Ұлы дала шөлейттеніп барады
Ұлы дала шөлейттеніп барады
776
оқылды
Жыл өткен сайын Қазақстанда шөлді жерлердің аумағы артып барады. Осыдан 3 жыл бұрын ел территориясының 70 пайызы шөлейттеніп, топырағы тозып кеткені жайында хабар тараған болатын. Оған дейін де жарияланған осыған ұқсас болжамдарды бейжай қабылдағанымыз рас еді. Әйткенмен, соңғы жылдарда үдеген қуаңшылық мәселенің жоқ емесін аңғартты. Енді алдағы уақытта шөлді жерлердің үлесі тіптен артатыны мәлім болуда. Ұйым жариялаған үрейлі сценарий Таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми сайтында елімізге қатысты бір мәтін жария болды. Оған зер салсақ, 2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы күшейіп, жер толықтай шөлге айналуы мүмкін екені жазылған. Ойлап қарасаңыз, мүмкін емес дүние секілді көрінеді, алайда бұл процестің қазір белсенді жүріп жатқанын салаға жауаптылар да, мамандар да мойындап отыр.
«Қазақстан – су жөнінен көршілеріне тәуелді, суы тапшы ел. Оның бүкіл террито­риясының небәрі 2,8 пайызын ғана өзен-көлдер алған. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің үштен екісі шөл және шөлейтті аймаққа айналды. Қазақстандағы судың жартысына жуығы көрші елдерден келеді. Тиісінше, трансшекаралық өзендерді бір­лесе пайдалану бұл республика үшін өмірлік маңызды. БҰҰ Даму бағдарламасының де­регінше, соңғы жылдары өңірде климаттың өзгеруі қатты сезілуде. Температураның құ­былуы артты, суық пен аптап ыстық тол­қын-толқынмен өрбиді, қуаңшылық барған сайын жиілеуде, су тапшылығы ушығып, осы ресурс үшін қақтығыстар туындауы ықтимал», – деп мәлімдеген екен БҰҰ.
Ұйым Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанды Орталық Азияның «су қорын айдаушы» ретінде атаған. Бірақ олардың да жағдайы аса мәз емес. Еліміздегі аймақтарға тиесілі тұщы судың шамамен 60 пайызы Тәжікстандағы тау мұздықтарынан келетін. Соңғы онжылдықтарда ол мұздықтардың көлемі 30 пайызға кеміді. БҰҰ мәліметінше, мыңнан астам мұздық толығымен жойыл­ған. Орталық Азияда енді құрғақшылық, шөл және құмды дауылдар жиілеуі мүмкін. Олардың тіркелген саны соңғы онжыл­дықтың өзінде 2 есе артыпты. Соның ке­сірінен малдың жаппай қырылуы, егістік­тердің шетінен қурап, күйіп кету қаупі артқан. Жалпы, жаһандық ұйым дерегін жоққа шығара алмаймыз. Былтыр Маң­ғыстау мен Аралда қуаңшылықтан мал қы­рылып, жұрт жаппай ілкі дәстүрмен «та­саттық» беріп жатқанын аңғардық. Ал «Қа­зақстанның өзендері» сияқты қазақ­стандық энциклопедияларға, сонымен қатар 1990-2000 жылдардағы Экологиялық статистика жинағына сенсек, уайымдайтын проблема жоқ. Себебі оларда Қазақстанда 85 022 өзеннің бары, соның ішінде 84 694-інің ұзындығы 100 шақырымға дейін екені, 305-і 500 шақырымға дейін созылып жатқаны жазылған. 500-1000 шақырымнан асатын 23 өзен бар делінген. Бұдан бөлек, Қазақстанда 48 262 көл бар көрінеді. Оның ішінде 45 248-і ұсақ, ауданы 1 шаршы ша­қырымнан да аспайды. Айдыны 100 шаршы шақырымнан асатын ірі көлдер саны 21 ғана. Қазір қоғам белсенділері Уикипедияда жүрген осы ақпарлардың маңызы жоқ еке­нін айтуда. Себебі олардың біразы құрғап, жойылып кеткені анық. Белсенділердің ойынша, ауқымды зерттеулер жүргізуге жауаптылар ақша шығарғысы келмейді немесе құлықсыз. Өзендер 5 есе, көлдер 12 есе азайған Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанда бар делінген 85 мың өзен мен 48,2 мың көл­дің қазір қаншасы қалғаны көпті толған­дырады. Сауалға көп күттірмей Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берген екен. Ведомство ақпараты да жағдайдың жақсы емесін анық көрсетіп берген.
