Соңғы уақытта ақпарат ағыны есірткі саудасының түрленіп бара жатқаны туралы жаңалықтарға толып барады. Оның салдары нашақорлықтың күн өткен сайын жасарып, жас ұрпақтың синтетикалық есірткіге тәуелділігін тудыруда. Сондықтан құзырлы орган да қырағылық танытып, қауіпті қылмысқа қарсы күрес жүргізіп келеді. Мәселен, әр күн сайын есірткіге қатысты екі қылмыс тіркелетін елордада қулығына құрық бойламағандарың өзі құрықталып, әлеуметтік желіде синтетиканың саудасын қыздырып жүргендер жауапкершілікке тартылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына үлкен қауіп төндіретінін атап өткен болатын. «Есірткісіз қоғам құру – әрбір қазақстандықтың алдында тұрған міндет» екенін айтқан ол Үкімет алдына бірқатар міндет жүктеді. Бүгінде оған сәйкес шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көзделген. Сонымен қатар есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бастама жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін төмендетілді және оларды өткізу мақсаты болмаса да заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Бұл ғана емес, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік те күшейтілді. Жарнамалаудың жолы кесілді Осы орайда елордада есірткіге қарсы күрес екпінді жүріп жатыр. Өйткені Президент атап өткендей, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуы тиіс. Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының нашақорлықтың алдын алу және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы Сергей Ильиныхтың айтуынша, Полиция департаменті әкімдікпен және прокуратурамен, сондай-ақ мемлекеттік үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін тұрақты негізде іске асырып келеді. – Өкінішке қарай, заңсыз есірткі айналымы өзектілігін жоғалтпай отыр. Есірткі сатушылардың арбау-алдауына ілініп жатқандар көп. Соның ішінде ересектер де, жастар да есірткі саудасының көрігін қыздырып, өз өміріне балта шабуда. Оның үстіне, жаһанданудың жаңашылдығы да заңсыз айналымның артуына жағдай жасап беріп жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, цифрлық технологиялардың дамуы есірткіні сатудың қосымша арналарының артуына және оларды таратуда да жаңа әдістердің пайда болуына алып келуде. Сонымен қатар есірткі өндірушілер жаңа елітетін препараттарды белсенді түрде дамытуға күш жұмсай бастады. Заңсыз нарықтағы «дәстүрлі» апиын, кокаин және героинның өзі жолда қалды. Өйткені қазір есірткі саудасының көрігін қыздырып отырғандар зертханаларда ең заманауи технологияларды қолдана отырып жасалған белгісіз синтетиканы қолданысқа енгізіп жатыр. Сол үшін біздің қызметкерлер тоқтаусыз әрі жан-жақты жұмыс істеуде. Біздің негізгі назарымыз – есірткіні өткізу фактілерін анықтауға, оларды дайындауға, психотроптық заттарды, синтетикалық есірткілерді дайындау бойынша зертханаларды анықтауға, тыйым салынған заттардың жарнамасын бақылау. Бұдан бөлек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы заңсыз жарнама және есірткіні насихаттаушылардың да жолын кесті. Алдын алу шараларына айрықша ден қойылады
Героин мен марихуана сияқты «дәстүрлі» есірткілерді қара нарықтан шығарған сайын арзан әрі тез дайындалатын синтетикалық есірткі өндірісі жанданып жатқан көрінеді. Ал есірткінің бұл түрін қолдану – жас ұрпақтың өмірі үшін орасан зор қауіп. «Себебі мұндай синтектикалық есірткіні қолданған жастарда есірткіге тәуелділік қаупі басым. Қазіргі синтетикалық заттар екінші қолданудан бастап тұрақты тәуелділікті тудыруы мүмкін. Оны қолданған адамдарда психологиялық және физикалық тәуелділік бар. Физикалық тәуелділік – бір-екі аптадан кейін денені толық тазартқаннан кейін өтеді, бірақ психологиялық тәуелділік адам бойында мәңгі қалуы ықтимал. Егер есірткі тұтынудан кейін адам болмашы ғана нәрселерден де өзін бақытты сезінсе, «ғашықтықты» бастан кешіп немесе шоколад жеген соң да қуаныштан жүзі «балбұл жануға» себеп болады. Ал синтетиканың бір дозасы ғана өмірдің барлық қарапайым қуаныштарын «жалған бақытқа» сыйдырады. Бір сөзбен айтқанда, оны қолданған адам бәр сәтте бұл әлемнен өзін-өзі жоғалтады. Сол себепті есірткіге қарсы алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізу біз үшін маңызды», – деп отыр Сергей Ильиных.Жоспарға сәйкес, өңірлердегі криминогендік жағдайды тұрақтандыруға бағытталған мамандандырылған жедел алдын алу іс-шаралары тұрақты негізде жүргізіледі екен. Мысалы, соның бірі – «Қарасора–2022» жедел алдын алу шарасы. Биыл осы алдын алу шарасы елордада 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізілген болатын. Оның мақсаты – есірткі және психотроптық заттар, синтетикалық есірткілерді өткізу мен сақтау фактілерін анықтауға, сондай-ақ есірткіні таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтарды заңсыз өсіру, транзиттеу, жою фактілерінің жолын кесуге, жасырын есірткі зертханаларын анықтауға бағытталған. Бүгінде осы мақсатта ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасынан мақсатты іс-шараларды өткізу үшін жедел топтар құрылды. Соның арқасында елордадағы есірткі дайындайтын бірнеше көлемді зертханалар мен есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу арналарының көзі жойылды.
