«Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр жасанды ұрықтандыру жолымен 2,4 мыңнан астам сәби өмірге келді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аталмыш бағдарлама аясында жыл сайын экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жүргізуге 7 мың квота бөлінеді. Соның нәтижесінде 2021 жылы 3 249 әйел жүктілік бойынша есепке алынды, 2 097 отбасында көптен күткен 2 461 бала дүние есігін ашты. Оның ішінде 1 288-і – қыз, 1 172-і – ұл. Көпұрықты жүктіліктен 364 бала туды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2021 жылдан бастап ЭКҰ-ға квоталарды 7 есе ұлғайта отырып іске қосуды тапсырған болатын, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бүгінде МӘМС жүйесінде ЭКҰ өткізу бойынша қызметтерді 19 клиника ұсынады, оның 3-і мемлекеттік болса, 16-сы – жеке медициналық ұйымдар.