Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда Бюро мүшелері 2022 жылғы 10 қарашада өтетін Сенат отырысының күн тәртібін талқылады.
Палата отырысында сенаторлар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетке қатысты заң жобаларын қарайды. Бұл құжаттар 2023-2025 жылдар аралығында субвенциялар мен алу көлемін бекітуді де көздейді.
«Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасының нормалары экономикалық әлеуеті әртүрлі өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері арасындағы теңсіздікті жоюға, сондай-ақ қазақстандықтардың мемлекет кепілдік берген қызметтердің тең деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері айқындалады: 2023 жылға – 2 200 млрд теңге, 2024 жылға – 2 000 млрд теңге, 2025 жылға – 1 900 млрд теңге. Осы заңды қабылдау бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келесі «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ағымдағы жағдайларға бейімделе отырып, экономикалық модель құру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және халықтың табысын арттыру үшін жағдайлар жасауға арналған. Бюджеттің шығыс бөлігінің жобасында мемлекеттік органдардың саясатындағы жекелеген бағыттардың өзгерістері, Мемлекет басшысының Жолдауларына, заңнамалық актілерге, сондай-ақ 2021 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындыларына сәйкес жаңа міндеттемелер бойынша толықтырулар ескерілгенін атап өткен жөн.