Ғалымжан Елеуов: Дәрігер – үздіксіз оқуды талап ететін мамандық
Ғалымжан Елеуов: Дәрігер – үздіксіз оқуды талап ететін мамандық
725
оқылды
«Дені сау ұлт» жобасы қолға алынды. Елімізде медицина саласында кемшін тұстар жетерлік. Ұлттық жоба бұл олқы­лық­тың орнын толтыра ала ма? Әсіресе, пандемия медицина саласындағы өзекті мәселелерді көрсетіп бергендей болды. Маман тапшылығы да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл тұрғыда кемшілікті жою үшін не істеген жөн? Біз өз сауалымызды Мә­жіліс депутаты Ғалымжан Елеуов мырзаға қойған едік. – Ғалымжан Алмасбекұлы, елі­міздегі медициналық ахуал қандай? Медицина мамандарының тапшы­лығы – әлі де өзекті проблема. Салада 15 мыңға жуық медицина қызметкері жетіспейді екен. Бұған қандай факторлар ықпал етеді деп ойлайсыз? – Пандемия бізге медицина қызметкерлерінің, дәрігерлердің, медбикелердің, санитарлардың еңбегінің маңызын көрсетіп берді. Әрі бұл мамандардың өте қажет екенін көрсетті. Індет кезінде елі­міздегі денсаулық сақтау жүйесі­нің жағдайы белгілі болды. Сол уақытта мыңдаған қазақстандық сапалы медициналық көмек бы­лай тұрсын, тіпті телефон арқылы да кеңес ала алмағаны жасырын емес. Медицина мамандары тапшы­лығына келер болсақ, жұмыстың көптігі, күйзеліс, жалақының төмендігі сияқты мәселелермен қатар, емделушілердің, жалпы қоғамның дәрігерлерге деген теріс көзқарасы тікелей әсер етіп отыр. Сондықтан да біз жастарды дә­рігер мамандығына қызықтырып, тарта білуіміз керек. Ол үшін дә­рігерлердің мәртебесін арттыру маңызды. Өткен айда Парламент қабыр­ғасында ауылдағы медицинаның жағдайы туралы Үкімет сағаты өтті. Денсаулық сақтау министрі ауылға баратын дәрігерлерді әлеу­меттік жағынан қолдауды кү­шейту туралы баяндап, медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жыл­дық жұмыс істеу нормасы қабыл­данғанын айтты. Ауылға барған дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал кейбір әкімдіктер, яғни Солтүстік Қа­зақстан және Қостанай облыста­рында үш-бес миллионға дейін жәрдемақы бөлінетін болады. – Бір сөзіңізде «медицина қыз­меткерлерінің құқықтық жағынан қорғалмағанын» айтқан едіңіз. Мұны тарқатып айтып берсеңіз. Дәрігерге қандай құқықтық көмек керек? Дәрігер өз құқығын қорғай ала ма? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 27 мамырдағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында «.....кәсіптік қыз­метке кепілдік беруді қоса ал­ған­да, медицина қызметкерлерінің заңды және қаржылық қорғалуы мен жауапкершілігі жүйесін әзір­леуді және енгізуді тапсырамын» деген тапсырмасы бойынша Қа­зақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне денсаулық сақ­тау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Негізгі мақсат – медицина қыз­меткерлерінің кәсіби мәр­тебесі мен беделін арттыру, па­циенттердің құқықтарын қорғау және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Оның үстіне жыл сайын ме­дицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық ко­дексінің 317-бабы бойынша 300-ге жуық іс ашылады. Қылмыстық істер көбінесе хирургия, акушер-гинекологтар, травматологтар, анестезиологтарға қатысты болып отыр. Медицина саласындағы бұл мамандықтар нағыз адам өмірімен өте тығыз байланыста. Сондықтан адами факторлардың болатыны да жасырын емес. Осындай мәсе­ле­лер туындамас үшін дәрігерлердің кәсіби мәртебесін арттырған абзал. – Жуырда медицина қызмет­керлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға байланысты жаңа заң жобасы әзірленді. Ол қандай игіліктерді көздейді? – Денсаулық сақтау министр­лігі денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасы шеңберінде медицина қызмет­керлерінің кәсіптік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушы­лықтарды ізгілендіру, санкциялық шараларды төмендету туралы нормаларды ұсынып отыр. Бұл – дәрігерлерді сақтандыруға бағыт­талған көптен күткен заң. Жалпы, әріптестерім жұмыс барысында қателіктер жібермеуге тырысуы керек. Ал өтемақы жайында тоқтала­тын болсам, пациентке келтіріл­ген зиян үшін өтемақы төлеуді Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған жағдайлар бойынша сақтандыру компаниясы жүргі­зеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда па­циент сотқа жүгінуге құқылы. – Ауылдық жерлердегі ана мен бала өлімі биыл айтарлықтай жоғарылаған. Ахуалды жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынуы керек? – Өкінішке орай, Қазақстанда 2020-2021 жылдарға арналған ана өлімі көрсеткіші 3 есеге жуық өсіп отыр. Осындай көрсеткіштермен біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы атайтын әлемдегі ең кедей елдердің деңгейіне оралдық. Өңірлер бойынша көрсеткіштер одан да қорқынышты. Атап ай­татын болсам, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарындағы әрбір мыңыншы сәби анасыз қалуда! Осы ана мен бала мәселесі менің де ерекше бақылауымда. Тиісті министрлікке арнайы де­путаттық сауалдарымды жолдап, қазіргі таңда шешілу жолдарын қарастырып жатырмыз. – Биыл жазда ұшақ бортын­дағы жолаушыға алғашқы меди­циналық көмек көрсетіп, жүрек жұмысын қалпына келтіріп бер­геніңізді білеміз. Дәрігерлік машы­ғыңызды күнделікті өмірде қанша­лықты жиі пайдаланасыз? – Иә, жазда Сеул–Алматы ба­ғыты бойынша ұшақта, борт­тағы жолаушылардың бірінің қы­сымы төмендеп, есін жоғалтқан бола­тын. Ол адам ес-түссіз, клиника­лық өлім жағдайында болды. Оның қысымы мен тамыр соғуы сиреп, жедел түрде реанимация­лық іс-шаралар жүргізілді. 37 жас­­тағы ер адамның жағдайы тұ­рақ­танып, ол әрі қарай ұшуды жал­ғастырдық. Бұл жағдайды кез келген дәрігердің мамандығы алдындағы парызы деп санаймын. Ал дәрігерлік қызметіме келетін болсам, 22 жылдан бері хирург-дәрігермін. Қазір депутат ретінде заң шығарушылық жұмысыма байланысты ота жасауға қатыса алмаймын, дегенмен ем алушы­ларға дәрігерлік кеңесімді үнемі беріп отырамын. Айта кету керек, дәрігер үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекті, үздіксіз оқуды талап ете­тін мамандық. Сондықтан дәрі­гер­лік жұмысымнан қол үздім деп айта алмаймын. Әлі де жалғастыра беремін. – Әңгімеңізге рақмет!