраткерінің қасиеттерін біріктіре білген тұлға. Ол Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Жұбан Молдағалиев сынды тұлғалар шоғыры қатарында ерекше орын алады, – деді Қансейіт Әбдезұлы.    width= Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрамындағы Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры Абдылжан Акматалиев ұзақ жылдар бойы жеке таныс және тығыз қарым-қатынаста болған Шерхан Мұртазаны ерекше толқыныспен еске алды. Ол «Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне керемет шеберлікпен аударып, қырғыз-қазақ қарым-қатынасын нығайту үшін мол еңбек еткен ұлы адам» деп атап өтті.    width= Конференция аясында Шерхан Мұртазаның шығармашылығы туралы фильм көрсетіліп, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың және онлайн форматта шетелдік ғалымдардың да арнайы құттықтауы оқылды. Шара барысында ұлттық идеология, ақпараттық қауіпсіздік, қазір белсенді қолданысқа енген жаңа медиа трендеріне қатысты түйткілді мәселелер жан-жақты талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта конференция материалдары ғылыми жинақта жарияланатын болады.

Алматы