Ескі тәсіл бокстың бағын ашпай тұр
Ескі тәсіл бокстың  бағын ашпай тұр
3,090
оқылды
Иорданияның Амман қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аяқтал­ды. Ел құрамасы аталған бәсекеде жиырма бір ме­даль жеңіп алды. Медаль санын естігенде бойы­ңыз­ды мақтаныш сезімі кер­неуі мүмкін, бірақ... Қыздардың атындағы бірінші орын 21 медаль жеңіп алған Қа­зақстан құрамасы жалпыкоман­далық есепте бірінші орынға ие болды. Олардың алтауы алтын, же­теуі күміс және сегізі қола. Өз­бекстан құрамасы екінші орынға жайғасты. Олар турнирде алты алтын, үш күміс және төрт қола жүл­деге қол жеткізді. Ал Үндістан құрамасы он екі медальмен үздік үштікті қорытындылады. Азия чемпионатында әйелдер құрамасының атой салғаны бел­гілі. Турнирдің басты фавориті саналған Қытай құрамасы қыз­дары аталған жарысқа қатыспады. Әйелдер арасындағы бокста Еу­ропа, АҚШ үстемдік құратыны тағы бар. Оның үстіне, кей салмақ дәрежесінде үш-бес қыз жұды­рықтасып, жүлдені сарапқа салды. Яғни, бәсекелестік аз. Сондықтан бұл нәтижеге қуану-қуанбауды жанкүйердің еншісіне қалдырдық. Ал келер жылы өтетін әлем чем­пио­наты әйелдер боксындағы Қа­зақстанның деңгейін көрсетері хақ. Жүлдеге келсек, қыздар үш алтын, бір күміс және бес қола медальға иелік етті. 48 келі салмақ дәрежесінде Алуа Балқыбекова финалда тер төкпей-ақ, алтынын қоржынға салды. Себебі қарсы­ласы жапон Като Хикару жарты­лай финалда сол қолын жарақат­тап алғаннан ақтық сынға шы­ғу­дан бас тартты. 51 келі салмақ дә­режесінде өнер көрсеткен На­зым Қызайбай жапон қызы На­ми­ки Цукимиге есе жіберіп, қоланы қанағат тұтты. 52 келі салмақта жұдырықтасқан Жазира Орақ­баеваға да қола медаль бұйырды. Ал 54 келі салмақта Жайна Ше­кербекова мен 57 келіде сынға түскен Карина Ибрагимова ал­тыннан алқа тақты. Одан бөлек, 81 келіде Гүлсая Ержан күміспен күптелсе, Мәдина Нұршаева (66 келі), Дариға Шәкімова (70 келі), Ляззат Күнгейбаева (+81 келі) қола жүлде алды.
«Қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетті десе де болады. Жалпы­командалық есепте қыздардың ар­қасында бірінші орынға жай­ғастық. Былтыр сегіз алтын алсақ, биыл үш алтын алдық. Бұл керемет нәтиже деп айтар едім. Бірақ бір қынжылтатыны – құрамадағы қыздардың көбі бұрыннан келе жатқан боксшылар. Кей бокс­шының ұлттық құрамада жүрге­ніне он жылдан асып кеткен. Арасында әлем чемпиондары мен олимпиадаға қатысып, жүлде алып жүргендер бар. Бір сұрақ туындайды: бізде неге құрама түлемейді? Неге талантты жастар шықпайды? Кем дегенде құрама қатарында бір-екі жас боксшы қыз болу керек қой. Соған қара­ғанда, қыздар боксы әлсіреп бара ма, әлде себеп басқа ма? Сон­дықтан әйелдер құрамасындағы мәселені де қарау керек сияқты», – дейді тәуелсіз спорт шолушысы Анық Көкенайұлы.
