Орал қаласында алғаш рет «Аманат» атты паллиативті көмек көрсету орталығы ашылды. Жаңа нысан мамандандырылған емдеу шараларын жүзеге асыруға немесе созылмалы аурулардың түрлі нозологиялық түрлерімен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Дәрігерлік нысанды белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов өз қаржысына салып, пайдалануға тапсырған екен. Жаңа орталықтың ашылуына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мұндай орталықтың қажеттілігі жылдан-жылға артып келеді. Өйткені БҚО бойынша жылына обыр ауруына алғаш рет шалдыққан 1400-1450 науқас анықталады. Ал оның кем дегенде 15,3%-ы аурудың соңғы кезеңдерінде жүрген адамдар. «Аманат» паллиативті көмек көрсету орталығының ашылу салтанатына келген БҚО әкімі Ғали Есқалиев бұл меценаттық көмектің арқасында ашылған облыстағы алғашқы жеке орталық екенін атап өтті.
«Осыдан үш жыл бұрын облыстық онкология диспансерінің директоры паллиативті көмек көрсету мәселесін көтерген еді. Сол кезде Facebook әлеуметтік желісі арқылы өңірімізде осындай хоспис салу қажет екенін айтып, инвесторларды іздеген едік. Бүгін осы идея жүзеге асты. Облыста алғаш рет жеке хоспис ашылып отыр. Ең алдымен, орталықтың ашылуына мұрындық болған жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Тұрарбек Тілемісұлына батысқазақстандықтардың атынан алғысымды білдіремін. Жаны жомарт жан апатты жағдайдағы ғимаратты сатып алып, толықтай қайта жөндеуден өткізді. Орталықты медициналық заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Осы игі іске 400 млн теңгеге жуық қаражатын жұмсады. Паллиативті көмек – денсаулық сақтау жүйесінің көпшілік біле бермейтін қызметінің бір түрі. Хоспис жаман ауруға шалдыққан науқастар мен олардың тума-туыстарына психологиялық, рухани көмек көрсетеді. Дертіне дәру іздеуден, шипасы жоқ кеселмен күресуден шаршаған науқастарға өмірінің соңын жайлы өткізуге мүмкіндік береді. Науқастарға жан күйзелісі мен тән азабын жеңілдетуге барынша қолдау білдіреді. Біздің облыста әр салада мүмкіндігінше көмек қолын созып жүрген жомарт жандар көп. Бірақ бүгінгі жоба ауқымды мәселені жүйелі шешудің нәтижесінде жүзеге асты. Бұл – бір-екі адамға емес, көп жанға қолдау, демеу болатын жоба. Кәсіпкердің игі ісі көпке үлгі деп білемін. Облыстағы кәсіпкерлерді осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Осындай жобалар арқылы біз тұрғындардың, елдің мәселесін шешіп, алға дами береміз деген үміттемін, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Кәсіпкер Тұрарбек Тілемісұлы өзінің жеке қаражатына салған «Аманат» орталығын облыстық Онкологиялық диспансерге қайтарымсыз пайдалануға беріп отыр. Меценат ескі ғимаратты еуростандартқа сай жөндеп, қажетті құралдармен жабдықтап, дербес жылыту қазандығын іске қосқан. Үшкісілік әр бөлмеде тоңазытқыш, жылу баптағыш, ванна мен әжетхана бар. Орталық 31 науқасқа есептелген, яки 3 кісілік 9 палатадан тұрады. Сонымен қатар әрқайсысы біркісілік 4 сервистік палата жабдықталған. Онда ақылы ем алатындар жатады. Ал науқастарға күтім жасайтын тума-туысқа арналған үш орындық палата бар. Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 936,8 шаршы метр. Мұнда өз-өзіне күтім жасай алмайтын ауыр халдегі науқастарға тәулік бойы медициналық-психологиялық көмек беріліп, рухани қолдау көрсетілмек.
«Науқастар ауырсыну сезімдерін басу үшін, жалғыздықта қалмауы үшін немесе қорқыныштарын сейілту мақсатында осы жерге жүгіне алады. Бұл жерде әлеуметтік-психологиялық, физикалық және рухани көмек көрсетілетін болады. Паллиативтік көмек пациенттердің ғана емес, олардың отбасыларының да жайлылығы үшін жасалады. Өйткені науқасқа күтім жасау үшін жақындарының уақыты бола бермеуі мүмкін. Болмаса, бастапқыда ауру адамға күтім жасау үшін моральдық дайын болмауы ықтимал. Ал ауыр науқастарға күтім жасайтын отбасылар тым қажып кетпеуі үшін осы жерден әлеуметтік демалыс ала алады», – дейді Батыс Қазақстан облыстық Онкология диспансерінің директоры Зейіл Мағзомов.
