БІЛІМ ALL жобасы басталды
БІЛІМ ALL жобасы басталды
1,043
оқылды
Ақтөбе облысында шағын жинақты ауыл мектеп­те­ріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған БІЛІМ ALL жобасы басталды. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, педагогтер мен шағын жинақты мектеп директорлары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Облыстағы 424 мектептің 66%-ы немесе 281-і ауылдық жерде орналасқан, оның 204-і – шағын жинақты. БІЛІМ ALL жобасы 10575 оқушысы бар 120 шағын жинақты мектепті қам­тиды. Бұрын аталған мектептер­дің білім көрсеткіші төмен бо­латын. Басты себеп – білікті ма­мандардың тапшылығы мен ма­териалдық-техникалық база­ның әлсіздігі.
«Мемлекет басшысының қол­­дауымен Қазақстанда бала­лардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағ­дай жасалған. Дегенмен жасы­ра­тыны жоқ, қала мен ауыл мектеп­терінің білім сапасындағы ал­шақ­тыққа әсер ететін факторлар бар. Осы мәселелерді шешу үшін бірқатар шара қабылданып жа­тыр. БІЛІМ ALL өңірлік жобасы ауыл балаларының білім сапасын арттыруға оң әсерін тигізетініне сенімдімін», – деді облыс әкімі.
Бүгінде 114 мектепке каби­нет­тер сатып алу, мектеп жиһа­зын жаңарту, оның ішінде кітап­ханалар мен асханаларын жа­ңар­ту бойынша жұмыс жүргізілді. 2025 жылға дейін 282 мектеп модернизацияланбақ.
«Алға ауданындағы 29 мек­тептің 13-і шағын жинақты. Мә­селен, біздің мектепте 58 бала оқи­ды. Бұл жоба білікті педагог­тер­ден жақсы білім алуға, ал ауыл мұғалімдері үшін үлкен тәжірибе жинақтауға және біліктілігін арттыруға тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті Алға ауданының Қарақобда мектеп-балабақша­сының директоры Еркінбек Зиядинов.
Ақтөбедегі үздік нәтижеге қол жеткізген, жоғары әрі сапалы білім деңгейін көрсеткен 6 жетекші мектептің үздік 25 мұ­ғалімі балаларды оқытады. Олар­дың қатарында Дарынды жас­өспірімдерге арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, мамандан­дырылған физика-математи­калық лицей-интернаты және тағы да басқа білім ордалары бар. Бір сөзбен айтқанда, математика, физика, химия, биология, ағыл­шын тілі пәндерінің мұғалім­де­рі онлайн-сабақтар өткізетін болады.
«Қала мен ауылдағы білім деңгейін теңестіру мақсатында қолға алынып жатқан жобаның қатысушысы болу – үлкен мәр­тебе. Дарынды балалар ауылда да бар. Бірақ маман тапшылығы­ның кесірінен олардың барлы­ғын дер кезінде тани алмай жа­тамыз. Алдағы уақытта бұл жо­баның ауқымы кеңейетініне се­німім мол», – деді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының матема­тика пәнінің мұғалімі, Ақтөбе облысының үздік педагогі Нұр­бек Абдуллин.
Өңір басшысы Ералы Тоғ­жанов ауылдық жерлерде интер­нет дұрысталмай, білім беру және денсаулық сақтау мәселесі толық шешілмейтінін айтты. Бүгінде облыста 315 ауылдық елді мекеннің 216-да 250-ден астам адам тұрады. Сол 216 ауыл­дың тек 174-і ғана 3G интернет желісіне кеңжолақты кабельдік қолжетімділікпен қосылған. Жыл соңына дейін тағы 16 елді мекен сапалы мобильді интер­нетпен қамтамасыз етіледі. 250-ден аса халқы бар 10 ауыл ин­тернетке спутниктік байланыс арнасы арқылы қосылған, оның қуаты 3G-ді еңсеруге құлықсыз, тағы 16 ауылда интернет пен ұялы байланыс жоқ, алайда, олардың кейбірі көрші елді ме­кендердің тұрақсыз сигналын ұстайды. Бұдан өзге, өңірде хал­қының саны 250-ге жетпейтін 99 ауыл бар. Соның 24 ауылында 3G стандартындағы ұялы байланыс қызметі қолжетімді. Облыс әкімінің барлық елді мекендерді сапалы интернетпен және ұялы байланыспен қамта­масыз ету жөніндегі тапсырма­сын орындау мақсатында қазір цифрлық технологиялар басқар­масы жоба әзірлеп жатыр. Жоба аясында ірі байланыс оператор­лары кеңжолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін стационарлық байланыс желілерін салуға кепілдік береді. Салынған инфрақұрылымның арқасында ауылдарда жоғары сапалы ұялы байланысты ұйым­дастыруға техникалық мүмкіндік беріледі. Цифрлық технология­лар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев аталған жоба өңір­дегі барлық өзекті мәсе­ле­лерді шешуге мүмкіндік беретінін және оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қажет емес екенін айтты.