Есірткі есті алып барады
Есірткі есті алып барады
© коллаж: Елдар Қаба
554
оқылды

Қазір интернет техноло­гиялардың дамуына және синтетикалық есірткілерге сұ­раныстың тым артуына бай­ланысты есірткі саудасы түрлене түсуде. Бұл бір жағы­нан есірткінің заңсыз айна­лымында жаңадан психобел­сенді заттардың пайда бо­луы­мен де тығыз байланысты. Сауданың басым бөлігі ин­тернет дүкендер, әлеуметтік желілер, киви-әмиян сияқты қосымшалар арқылы жүзеге асырылады. Соның ішінде аноним Telegram каналдар арқылы тарату қатты белең алып отыр.

810-нан астам сайт бұғатталды

Осы орайда ішкі істер органдары интернет кеңістігіндегі құқыққа қайшы контенттерді бұғаттау мақсатында тұ­рақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Анықталған интернет ресурстарға сер­верден ішінара ағыту түрінде шаралар қолданылуда. Нәтижесінде, жүйе қол­данушылары олардың қызметтеріне қол жеткізе алмай қалып, көптеген клиен­тінен айырылған мұндай «онлайн сау­дагерлердің» беделіне нұқсан келеді екен. Бұл мақсатта Ішкі істер министрлігі «Ки­берқадағалау» ақпараттық жүйесін енгізген болатын. Бүгінде есірткіні тарату мақсатын көздейтін аккаунттар мен басқа да ресурстарды бұғаттау бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазір олардың саны 810-нан астам сайтты құрайды. «Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сына сәйкес, былтырдан бастап елімізде есірткіні интернет арқылы тарату үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді Қылмыстық кодекске сәйкес, есірт­кіні жарнамалағаны және насихаттағаны үшін, соның ішінде граффити-суреттер мен QR кодтар арқылы жасағаны үшін қылмыстың жаңа құрамы енгізіліп, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген. Егер осы қыл­мыстық топпен, бірнеше рет, білім ұйым­дарында немесе адам көп жиналатын орындарда, бұқаралық ақпарат құрал­да­рын немесе электрондық ақпарат ресурс­тарын пайдаланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалған болса, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Сондай-ақ Электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізу 10 жыл­дан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Электронды ре­сурстар арқылы есірткі қолдануға шақыру 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеледі. Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қыл­мыстар санатына жат­қызылған», – дейді ІІМ Есірткі қыл­мы­сына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бахытжан Әмірханов. 2020 жылы аталған баптар бойынша сотқа дейінгі 138 тергеу жүргізілген. Оның ішінде 106 қылмыстық іс есірткі жарнамасы фактісі бойынша, 32 қыл­мыстық іс интернет-ресурстарын қол­дану арқылы есірткі өткізу (сату) фактісі тіркелген. Осы жылдың 7 айында есірткі жарнамасының 61 фактісі, интернет жү­йесі арқылы есірткі өткізудің 56 фактісі тіркелді.

Жиынтық кесте – заңдағы жаңашылдық

2018 жылы есірткі нарығындағы жағымсыз өзгерістерге дер кезінде ден қою мақсатында Мемлекет басшысының қолдауымен жаңа психобелсенді зат­тарды бақылауға енгізу тетігін жеңілде­тетін нормалар қабылданған болатын. Соның арқасында Үкіметке есірткі тізім­дерін және оларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестесін бекіту бойынша өкілеттіктер берілген еді. Оның тиімділігін шетелдік құқық қорғау органдары да, бейінді ха­лықаралық ұйымдар да мойындап отыр. «Содан бергі уақытта белгілі синте­тикалық есірткілердің барлық топтары­ның 89 базалық құрылымы қосымша бақылауға енгізілді. Ал биыл Қазақстанда бақылауға жататын есірткі және прекур­сорлардың тізімін тағы да 29 құрылыммен толықтыру жөнінде Үкімет қаулысының жобасы әзірленуде. Осындай жаңашыл­дықтар нәтижесінде, соңғы екі жылда ең қауіпті синтетикалық есірткілерді заңсыз айналымнан алу көлемі 50 есе артты. Мәселен, 2018 жылы айналымнан 1,8 ке­лі есірткі алынған болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 100 келіні құрады. Соңғы жылдары біз алғаш рет есірткі өндіретін астыртын есірткі зертхана­ла­рының ауқымды желісіне тап болып отыр­­мыз. Ресейлік әріптестеріміздің кө­­ме­гімен бұған дейін Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында ең ірі есірт­кі өндірісін жолға қойған трансұлт­тық ұйымдасқан қылмыстық топты құ­рықтадық. Бұл жұмыстар биыл да жал­ғасуда. Мәселен, Қарағанды облысында трансұлттық ҰҚТ қызметінің жолы кесілді. Ресейлік әріптестерімен бірлесіп Алматы қаласында «мефедронды» жет­кізу арнасына тосқауыл қойдық. Жыл басынан бергі 7 айда 11 есірткі зертханасы жойылды», – дейді полиция полковнигі Бахытжан Кәдірбекұлы. Жалпы статистика бойынша, 2021 жылдың 7 айында есірткі қылмыстарын тіркеуде оң серпін байқалады. Мәселен, жыл басынан бері 4 614 есірткі құқық­бұзушылығы тіркелген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 4 222 дерек болатын. Оның ішінде 1 510 есірткі қылмысы (2020 жы­лы – 1 334 дерек): өткізу фактісі – 920 (2020 жылы – 856), аса ірі көлемде есірткі сақ­таудың 247 дерегі (2020 жылы – 178) тір­кел­ді. Есірткі бизнесі саласындағы 8 ұйым­дасқан қыл­мыстық топ жойылды (2020 жылы – 3), олар­дың көшбасшылары мен қатысушыла­рына қатысты 14 қыл­мыстық іс қозғалды. Есірткі құралдарын пайдалануға арналған притон ұйымдас­тыру және ұстаудың 7 фактісінің жолы ке­сілді. Контрабанданың 70 фактісі анық­талды. Есірткі кірістерін заңдастыру фактісі бойынша 1 қылмыстық іс қозғал­ды. Заңсыз айналымнан 21 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Оның ішінде 5,5 тонна марихуана, 300 келіге жуық гашиш, 4 келіден аса героин және 60 келіден артық синтетикалық есірткі бар. Бас­қарма бастығының айтуынша, өткен 7 айда синтетикалық есірткінің заңсыз ай­налымына қатысты 741 құқықбұзу­шылық тіркелген. Оның 251-і өткізу, 62-сі сақтау, 1-уі контрабанда, 66-сы насихаттау және 361-і теріс қылық дерегі.

Нашақорлық жасарып келеді

Мамандардың айтуынша, есірткі әлеуметтік топ талғамайды екен. Сон­дықтан да ақшасы көп адам, есірткіні ұзақ және көп тұтынып жүре алады деген тұжырым – қате. Тәуелділікке түскен адам үшін ақша маңызды емес. Ол оны қайтсе де табуға тырысады. Бұл жердегі ең бірінші фактор – денсаулық. Егер синтетикалық есірткі туралы айтар болсақ, ол ең бірінші кезекте адамның орталық жүйке жүйесін бұзады. Конги­нитивті ауытқулар болады. Параноя, галлюцинация, ұмытшақтық басталады. Сондықтан ондай есірткіні ұзақ уақыт тұтынып жүру мүмкін емес. Ал уақы­тында емделмесе, оның соңы қай­ғылы аяқталуы мүмкін. «Егер статистикаға қарайтын болсақ, 2017 жыл мен 2021 жылды салыстырып көрелік, бұрын бізге 18 жастан жоғары адамдар хабарласатын. Мәселен, наша­қорлардың орташа жасы 25-40 жас аралығында еді. Ал қазір кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер де осы санатқа еніп бара жатыр. Олардың арасында 15-16 жастағы балаларға дейін бар. Сон­дықтан да нашақорлық жасарып бара жатыр деп сеніммен айта аламын. Бізді алаңдататыны – осы. Мұның барлығы интернет дүкендердің пайда болуымен, есептесудің оңайлығымен, соған сәйкес есірткі заттарының өте оңай қолжетімді болып кетуімен байланысты. Ал мұндағы байланысты қадағалап отырудың қиындығы бұл мәселені тіпті ушықтыра түсті», – дейді «Ренессанс» оңалту ор­талығының клиникалық психологі Кар­нелия Йоффе. Мұндай қадамға барудың бір себе­бі – ортаға байланысты екен. Айналаңда араласатын адамдардың бірі осындай құмар әдетке үйір болса, ол қасына екінші біреуді тартуы мүмкін. Сондық­тан балаларыңыздың араласатын ортасы­на мұқият қарағаныңыз жөн. Өзіңіз де өмір салты күдікті топқа жоламағаныңыз абзал. Екінші себебі – психологиялық фактор. Адам есірткіні қабылдағанда оны өзінің көңіліндегі ішкі бос қуысты толтыру үшін жасайды екен. Бұл оның мінезіндегі кемшілігі немесе өкініші бо­луы мүмкін. Қызығушылықтан барған күнде де, ол осы бос қуысты толтыруға жа­тады. Яғни, сау кезінде ала алмаған қа­жеттілігін, ол масаң күйде алады. Әлде сау кезінде шығара алмаған мінезін, ол мас кезінде жақсы жеткізеді. Оған осын­дай күй жетіспейді деген сөз. Бірақ мұның барлығы да өткінші екенін, есірт­кі, психотропты заттар мен прекур­сор­лардың қандай күйде де, қандай көлемде де аса зиян екенін үнемі есте ұстаған дұ­рыс. Оларды пайдалану, тасымалдау, өт­кізу, болмаса одан да өзге мақсатта қол­дану заңмен реттеледі және қудаланады.

Нұрлан ҚОСАЙ