– Тағы бір айта кетерім, соңғы жылдары есірткі саудасын жарнамалауға да жан-жақты жауапкершілік көзделеді. Мысалы, Қылмыстық Кодекстің 299-бабы 1-1-бөлім бойынша хабарландыруларды, мөрлерді, плакаттарды жапсырғаны, буклеттер мен парақшалар таратқаны үшін үш жылға дейін қылмыстық жауаптылық және бас бостандығынан айыру көзделген. Тек ағымдағы жылы есірткіні насихаттағаны үшін осындай 11 қылмыстық іс қозғалды, – дейді Сергей Сергеевич.
Марихуана немесе героин сияқты апиын қатарындағы препараттар адам ағзасында бір айға жуық болуы мүмкін. Осылай деген Сергей Ильиных: «Егер осы кезеңде нашақор қамауға алынса және талдау оның есірткі заттарын қолданатынын көрсетсе, оны ешкім айыптай алмайды. Бірақ жергілікті жерде пайдалану фактісі тіркелген кезде, мысалы, адам тұрғын үйдің кіреберісінде инъекция жасады немесе саябақтағы дүкенде «арамшөп» шегіп, куәгерлердің немесе бейнекамералардың растауы болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл әр адамның жеке ісі деп қаралмайды. Есірткімен байланысты іс-әрекет жеке адамның тәуелсіз таңдауы деп ойлау қате және жауапсыздық. Сұраныс болғанша ұсыныс болатынын түсіну маңызды. Сондықтан қазір өскелең ұрпақ арасында заңнаманы, сондай-ақ есірткіні қолдану мен таратудың салдарын нақты түсіндіре отырып, үлкен жұмыс жүргізілуде. Біздің бөлімше мектеп оқушыларына, олардың ата-аналарына үнемі семинарлар мен дәрістер өткізеді. Оқу орындарында есірткінің зияны туралы деректі және көркем фильмдер көрсетіледі, интерактивті сабақтар өткізіледі. Нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына ҮЕҰ, еріктілер және 15-тен астам спорт ұйымдары белсенді қатысады. Олармен бірлесіп жыл басынан бері 200-ден астам алдын алу іс-шарасын өткіздік», – дейді. Сонымен қатар Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының нашақорлықтың алдын алу және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы нашақорлыққа қарсы күреске азаматтық қоғамның да айтарлықтай үлесі көп екенін жеткізді. Егер кез келген адам қоғамның жауапкершілігін сезініп, есірткіге қарсы күресті әркім өзінен бастаса, Мемлекет басшысы артқан міндеттің орындалуына айтарлықтай септігін тигізуге болады. Сондай-ақ аптаның алты күні, тәуліктің 24 сағатында кезекшілікте кірпік қақпай қызмет ететін үш қызметкер ұдайы қырағылық көрсетеді. Бұл жедел іздестіру тобы, ол қылмыстық іздер бойынша тергеу жүргізеді. «Біздің бөлімшенің негізгі міндеті – есірткі зертханаларын, есірткі сататын ұйымдасқан топтарды анықтау. Қоңыраулар түскен кезде олар қылмыс орнына барады. Біз әрқашан адамдарды есірткі сату немесе тұтыну фактілерін анықтаған кезде «нөлдік төзімділікті» ұстануға шақырамыз. Біздің бөлімшеде 716 393 сенім телефоны бар. Бұл нөмірге немесе 102 қызметіне кез келген адам жасырын түрде қоңырау шалып, есірткі заттарын сату фактісі туралы хабарлай алады. Айта кету керек, егер кез келген азаматта осындай фактілер болса, онда ол қылмыскерлерді ұстау және нақты шаралар қабылдау үшін бір минут уақытты бос жіберіп алмау үшін жоғарыда көрсетілген телефондарға дереу қоңырау шалу керек. Осы орайда қазір қала тұрғындары біздің бөлімшеге үлкен көмек көрсетуде», – дейді Сергей Ильиных.Ұлтқа төнер қауіп