Диспансер басшылығының айтуынша, осы клиникалық топтағы барлық науқасқа пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында паллиативті симптоматикалық көмек тағайындалады. Мәселен, 2013 жылдың наурыз айында онкологиялық диспансерде 10 төсекорны бар паллиативті көмек бөлімшесі ашылған екен. 2021 жылдың ақпан айында бөлімшедегі кереует саны 25-ке дейін артқан. Бүгінгі күнге дейін осында 3030-дан астам науқас ем алған. Былтыр паллиативті көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 40,0 млн теңге бөлінген, ал биыл паллиативті көмек көрсетуге 46 млн теңге бағытталды. Биылғы 10 айда 560 науқас емделсе, былтыр бұл аралықта 475 науқас ем алған екен. Енді жаңадан ашылған еңселі орталықта 20 қызметкер жұмыс істейтін болады. Ал Онкологиялық диспансердегі 25 науқас осында көшірілмек. Тағы бір айта өтерлігі, меценат жан ғимаратты күтіп ұстау мен коммуналдық шығындарын өз мойнына алып отыр.
«Бұл әлеуметтік жобаны көптен бері жүзеге асыру жөнінде ойлап жүр едім. Өйткені осы қалада ер жеттім, бүгінде кәсіпкермін. Маған қарасты бірнеше нысанда 1500-ден астам адам жұмыс істейді. Облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлына осындай ұсыныс айтқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Хоспис жөнінде түрлі ақпараттармен танысып шықтым. Осылайша, ел игілігіне арналған орталық іске қосылды. Науқастар мұнда өмірінің соңғы күндерінде сапалы күтім, рухани демеу көреді деп сенемін. Біз, кәсіпкерлер, халықтың арқасында көтеріліп, бизнесімізді дөңгелетіп отырмыз. Енді біздің де халыққа қолдау көрсетуіміз керек», – дейді атымтай жомарт Тұрарбек Тілемісұлы.
Салтанатты шарада медициналық қауымдастық атынан облыстық Онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Тайман Аманов сөз алып, облыс әкімі мен жомарт кәсіпкерге диспансердің ұжымы атынан алғыс айтты. Оның сөзінше, соңғы отыз жылда онкологиялық аурулар 25-30 пайызға артқан. Соған байланысты бүкіләлемдік стандартқа сай қатерлі дертке шалдыққандарға 4 түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Соның бірі осы паллиативті көмек екен.
«Егер емдеу мүмкін болмаса, бұл науқасқа көмек көрсетуге болмайды дегенді білдірмейді. Хоспис түріндегі паллиативті операция – осындай негізгі медициналық көмектің бірі. Оның негізгі мақсаты – ауруды жеңілдету және өзгедей сырқаттардың белгілерін азайту. Медбикелік күтім мен жақындарына қолдау көрсету. Паллиативті көмекке қатерлі ісік аурулары, бауыр аурулары, тыныс алу жолдары мен жүрек кінәраты, инсульттан кейінгі зардаптар мен ауыр дене жарақаттарына шалдыққан адамдар мұқтаж боп келеді. Сондықтан бұл қазіргі жағдайда ашылып жатқан ғимарат біз үшін үлкен көмек. Осы игілікті іске ат салысқан облыс басшылығына, жаны жомарт кәсіпкер жерлесімізге алғыс айтамын. Бұл медицина қызметкерлерінің және кәсіпкерлер мен жергілікті басқару органдарының бірлескен еңбегінің нәтижесі», – деді ол.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін жаңа ғимарат жаңаша бір сапалық деңгей болып тұр. Облыстағы алғашқы хосписте айықпас дертке шалдыққан, төсек тартып қалған немесе есін білмейтін науқастар өмірінің соңғы күндерін өткізеді. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі жомарт жүректі меценатқа дәрігерлер мен кәсіпкерлердің халыққа біртұтас көмегін білдіретін естелік сыйлық, ал облыстық онкологиялық диспансердің директоры Зейіл Мағзомовқа символдық мүсінше табыс етті. Облыс басшысы жаңа нысанды аралап, жұмысымен танысты.