Қарағандыда Мәди Бәпиұлы атындағы V республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті
Қарағандыда Мәди Бәпиұлы атындағы V республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті
754
оқылды
Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында Мәди Бәпиұлы атындағы V республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. 3 күнге созылған ауқымды ән додасына еліміздің әр тарабынан 40-қа жуық үміткер қатысып, бақ сынасты. Үш жылда бір рет өтетін байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақтың дәстүрлі әнін орындаудағы шеберлігін арттыру. Мәди Бәпиұлы – әнші, композитор, халықтық өнерді жете меңгерген қазақ ән өнерінің бөлек құбылысы. Мәдидің шығармашылық мұрасы толық жиналмаған. Халық жадында сақталған әндері әлі күнге сыр-сымбатын жоғалтқан жоқ. Композитордың жан-дүниені баурайтын сұлу әндері халық арасында жиі орындалып жүр және Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Шіркін-ай», «Мәди», «Қыз Жібек» операларында қолданылған. А.Жұбановтың, А.Бектасовтың зерттеулері, Ә.Әбішевтің «Найзағай» романы Мәдидің өмірі мен шығармашылығына арналған.  width= Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жақсыгелді Кемалов, Ғалым Мұхамедин, Ардақ Исатаева, Талғат Ыдырысов болды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар үздіктерді анықтады. Байқау қорытындысында барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, қатарластарынан оқ бойы озық келген Мұратхан Диас (Алматы) Бас жүлдені жеңіп алды. Ал I орын Ұзақбай Нұрболатқа (Алматы), II орын Алмагүл Қаратаева (Астана) мен Сатыбалды Мағжанға (Алматы), III орын Аманжол Әділжан (Алматы) мен Қалелбек Арманбекке (Астана), Айдос Саниязбекұлына (Алматы) бұйырды. Қали Байжанов атындағы арнайы сыйлық Ерхұланбек Ерханатқа (Астана), Мейірхан Адамбеков атындағы арнайы сыйлық Мейірхан Нұржанға (Астана), Қарқаралы өңірінің арнайы сыйлығы Шерхан Тұяққа (Астана) берілді. Жүлдегерлерге байқау дипломдары мен қаржылай сыйлық табыс етілді. Ауқымды іс-шараның соңы конкурс жеңімпаздары һәм қазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен гала-концертке ұласты.