Есірткіге еліккендерді емдеу ісі де ерекше маңызды. Елордадағы есірткіге тәуелді жандарды емдеу орталықтарының жұмысы туралы айтқан Сергей Ильиных «Нашақорларды емдеу мен оңалту жұмыстары да ұдайы назарда. Қазір қалада Психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Ол жердегі емделушілерге тегін қызмет көрсетіледі» деп отыр. Айтуынша, есірткіге тәуелді болған адамдардың дені мемлекеттік медициналық орындарға баруға қорқып, жеке клиникаларды іздейді екен. Оның басты себебі нашақордың жақындары есірткі бойынша тіркеуге алынып, емделгені ертеңгі күні алдынан шыға ма деген қорқынышы ғана. Алайда Сергей Ильиных мемлекеттік Психикалық денсаулық орталығында анонимді түрде ақылы бөлімге қаралуға болатынын айтады. Мемлекеттік емдеу орталығындағы ақылы курс айына 250-300 мыңға шығады. Орталықта нағыз кәсіби мамандар қызмет көрсетеді. Сол үшін тәжірибелі наркологтар мен психологтарға барған дұрыс. «Есіркіге тәуелді адам қалпына келіп, күнделікті өмірге оралу үшін 3 ай керек. Орталық ЭКСПО аумағында орналасқан. Орталыққа келген емделушілерге емдеу курсын бастамас бұрын тәжірибелі психологтар мен наркологтар ол адамдағы тәуелділікті анықтап алады. Яғни, есірткіге тәуелділіктің себеп-салдарын анықтап алғаннан кейін ғана қалыпты өмірге бейімдейді. Себебі тәуелді адамдардың уақытылы ем алып, қалыпты жүруі үшін қандай себептерге байланысты тәуелділікке түскенін анықтап жеке жұмыс істеу маңызды. Олар есірткіге тәуелді адам қолдануы тиіс дәрі-дәрмекті жазып беріп, бағыт-бағдарды дұрыс таңдауға көмектеседі», – дейді ол.Нарколог мамандардың айтуынша, соңғы жылдары оңалту орталықтарында ем алушылардың арасында аяқтан тұрып, қалыпты өмірге оралғандардың қарасы көп. Оған қоса, орталықта алмастыру терапиясын алып жүрген науқастар да бар. Олардың көбісі бірнеше жылдан бері бақылауда. Метадон әдісіне көшкендер арасында да күнделікті тәртіпке бойұсынып, біразы жұмысқа тұрып, қалыпты өмірге араласа бастапты. Орталық мамандарының алдына алғаш келгенде ата-аналары есірткі қабылдау үшін үйден ақша ұрлап, есіл-дерті есірткі болғанын айтып жылайтын ата-аналар да орталық қызметіне алғыстарын ғана айтып отыр. Бүгінде емдеу курсынан кейін табыс тауып, отбасына оралғандармен қатар, таңертең емін қабылдап, ары қарай күнделікті жұмысын істеп жүргендердің де алдарына қойған мақсаты бар. Ең бастысы, түзелуге жоспар қойған. Бұл «нашақорлықтан емделіп шығу қиын» дейтін қасаң түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, орталықта нашақорлықтан айығып, отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатқандардың артқаны өзгелерге ой салса дейсің. Осы орайда бас қалада «Есірткіге жол жоқ!», «Біз баламамыз», «Есірткіге нөлдік төзімділік» атты іс-шаралар да аталып өтіп, қоғамдық орындарда да өскелең ұрпақтың өміріне балта шабатын нашақорлықтың алдын алуда бірлесе жұмыс істеу керектігі туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі.