Әр суретте – бір тіршілік иесі
Әр суретте – бір тіршілік иесі
921
оқылды

2016 жылы көрерменге жол тартқан «Аңдар шаһары» мультфильміндегі жалқау аң есіңізде ме? Халыққа қызмет көрсету орталығының маманын бейнелейтін сүйкімді жануарды көбіміз сол туындыда алғаш көріп, танысқан едік. Оның көп жұртқа бейтаныс болуының бір себебі – жер бетінен жоғалып бара жатуында. 2100 жылға қарай жалқау аң мен сол сияқты жер бетіндегі жан-жануардың тең жартысының жойылып кету қаупі бар. Астанадағы Ұлттық музейде National Geographic Photo Ark көрмесі ашылып, оған фотограф Джоул Сарторидың сирек кездесетін жаратылыс иелерінің суреті қойылды.

Джоул – жан-жануарды суретке түсіріп, құжаттаумен айналысатын National Geographic зерттеушісі, табиғат жанашыры. Осы күнге дейін ол 12 мыңнан астам жан-жануар түрін суретке түсіріп үлгерген. Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырған көрмесіне оның әлем елдерінің хайуанаттар бағында, аквариумдарда және жабайы табиғат қорықтарында түсірген суреттері қойылды. National Geographic Photo Ark әлі де жалғасуда және құс, балық, сүтқоректі, бауырымен жорғалаушы, қосмекенді мен омыртқасыздарды қоса алғанда 20 мың түрдің портретін қамтымақ. сурет Джоул Сартори дүниежүзінің әр құрлығында сурет түсіру кезінде қоршаған ортаның өзгеруіне, тіршілік ортасының жойылуына, жан-жануар түрлерінің азыққа пайдаланылып не заңсыз сауда құрбаны боп жатқанына куә болған. Осы тоқсаусыз залалға жауап ретінде Сартори Photo Ark жобасын бастайды. Фотограф бұл идеясы туралы «жаһандық биоалуандылықтың жоғалуын тоқтатпасам да, тым болмағанда бәсеңдетсем деген талпыныстан туды» дейді. Джоул жойылып бара жатқан жер иелерінің студиялық портретін жасауды және сол арқылы адамзатты оларға қамқорлық жасауға шабыттандыруды көздейді. Бүгінде әлем бойынша табиғат ортасынан тысқары ұсталып отырған 20 мың түрдің әрқайсысын суретке түсіруді мақсат тұтады. Жаратылыстың бәрі сүйкімді Көрмеге ақ немесе қара фонда түсірілген бірнеше жануардың суреті қойылды. Сарторидің пайымынша, барлық тірі организмнің мыңдаған, тіпті миллиондаған жыл бойы қалыптасқан өз рөлі бар. Студиялық портретті таза ақ-қара фонда түсіру барлық тіршілік иесіне, мейлі ол ұсақ не ірі болсын бірдей алаң қалыптастырады. Олардың жанарына қарасаңыз, құрбақа дәл мүйізтұмсық секілді маңызды, ақ аю қандай сүйкімді болса, тышқан не жарқанат одан кем емес. тас жайыны Кез келген түрдің жойылуы төтенше мәнге ие, себебі оның салдары экожүйеге, тіпті бүкіл әлемге зиянды болуы ықтимал. Халықаралық табиғат қорғау одағы бүгінде жойылып кету қаупі төнген 22 мыңнан аса түрді атады. Бұған бақа мен көбелектен бастап, тау горилласы мен пілге дейінгінің бәрі кіреді. Кейбір сүйкімді жаратылыс иелері назарға ілігіп, көбейту бағдарламасы түрінде жәрдем алып жатса, қауіп төнген түрлердің басым бөлігінің тағдырына араласып жатқан мүлдем ешкім жоқ. Көрмеге 2007 жылы Орегон хайуанаттар бағында (АҚШ) түсірілген Колумбия өзені аңғарының ергежейлі ор қоянының суреті қойылды. Ол ауыл шаруашылығының, негізінен фри картоптарына арналған шаруашылықтың құрбаны болған. Суреттегі Брин атты ұрғашы қоян сурет түсірілгенге дейін қалған екі қоянның бірі болған. Бір жыл өтпей ол өледі. Тағы бір сурет 2015 жылы Двур-Кралове хайуанаттар бағында түсірілген, Солтүстік ақ мүйізтұмсығын адамзат бағалы мүйізі үшін аулап, жойылып кету шегіне жеткізген. Суреттегі ұрғашы мүйізтұмсық суретке түскен соң бір аптадан кейін өлген, енді қалғаны төртеу ғана. Олардың өзі кәрі болғандықтан көбеюі екіталай. 2007 жылы түсірілген Тас жайыны 2004 жылдан бері табиғатта кездеспеген. Олар тіршілік ететін ауылды жерлерде ағысы баяу өзендер жиі ластанып, ауыл шаруашылығының теріс әсеріне көп ұшырайды. Ғалымдар тас жайынының жойылып кету себебін осымен байланыстырады. мүйізтұмсық Жануарларға араша болайық Жер бетінен жойылып бара жатқан жан-жануарды сақтап қалу – адамзаттың парызы. Бұл бағытта хайуанаттар бағы, аквариумдар мен табиғи қорықтардың еңбегі зор. Бүгінде мұндай ұйымдар тіршілік иелерін қорғау бойынша түрлі бағдарламалар жасауда. Аман қалған жануардың жарқын үлгісі ретінде Калифорния айдарлы құмайын атауға болады. 1982 жылы оның популяциясы 22 құсқа дейін азайғандықтан, жабайы табиғатта қалған әрбір құс ұсталып, Лос-Анджелесте осы түрді көбейту бағдарламасы іске қосылған. Сан-Диегодағы хайуанаттар бағында сақталған айдарлы құмайды жерсіндіру оңай болмаған, десе де, бүгінде жабайы табиғатта олардың саны 200-ден асты. қоян National Geographic Photo Ark жобасы да сиреп бара жатқан түрлерді сақтауға шақырады. Көрменің Photo Ark («Суреттер кемесі») аталуының мәні – кезінде Құдайдың барлық жаратылысының бір-бір түрін топан судан құтқарып қалған Нұх пайғамбардың асыл кемесінің тарихымен үндеседі. Аталмыш жоба тіршілік етуге хақылы әрбір жан-жануарды әртүрлі зұлматтан арашалауды сұрайды. Тым кеш болып қалмай тұрғанда сирек жан-жануарды фотоға түсіруді мақсат еткен көрнекі жоба адамзаттың мейірімін оятуды мақсат тұтады. Қазақстанға алғаш рет келген бұл көрме бұған дейін АҚШ қалаларында, соның ішінде Лос-Анжелестегі Annenberg Space for Photography-де, Еуропада – Испанияның Мадридтегі ұлттық музейінде және Азияда – Оңтүстік Кореяның Сеул ғылыми орталығында таныстырылған. Көрменің ашылу рәсіміне министрлік өкілдері, депутаттар, қоғам белсенділері қатысты. Kazmedia Holding компаниясы ұйымдастырған көрмені елордадағы Ұлттық музейде 11 желтоқсанға дейін тамашалауға болады.