Атбасар ауданындағы Степной кенті орталықтандырылған таза суға қол жеткізбек. Жаңа инфрақұрылымдық жобаға сәйкес, сорғылық станция су резервуары жаңғыртылып, ауылдағы жекеменшік үйлер мен екі 100 пәтерлік үйлерде берілетін судың қысымын арттыруға мүмкіндік береді. Ауданда бұдан да өзге ауылдардың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған иігілігі мол жұмыстар жүргізілуде. Жаңа нысандар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Сорғылық станса мен ауызсу резервуарларын реконструкциялау жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталған. Алдымен сыйымдылығы 500 текше метрлік екі резервуар орнатылған. Биыл аталған аумақта сорғы станциясының, сондай-ақ трансформатор, дизельдік қосалқы станса мен басқа да инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы аяқталуға таяу.
«Жұмыс қызу жүріп жатыр. Әзірге ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Бір айта кетер жайт, құрылыс кешірек тек күзге таман басталды. Қаржы түспегендіктен компания өз есебінен құрылысты бастап жіберді», – дейді «Байсын» ЖШС прорабы Есет Рақымжанов.Құрылыс прорабының айтуынша, стансаның құрылысы үш жылға жоспарланған. Келер жылға тек аумақты абаттандырып, көгалдандырып, асфальт төсеу жұмыстары қалмақ. Атбасар ауданы әкімдігінің мәліметінше, стансаны қайта жаңғыртуға облыстық және республикалық бюджет қоржынынан 281 миллион теңге сомасында қаражат жұмсалмақ. Жалпы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елді түгелдей таза ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Бүгінде Ақмола облысында қалалық жерлерде 95,1 пайыз, ауылдарда 89,3 пайыз халық таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Атбасар ауданында бұдан бөлек биыл аталған жоба бағдарламалары бойынша Сочинское селосында су құбыры құрылысы, Атбасар қаласындағы Ақан Құрманов көшесінде 2,1 шақырым көшені қайта жаңғырту, қаладағы бес 100 пәтерлік тұрғын үйлерге екі шақырымдық ішкі жолдарды салу, қаланың жаңа құрылыстарына қарай ұзындығы 690 метр жолдарды салу инфрақұрылымдық жобалары салынбақ. Аудандық ведомство өңірдегі сыртқы инженерлік желілер мен бес 100 пәтерлік тұрғын үйлерге су тарту желілерін салу жобасының да жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Жобаның жалпы құны – 1 340 335,5 мың теңге. Ал келесі жоба дәл осы тұрғын үйлерге сыртқы инженерлік желілерді тартуға бағытталыпты. Бұл жобаның құны 15 732,41 мың теңгені құрап отыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жоғарыдағы ұлттық жоба бойынша қыруар бюджет қаржысымен инженерлік құрылыс жобалары жүзеге асырылады.
– Атбасар ауданында №1 шағын аудандағы 45 пәтерлі екі тұрғын үйге сыртқы инженерлік желілер мен құрылғылар құрылысы жобасы жүзеге асырылмақ. Оған сәйкес, электрмен қамту желілері, ауланы жарықтандыру және абаттандыру шаралары ұйымдастырылады. Жоба құны 95 593,569 мың теңгені құрап отыр. Жоспарланған ірі жобалардың бірі Атбасар қаласындағы Лука Белаш және Казахстанская көшелеріндегі көше жарығы құрылысы инженерлік құрылыс жобалары жүзеге аспақ. Бұл жобаға бюджеттен 82 939,786 мың теңге жұмсалды, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен.Ауданда бағдарлама жобасы бойынша Новосельское селосында су құбыры желілерін қайта жаңғырту, Магдалиновка және Хрящевка, Родионовка және Калиновка ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысын жүргізу жоспарланыпты.
Ақмола облысы