Жігіттерден жігер кетті ме? Белгілі спорт журналисі Қай­рат Әбілдәмен Азия чемпионаты туралы әңгімеміз ерлер құрама­сының қарқыны туралы бастал­ған-ды. Оның үстіне, жарыс аяқ­талған соң құрама жігіттері сын­ның астында қалды. Қайрат Әбілдәнің айтуынша, бокс спорты бірінші орында тұратын ел үшін бұл қалыпты құбылыс. Әрі сын өшірмейді, ебін білгенді өсіреді. бокс Айталық, 48 келі салмақ дәре­жесінде 19 жастағы Санжар Тәш­кенбай Қазақстан қоржынына ерлер арасындағы алғашқы алтын жүлдені салды. Санжардың ринг­тегі әлеуетіне тәнті болғандар жетерлік. Ал 51 келі салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов ше­шуші жекпе-жекте өзбек Ха­сан­бой Дусматовтан жеңіліп қалды. 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан финалда олимпиаданың күміс жүлдегері, филиппиндік Карло Пааламмен кездесті. Тартысты жекпе-жекте төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Филиппин өкіліне берді. 57 келіге келсек, өзбек Абдумалик Ха­ло­ковпен жұдырықтасқан Серік Теміржановтың да жолы болмады. 60 келі салмақта Саматәлі Төлтаев ширек финалда қырғыз бокс­шы­сынан айласын асыр­ғанымен, жартылай финалда иорданиялық Әбу Джадже Мұхаммедке есе жіберді. Сондай-ақ 67 келіде өнер көрсететін Дулат Бекбауов Таи­ланд елінің боксшысы Бунджонг Синсириден 3:2 есебімен жеңілді. 71 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Асланбек Шымбергенов ел қоржынына екінші алтынды сал­ды. Ал 75 келі салмақта Нұрқанат Райыс өзбек Саиджамшид Джа­фаровпен үш раунд жұдырықтасты. Төрешілер шешімімен жеңіс өзбек боксшының уысында кетті. 80 келіде Нұрбек Оралбай мен 86 келіде Сағындық Тоғамбай қола еншіледі. 92 келідегі салмақта Ай­бек Оралбай өзбек Мадияр Сай­драхимовпен жұдырықтасып, алтыннан алға тақты. +92 келіде жұдырықтасатын Қамшыбек Қоңқабаев тағы да күмісті қанағат тұтты.
«Финал кездесулерін тама­ша­лағанда 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Санжар Тәшкен­байдың бокс мәнері ұнады. Ке­зінде Қарағандыда 15 жастағы Серік Сәпиевті тауып, ізденіп жаз­ғаным бар. Сол сияқты Сан­жардың тума талант екені байқа­лып тұр. Негізінен, көп боксшы психологиялық түрде ішкі әле­мі­мен айқасып жүреді. Куба сияқ­ты елдің спортшысын қарасаң, ринг­те «жанып» кетпей, өзін еркін ұстайды. Бұл – үлкен басымдық. Осындай өзгешелікті Санжардың бойынан байқадым. Боксшыда өжеттік пен жігер үйлесім тапса игі. Айта кетерлігі, кезінде Махмұд Сабырхан сияқты өрендер атой салды. Бірақ «өспей» қалды. Сол мәнер, сол тактика. Мансабын қалай бастаса, әлі сол деңгейде келе жатыр. Яғни, бұл жерде бап­кер тарапынан үлкен кемшілік байқалады. Іштей Санжар Тәш­кенбайға келгенде осы қателікті қайталамаса екен деп тілеймін»,– дейді дейді белгілі спорт журналисі Қайрат Әбілдә.
Оған қоса, журналист қалған боксшының физикалық тұрғыда шаршаңқы екенін атап өтті. Оның айтуынша, көпшілігі үшінші раунд­та сылбыр бокстасты. Атал­ған спорт түрінде үшінші раундты қарсылас есебіне жазғаның – жеңілгенің. Сондықтан бұл тұста бапкердің де, боксшының да қа­телігі бар. Ол жігіттерде такти­ка­лық қате көп, техникалық шебер­лік азын да атап өтті. Жалпы, осы бәсекеден кейін федерацияда үлкен жиналыс өтіп, бапкердің ұлттық құраманы жаттықтыруға қаншалықты лайық екені талқы­лануы керек екенін қосты. Оның ай­туынша, құрамаға харизмасы мықты, айтқанынан қайтпайтын мінезді бапкер бас болса игі. Өйт­кені бапкерлер арасында атақты, ықпалдысы өз шәкіртін тықпалап, жарысқа апарғысы-ақ келеді. Сондайда кесіп айтатын бас бап­кер керек-ақ.
Ал спорт шолушысы Анық Көкенайұлы бетке ұстар боксшы­ларымыз финалда жеңілгеніне қапалы. Оның айтуынша, Өзбек­станның екінші құрамы еліміздің бірінші құрамасынан басым түсті. «Біздікін негізгі құрам деп айтуға да келмейді. Шын мықтыларды құрамаға алмай, таныс және кө­келерінің арқасында құрамаға енгендер барып ойсырай жеңілді. Мықты боксшылар құрамада жоқ емес, бар. Олар әлі шеберліктерін шыңдауы керек. Ең алдымен бас­шылықтан бастап майшаммен қарап, трайбализмді құртып, спар­ринг өткізіп құраманы жасақ­тау керек. Қазіргі жүйе, ескі тә­сілмен ешқашан алға баспаймыз», – дейді ол.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