«Ерекше» балалар енді спортқа барады
«Ерекше» балалар енді спортқа барады
592
оқылды
Абай облысының Семей қаласы мен Үржар ауданында мүгедектігі бар балаларға арналған спорт секциялары ашылды. Облыс әкімдігі мен «Тең мүм­кін­діктер әлемі» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы мемо­ран­думға қол қойды, оның ая­сын­да Үржар ауданындағы Әлеу­меттік қызметтер көрсету орта­лығы және Семейдегі Эко­номика­лық лицей базасында бочча спортының паралим­пиадалық түрі бойынша спорт секциялары ұйымдастырылады. Ол жерде тіпті тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған балалар мен жастар спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ қоғамдық қор осы орталық қабырғасында психика­лық кемістігі бар балаларға бе­йім­делген футбол және инклю­зивті хореография бойын­ша тегін секцияларды ұйымдас­тыру үшін «Жарқын болашақ» даму орта­лығымен ынтымақ­тастық туралы меморандум жасау­ды жоспарлап отыр. Әр секцияда жаттығулар аптасына екі рет өтеді, әр топта 10 баладан болады. Жыл бойғы жаттығулар балаларға физикалық және психикалық денсаулықты жақсартуға, қарым-қатынас дағ­дыларын дамытуға және әлеу­меттік оқшаулануды жеңуге мүмкіндік береді. Мұнымен қатар ерекше жоба аясында Абай облысының бала­лары алғаш рет спорттық жарыс­тар мен би байқауларына қатыса алады, арасындағы үздіктері 2023 жылғы маусым айында Астанада өтетін Children Paralympic Games инклюзивті спорт фестивалінде өз облысының намысын қорғай­ды. Жоба аясында «ерекше» бала­лармен жұмысқа тартылған жаттықтырушылар бейімделген денешынықтыру бойынша тегін оқытудан өтеді, сабақтарды ұйым­дастыру үшін оқу-әдістеме­лік сүйемелдеу мен арнайы спорт­тық құрал-жабдықтар ала­ды. Жаттықтырушылардың ең­бек­ақысы, оларды бейімделген денешынықтыру бойынша білік­тілігін арттыру, секцияларды арнайы спорттық жабдықтармен және оқу-әдістемелік бағдар­лама­лармен қамтамасыз ету жө­ніндегі барлық шығынды «Сала­матты болашақ» әлеуметтік жо­ба­сын іске асыру шеңберінде «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғам­дық қоры көтеретін болады.

Б.ИКРАМОВА