Атыраудың әлеуеті артады
Атыраудың әлеуеті артады
418
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұ­мыс са­пары­мен барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Президент ха­лықпен жүз­десуінде «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұста­на­тынын айтып, об­лыстың өркендеуіне тың серпін беретін бірқатар мә­селеге тоқталды. Ең ал­дымен, облыс экономикасын әртарап­тан­дыру қажет екенін атап өтті.
– Осы облыста «Ұлттық индустрия­лық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі. Сон­дай-ақ инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарасты­рылған. Басқа да ірі жоба­ларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылым­ды дамытуға, инвестициялар мен жаңа тех­нология­ларды тартуға жол ашады. Соны­мен қатар бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған жобалар өңірдің экономикасын әр­тараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвестор­лармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамта­масыз етуге тиіс, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент мұнай қоймаларын ба­рынша көбейту аса өзекті мәселе екенін айтты. Қазір еліміз дайын мұнайды бір­ден экспортқа шығаруға мәжбүр. Осы­ған орай «Қазмұнайгазға» экология­лық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Қ.Тоқаевтың айтуынша, энер­гетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компа­ния­лармен қойманың құры­лысына қатысты келіс­сөздер жүргізуі керек. Мұнай саласындағы еңбек нары­ғында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеу қажет екенін ескертіп, Үкіметке тапсырма жүктеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы облыс­та­ғы балық шаруашылығын дамыту мәселесіне назар аударды. Өңірде балық өңдеу және одан дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Әйтсе де, балық шаруа­шылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шара қабылдау қажет.
– Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Мемлекет қарама­ғында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорын­дардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ес­кірген. Зауыттарды заман талабына сай етіп жаң­ғырту керек. Жайық және Қиғаш өзендерінің тар­тылуы күрделі мәселе болып тұр. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 санти­метр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына да кедергі келтіруде. Сондық­тан Үкімет осы өзендердің сағасын те­рең­детуді қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.
Атырау Президент сондай-ақ Атырау облысын­дағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып, оның халық тұрмысына және эко­номикаға тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті. Жергілікті жолдардың 72 пайызы ғана орташа күйде. Мұны төмен көрсеткіш деуге болады. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. Атырау – Астрахань күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүруде. Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданара­лық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Осы жайларды тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Тоқаев жол құрылысы жеке бақылауында болатынын жеткізді. Бұған қоса Президент ауылдардың бір орталықтан берілетін сумен жабдықтау жүйесіне қосылмағанын сынға алды. Оның айтуынша, көптеген елді мекеннің тұрғын­дары таза суды кейде белгілі бір уақытта ғана алады.
– Инфрақұрылым желісі әбден тозған­дық­тан осындай ахуал қалыптасып отыр. Мысалы, Атырауды және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін тазарту жүйесі апатты жағдайда тұр. Алдағы бес жылда тұщы су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан Үкімет пен облыс әкім­дігі сумен қамтамасыз ету жүйесін жаң­ғыр­туға баса назар аударуы қажет. Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. Астрахань – Маңғыстау су құбырының 80 пайызы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет. Сонымен бірге Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктер­мен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс, – деді Мемлекет бас­шысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы денсаулық сақтау жүйесіндегі түйткілдерге тоқталды. Президенттің ай­туын­ша, облыста өкпе және жүрек-қан та­мырлары ауруларына шалдыққан нау­қас­тардың саны көбейіп барады. Ана мен бала өлімі де аз емес. Бұған өңірдегі эко­логиялық ахуалдың нашарлығы, білікті дәрігер­лердің тапшылығы себеп болып отыр. Басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту. Атырау қала­сында емхана ғимараттары тапшы. Облыс­тағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеуде. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Кей мекемелердің ғимараттары пайда­лануға жарамсыз. Мемлекет басшысының айтуынша, өңірге медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Сондай-ақ облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін де пысықтаған абзал. Облыста бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Құрылыс келер жылы басталуы тиіс. өнеркәсіп Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды алаңдатып отырған синтетикалық есірткі мәселесіне де тоқталды. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – қолда бар мәлімет қана. Осыдан кейін Президент Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап ететінін жеткізді. Бұдан бөлек, Президент өңірде білім беру және мәдениет саласын дамытуға ай­рықша көңіл бөлу керек екенін айтты. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауы­сыммен оқытатын мектептер мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Балабақшалар да жетіспейді. 17 мыңға жуық бала кезекте тұр. Бұл мәселелерді шешуге қажетті қар­жы қарастырылған. Сонымен қатар келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 11 мектеп салынбақ. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарды толық орындау керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңірдегі кәсіп­тік-техникалық және жоғары білім сапасын арттырып, осы бағыттағы оқу орындарын күшейту аса маңызды екенін жеткізді.
– Атырауда Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ университетінің филиалы ашыл­ды. Аталған университеттің түлек­теріне еңбек нарығында сұраныс көп бола­ды деп сенемін. Менің тапсырмаммен Қазақ­станның іргелі жоғары оқу орын­дарында білім алу үшін батыс аймақтардың жастарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ осы гранттармен оқуға түскен бала көп емес. Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл – өте төмен көрсеткіш, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Атырау әрбір тұрғынға қолайлы, таза, заманауи қалаға айналуға тиіс. Қалада кейбір нысандардың құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұр. Он жыл бұрын салына бастаған Концерт залы әлі пайдалануға берілген жоқ. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, осындай нысандардың құрылысын біржола шешуге тиіс. Мемле­кет басшысы Атырау өңірінің экологиялық ахуалына арнайы тоқталды. Әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауытының зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін сынға алды. Сонымен қатар облыс­тағы алпауыт өндірістер орындары, әсіресе мұнай-газ компаниялары экология талаптарын қатаң сақтауы қажет екенін ескертті. Президент мұнай мен газға ғана үміт артпай, өңірде туризм секілді болашағы зор саланы дамыту қажет екенін тілге тиек етті. Өңірде экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін көбі біле бермейді. Ал Индердегі тұзды көл­де емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға болады. оқушылар Атырау Бұдан соң Мемлекет басшысы Абай атындағы орталықтың жұмысымен таныс­ты. Әуелі Президент орталықта белгілі тұлғалардың домбыраларынан жасақталған көшпелі көрмені тамашалады. Жалпы, Абай орталығында оқушылардың үйір­мелерге қатысып, өнер түрлерін үйренуіне жан-жақты жағдай жасалған. Бір топ жас домбырашы Қ.Тоқаев алдында Құрман­ғазының «Балбырауын» күйін орындады. Өз кезегінде Мемлекет басшы­сы жас шахматшылармен әңгімелесті. Олардың арасында биыл Румынияда өткен 14 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Әлем чем­пионатының жеңімпазы Зарина Нұрға­лиева болды. Президент дарынды шах­матшыдан алдағы жоспарын сұрап, келешегіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңірге сапары барысында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc ЖШС-на қарасты біріктірілген газ-химия кешенін іске қосты. Бұл кешеннің құрылысына 4 300 адам жұмысқа тартылған. Толық іске қо­сыл­ғанда 631 адам тұрақты жұмыспен қам­тылады. Өндіріс ошағы еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс, медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда полипропиленнен түрлі бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етпек.