Плюрализм мен демократия қоғам дамуының негізгі индикаторы – Ерлан Саиров
Плюрализм мен демократия қоғам дамуының негізгі индикаторы – Ерлан Саиров
726
оқылды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық штабында сайлаушыларға арналған тренинг өткізіп, қатысушылардың алдағы Президент сайлауына қатысты сұрақтарына жауап берді. Депутат кейінгі үш жылда елімізде саяси процестерге деген жаңа көзқарас қалыптасқанын айтты. Ерлан Саировтың айтуынша, әрбір азамат саяси процестерге қатыса отырып, өзінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Осылайша, азаматтарды саяси тұрғыда белсенді болуға шақырды. Ерлан Саиров
«Азаматтар саяси процеске араласа отырып, мемлекеттегі, қоғамдағы ұлттық материалдық игіліктердің әділетті түрде қайта бөлінуін қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді ол.
Депутат Тоқаевтың «елде плюрализм мен демократия болмай, әлеуметтік-экономикалық жағдай дамымайды» деген сөзін мысалға келтірді. Қазір Қазақстан эволюциялық жолмен осы бағытта дамып келе жатқанын айтты.
«Демократия мен плюрализмнің ең негізгі мақсаты – ол пікірлердің әр алуандығы, қандай да бір саяси партиялар мен саяси қозғалыстардың жұмыс істеу құқының болуы. Сондықтан елімізге плюрализм мен демократия қажет. Ол қоғам дамуының негізгі индикаторы. Өйткені олар болмаса экономикада әділетті бөлініс болмайды», – деп нақтылады Мәжіліс депутаты.
Ерлан Саиров Ерлан Саиров қатысушыларға   сайлауалды бағдарламасындағы нақты бағыттар жайлы айтып, оларға кеңінен түсіндіріп берді. Аталған шаралардың ішінде шалғай елді мекендерді дамыту және заманауи технологиямен жабдықтау мәселесіне ерекше тоқталып өтті.
«Шалғай ауылдардағы мектептердің материалдық-техникалық базасы өте төмен жағдайда. Сол жақтағы балалардың білім деңгейін көтеру үшін бірнеше нақты қадам  қарастырылып отыр. Ең шеткері тұратын ауылдарда медициналық пункттер мен интернет өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан Тоқаевтың бағдарламасында елдің түкпір-түкпірінде 700 жаңа медициналық пункт қалыптастыру, оларды жаңа технологиямен жабдықтау мәселесі қарастырылған», – деп атап өтті Ерлан Саиров.