7 жаңа заң жобасын қарауына алды
7 жаңа заң жобасын қарауына алды
450
оқылды
Алқабилердің өкілеттіктерін кеңейтетін түзетулер Мә­жілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлдан­ды. Сонымен қатар депутаттар тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәр­тібін оңайлату, жайылымдарды пайдалану, әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы Кодекске есірткі құралдарының, пси­хотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заң­сыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Мәжілістің бүгінгі жалпы оты­рысы Қарағанды облысында қаза болған кеншілердің құр­метіне бір минуттық үнсіздікпен басталды.
«3 қарашада Қарағанды об­лысы Шахтинск қаласындағы шахтада болған апаттың салда­рынан бес адамның қаза тапқаны бәрімізге белгілі. Барлық депу­таттық корпус атынан қайтыс болған кеншілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», – деді Төраға Ерлан Қошанов.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері 7 жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату, жайылымдарды пай­далану, әкімшілік құқықбұ­зу­шы­лық туралы Кодекске есірткі құ­ралдарының, психотроптық зат­тар мен олардың прекур­сор­ла­ры­ның заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері тура­лы заң жобалары бар. Сондай-ақ Қазақ­стан мен Әзербайжан үкі­меттері арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық ту­­ралы және ЕАЭО шеңберінде ме­дициналық мақсаттағы бұ­йым­­­дар айналы­мының бірыңғай қа­ғидаттары мен ережелері ту­ра­лы ратификациялық жобалар бар. «Қазақстан Республи­касы­ның кейбір заңнамалық акті­ле­ріне тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық мәселелері бо­йынша өз­герістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заң жо­басына Парламент депутаттары бастамашы болды.
«Жоба кондоминиум объек­тілерін басқару мен күтіп-ұстау қызметтерін реттеуге, пәтер, тұр­ғын емес үй-жайлар иелерінің кон­­доминиум объектілерін бас­қару және күтіп-ұстау жөніндегі қызметке қатысуға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді бас­қару тетігін жақсартуға бағыт­тал­ған», – деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Жам­был Ахметбеков.
Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақ­стан Республикасының Қылмыс­тық-процестік кодексіне сот ал­­қабилердің қатысуымен қарай­тын істер санаттарын кеңейту мәсе­лелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бі­рін­ші оқылымда қарады. Құжат Мем­ле­кет басшысының Жол­дауын іске асыру мақсатында дайындалды. Алқабилер соты елімізде құ­рылған сәттен бастап, 2007-2015 жылдары сотталушының өтіні­шімен тек өлім жазасы не­месе өмір бойы бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы көзделген істерді қарауға ғана қатысқан. Енді олар­дың қатысуымен қа­ра­латын істер санаты кеңейтілмек.
«Бүгін қаралып жатқан заң жобасында Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына сәйкес, ал­қабилердің соттылығын кеңейту және 2024 жылғы 1 қаңтардан бас­тап тағы 13 ауыр қылмыс құ­рамын беру ұсынылады. Жалпы алғанда, алқабилер сотының сот­тылығына 44 құрам жататын бо­лады», – деді Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот ал­қа­сының төрағасы Әбдірашид Жүкенов баяндамасында.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бекжа­новтың айтуынша, ұсыныстар сот қызметін жетілдіруге, сот­тарға деген сенімді арттыруға, сот тө­релігін іске асыру рәсіміне аза­мат­тық қоғамның қатысуын жан­дандыруға мүмкіндік береді. Жоба бойынша жан-жақты тал­қылау жұмыс тобының отырыс­тарында жалғасады. Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында жақында мандатын тапсырған Айбек Паяевтың ор­ны­на Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан жаңа депутат Дмит­рий Максимович Легкий қа­был­данып, Қазақстан халқына сал­танатты түрде ант берді.