Пилоттық жоба: пиар емес, пайда керек
Пилоттық жоба: пиар емес, пайда керек
678
оқылды
Үш жыл бұрын Үкімет үкілеп «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына жан бітіргені белгілі. Пилоттық жобаға жалпы 9,2 миллиард теңге бөлініп, 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекен тұрғындары несиелендірілді дегенімен, жобаның пайдасынан пиары көп болды дейтіндер аз болмады. Десе де, бүгінге дейін 2 478 тұрғын мен 11 ауыл шаруашылығы кооперативі тірлігін тіктеді. Келер жылы тағы 10 ауылдық округте жұмыс жанданады деп күтілуде. Жобаға енген ауылдардың саны артқанымен, бұқараға берері қандай? Тағы 10 ауылдық округ жобаға енді Жалпы, бұл жобаның басты тиім­ділігі 2,5 пайызбен несие бе­рі­летіні. Сондай-ақ шаруа бір жылға берешегін төлеуден боса­ты­лып, етек-жеңін жинауға мүм­кін­дік қарастырылған. Содан болар, жобаның бірінші кезеңін­де жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артып, жұмыссыздар саны 194 адамға қыс­қар­ған. 589 жаңа жұ­мыс орны құрылып, атаулы әлеу­мет­тік көмек алушылар саны 1 058 от­басына немесе 65 пайызға кеміген. Нәтиже­сінде, Үкімет 1 039,0 миллион теңге үнемдеген. Жобаға қатысушы­лардың орташа айлығы 44 мыңнан 73 мың теңге­ге көтерілсе, 5 жыл ішінде эко­номика­лық тиімділік 14,9 мил­лиард теңгені құрайды деп меже­ленді. Баянды бастаманың жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған 3,1 мил­­лиард теңге несие қаража­тынан тағы 253 жоба іске асыры­лып, 3 ауыл­дық округ қосымша пи­лоттық жобаға енгізілді. Енді өңірде қалған 139 ауыл тұр­ғын­дары жобаның шарапатын сезінуі үшін 75,5 миллиард теңге қажет етуде. Бұл сомаға 630,3 мың тұрғыны бар 139 ауыл­дық ок­руг­тегі 109 777 аула қамты­л­ады деп күтілуде. Ал жоспардың жү­зеге асуының алғы шарты ретінде келер жылы 20 ауыл бірдей жо­баға енбек. Әр ауданнан екі ауыл­дан таңдалып алынса, 3 631 жоба іске асады. Ол үшін 11,5 миллиард теңге бөлу көзделген. Нәтиже­сінде, 2023 жылы 25 мыңнан аса жаңа кәсіпкер тіркеліп, 7 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 16 мың адамға қысқарады. Үй іргесіндегі егіс көлемі 109 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс пен бақша дақылдары өндірілмек. Сондай-ақ 231 мың ет пен сүт, 798 мың тонна дән­ді дақылдар мен мал азығы дайын­далады. Міне, осылайша келер жылы жобаның тағы тынысы мен көк­жиегі кеңейе түспек. Әкімдер сыннан сабақ шығарды ма? Әрине, бәрі жоспардағыдай жүзеге асса құба-құп. Алайда бірінші кезеңде «бауын тапса, байлауын тап­паған» тірлік көп болғаны жасырын емес. Мәселен, 2020 жылы 10,3 мың гектар жерден 20,7 мың тонна мал азығы жиналса, 2021 жылы 7,4 мың гектардан бар-жоғы 3,2 мың тонна жем дайындалған. Көр­сеткіш­тің бұ­лай­ша құлдырауын шенділер құрғақ­шылықпен байланыстыр­ғаны­мен, мәселе мүлде басқада болып шықты. Атап айтсақ, кооперативтерді егістік жермен қамту туралы аудан әкімдеріне тапсырма берілгенімен, дені оны орындауға құлық таныт­паған. Жоспар бойынша 10,5 мың гектар егістік жер бөлу қажет болса, шаруаларға соның тек 1 395 гектары берілген. Жуалы, Талас, Меркі, Сары­су, Шу аудандары ғана тапсырманы тиянақты орындауға тырысса, қалғандары межелі міндетке мұрын шүйіре қараған. Дәл сон­дай жайылым жер бөліп беруге Жуалы, Мойынқұм мен Сары­су аудандары ғана ниет танытса, өзге аудандар «өзім білемге» сал­ған. Тағы бір айта кетерлігі, құ­рыл­ған кооператив­терге 356,1 мил­лион теңге айналым қара­жаты берілсе, олар осы қаржының 124,5 миллион теңге­сін ғана кері қайтара алған. Құрғақ­шылықты желеу еткен кооперативтер қал­ған 231,6 миллион теңгені қайта­ру үшін тағы 2 жыл сұрап отыр. Осы сияқты кежегесі кейін тарт­қан тірлік баршылық. Оны біз айтпасақ та, аудан әкімдері мойындап отыр. Өткен аптадан олардың дені аймақ басшысының сынына қалып, бір-бір «сөгістен» сыбағасын алып қайтқан. Енді аудан әкімдері одан қандай сабақ шығарарын уақыт көр­сетеді.  
P.S. Айтпақшы, Премьер-Ми­нистр­дің экс-орын­басары Ералы Тоғжановтың мамыр айында Жамбыл облысына келген жұмыс сапары кезінде «Тұрғын­дардың тұрмыстық табысын арттыру» жобасын барлық аймақта жүзеге асыру шешілгендей болған. Тіпті, экс-шенеунік өзге өңір әкімдерінің орынбасарын ерте келіп, «жамбыл­дықтардан үйреніңдер» дегендей тапсырма берген. Алайда Үкімет басшысының бұрынғы орынбасары қызметінен кеткеннен кейін бе, әлде басқа да себеп болды ма, әйтеуір айтылған нәрсе – айтылған жерінде қалды. Әрине, даңғыра қағып, жобаны жыл сайын жар салып, жарнама­лауға болады. Алайда жауаптылар бұқараға ең бастысы пилоттық жобаның пиары емес, пайдасы қажет екенін жіті түсінсе екен дейміз.

Жамбыл облысы