«Министрліктің тапсырысымен, 2020 жылы Қазақстанның өзендері мен көл­дерінің тізбесі құрылды. Бұл тізім Су ре­сурстары комитеті төрағасының 2020 жыл­ғы 12 желтоқсандағы №200-Н бұйрығымен бекітілді. Аталған тізбеге сәйкес, Қазақ­станда қазір 17 870 өзен және 4 024 көл қалды», – деп мәлімдеген министрлік.
[caption id="attachment_226329" align="alignright" width="1531"]шөлейт жер © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Яғни, БҰҰ-ның мәселеге қарасты пікірі жалған емес. Қазір суын тұшытуға болады дейтін Каспийдің өзін Ресей жағы толассыз ластауда. Жуырда Волгоград қаласында кә­різ жүйелері жаппай жарылып, нәжіс пен былық ағыны Еділге және сол арқылы Кас­пийге төгілді. Оның үстіне, Каспий жа­ға­лауындағы тұщыту зауыттарының қуаты теңіз жағалауындағы облыстарға жетпей жатыр. Ал су құбырлары 90 пайызға тозған. Мемлекетті ауызсу алаңдатады Мәселені мамандар да жоққа шығар­майды. Гидрологтер есебінше, еліміздегі өзендер мен уақытша ағын сулардың көп­жылдық орташа жиынтық көлемі – 100,5 текше шақырым жобасында. Оның 56 текше шақырымы ғана респуб­лика аумағында, қалған 44 текше шақырымы көршілес мем­ле­кеттерден келеді. Көрсеткіш жылдан-жылға азаюда. Мысалы, отыз жыл бұрын Ресей гидрологиялық институтының баға­лауы бойынша, еліміздегі су қоры 126 текше шақырым болған, оның 66,8-і жергілікті, 59,8-і – транс­шекаралық су. Демек, тәуел­сіздік жылдары су ресурстары 25 текше ша­қырым, жергілікті ағын 10,3 текше ша­қы­рым, трансшекаралық ағын 15,2 текше шақырымға кеміді. Ғаламдық, аймақтық кли­маттағы өзгерістер, еліміздегі және көр­шілеріміздегі өзен алаптары мен аңғар­ларының шаруа­шылық мақсатта бірнеше еселеп игерілуі – негізгі себеп. Аталған де­рек­терді бізге Халықаралық Тараз инно­вациялық инсти­туты Агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доцент Марат Молдахметов берді.
«Еліміз Еуразия континентінің аридті, яғни суы тапшы ауданына жатады. Құр­лықтың дәл ортасында тұрмыз. Қазақстанға ылғал Атлант мұхиты жағынан батыс және солтүстік батыс желдері арқылы келеді. Ал Тянь-Шань мен Алтайдың биік таулары Үнді және Тынық мұхитынан келетін ыл­ғалға кедергі келтіреді, есесіне Қазақстан Солтүстік мұзды мұхитынан келетін сол­түс­тік және солтүстік-шығыс суық желдерінің өтінде тұр. Осындай ерекшеліктерге сәйкес, еліміздің біраз бөлігін шөлейтті жерлер – Мойынқұм, Бетпақдала, Қызылқұм, Кас­пий маңы ойпаты, Үстірт, Сарыесік-Атырау аридті аудандары алды. Бұл жерлерге түсетін жылдық жауын-шашын мөлшері – 100-150 мм, ал топырақтың буландыру мүмкіндігі жы­лына 1000-1500 мм-ге жетеді. Оның үстіне, табиғатымыз күрт континенталды болғандықтан, су ресурстары біркелкі бөлінбеген әрі өте шектеулі көлемде», – дейді маман. Гидрологтің сөзінше, ғалымдар су ре­сурсы тапшылығы ғаламдық жылынудың салдарынан бұдан әрі ушығады деп болжам жасап отырғаны бекер емес. Климато­логтердің болжамынша, Қазақстанның аридтік аумағы үшін қолайсыз гидроло­гиялық жағдай қалыптасады, ағындардың қалыптасу жағдайы өзгереді, ағыны тө­мендейді және жыл ішіндегі ағынды үлестірімі өзгере бермек. Су басу және қуаңшылықтың қайталану жиілігі артады деген болжамдар жасап отыр. «Әрине, бұның бәрін жоққа шығаруға болмайды, бірақ болашаққа үміт­пен қарау керек», дейді Молдахметов.
Қорыта айтқанда, жағдайдың көңіл көншітер деңгейде емесін барлық тарап та мойындап отыр. Жауаптылар проб­ле­маның маңызын ескеріп, ертерек қам­дан­баса, ғылыми зерттеулерді үдетпесе бол­майтын­дай. Осы тұста еріксіз бір сөз ойға оралады: Орталық Азияның соры – су тапшылығы. Оны ешкім де жоққа шығармасы анық.