Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы медаль саны жөнінен екінші орынға ие болды.
Қазақстандық қыздар 3 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлдемен марапатталды.
Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг) және Карина Ибрагимова (57 кг) алтын алса, Гүлсая Ержан (81 кг) күміспен күптелді.
Сондай-ақ Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мәдина Нұршаева (66 кг), Дариға Шәкімова (70 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) қола медальді қанағат тұтты.
Медальдар жөнінен Үндістан қыздары көш бастаса, жапониялықтар үздік үштікті түйіндеді.
Әйелдер арасында 2022 жылғы Азия чемпионатының медальдар есебі:
1.Үндістан — 4-1-2
2.Қазақстан — 3-1-5
3.Жапония — 1-4-0
4.Оңтүстік Корея — 1-1-4
5.Өзбекстан — 1-1-1
6.Тайвань — 1-0-2
7.Вьетнам — 1-0-1
8.Таиланд — 0-2-1
9.Монғолия — 0-1-4
10.Иордания — 0-1-1
11.Филиппины — 0-0-2.
Медаль бәсекесі ертең ерлер арасында өтетін финалдық жекпе-жектерде де қыза түсетін болады. Мұнда қазақстандықтардың негізгі қарсыластары өзбекстандықтар болмақ. Финалға Қазақстаннан тоғыз, Өзбекстаннан жеті боксшы жолдама алса, солардың бесеуі өзара мықтыны анықтайды.