Біз балық шаруашылығын тек қана қағаз жүзінде дамытып жатырмыз – Мәжіліс депутаты
Біз балық шаруашылығын тек қана қағаз жүзінде дамытып жатырмыз – Мәжіліс депутаты
Фото: ortcom.kz
713
оқылды
Бүгін Мәжілісте  балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы Үкімет сағаты өтті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев отырыста баяндама жасап, балық шаруашылығы саласын дамыту туралы кеңінен баяндады.  Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев еліміздегі балық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.    width=
«Бізге балық шаруашылығын дамыту керек пе? Міндетті түрде керек. Табиғи су ресурстары жағынан біз көп елдің алдында тұрмыз. Каспий, Арал, Балқашты, Зайсан, Қапшағай, Алакөлді алмағанда, біздің Қазақстанда 3 мыңнан астам көл мен кішкентай көлшіктер бар. Бірақ қағаз жүзінде біз балық шаруашылығын жақсы дамытып жатырмыз», – деді депутат.
Ғ.Әміреев субсидия жөнінде әңгіме көтерілгенін айтып,  жылдың басында субсидияға ақша сұралады екен, ол жылдың аяғында игерілмей, қайтадан бюджетке қайтарылып жатқан жағдайлар бар екенін айтты.
«Өзбекстан мен Армения балықты өсіру мен экспорттау жағынан біздің алдымызға әлдеқашан шығып кеткені. Сонда біз қалай балық шаруашылығын дамытып жатырмыз? Министрлік пен оның жанындағы бір комитет бұл саланы дамыта ала ма? Дамыта алмайды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Премьер-Министр Түркістан облысында балық өсіру бойынша жиналыс өткізді. Сол кезде жақсы мәселелер көтерілді, керемет жоспарлар құрдық. Ол ақыр аяғында не болды? Қағаз жүзінде қалды. Басқасын сұрамағанда, балық шаруашылығына бөлінген, субсидияға бөлінген ақшаны игере алмай жатырмыз»,  – деді депутат.
Сондықтан Ғ.Әміреев бұл мәселе шешілу үшін үнемі Премьер-Министрдің жіті бақылауында болу керектігіне мән беріп,  үш-төрт жылда бір рет емес, қажет болса жылына бір рет бақылап, осы жөнінде жиналыстар өткізіп отыру керек екеніне назар аударды.