Жас сарбаздар сынға түсті
Жас сарбаздар сынға түсті
628
оқылды
Елорда төрінде «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің арасында үш күндік әскери-патриоттық жиын өтті. Жиынның басты мақсаты – Астана қаласының Жас сарбаз тәрбиеленушілері арасында үздіктерін анықтап, республикалық «Айбын» әскери-патриоттық дала жиынына іріктеу. Іс-шара Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері бас­қармасының қолдауымен, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Аста­на қалалық филиалының ұйым­дастыруымен, 15-17 қараша ара­лы­ғында Десанттық шабуыл ро­тасының төңірегінде өтті. Кеше жиынның ашылу салтанатына ҚР Халық қаһарманы генерал-лей­те­нант Бақытжан Ертайұлы, Авиа­ция генерал-майоры Алсай Джу­манов және Қорғаныс министрлігі өкілдері қатысып, жастардың рухын көтеріп, жарыста сәттілік тіледі.
– Іс-шара Астана қаласы әкім­дігінің қолауымен өтті. Негізгі мақ­­саты жастар арасындағы пат­риоттық сезімді дамыту, әскерге қызығушықты ояту. Осыған орай күзгі әскери-патриоттық жиын ұйымдастырылды. Шара үш күнге созылады. Жиынға орта арнаулы оқу орындары, мектеп оқушылары белсене атсалысты. Сайыстың не­гізгі бағыттары да ерекше, – дейді Жастар саясаты мәселелер бас­қармасы бөлім басшысы Аян Ерментаев.
Үш күнге созылған жиын қа­тысушылардың физикалық да­йын­дығын тексеруіне мүмкіндік берді. Алғашқы күннен бастап АК-74 автоматын уақытқа толық емес шашып-жинап сайысты бастаған командалар жарысты интеллек­туалды ойынмен аяқтады. Бұдан өзге, арқан тартыс, білте­мір­ге тар­тылу, арқада жатып кеудені көтеру, кедергілер алаңы, әскери эстафе­тадан түрлі жарыс өтті.
– Әскери-патриоттық жиын жоғары деңгейде ұйымдасты­рыл­ды. Қатысушы «Жас сарбаз» тәр­биеленушілері өте риза. Себебі өз мектебінде достарымен ғана жа­рысып жүрген балалар басқа мек­теп оқушыларымен сынға түсіп көрсеткіштерін жақсарта түсуде. «Жас сарбаз» қозғалысы қарқынды дамып келеді. Бұдан былай да осын­дай сапалы шаралар көп бол­са деген тілектеміз. Енді сайыс бол­ғаннан кейін біреу жеңіске же­теді, ал біреу жеңіледі. Қоры­тын­дысын асыға күтудеміз, – дейді әскери және технологиялық да­йын­дық пәнінің ұстазы Сейлхан Уисинбеков.
Жалпы, бүгінде 250 мыңнан ас­там бала мен жасөспірімді бірік­тіретін өскелең ұрпақ арасында әскери-патриоттық клубтардың, «Жас сарбаз» сыныптарының және Smart Sarbaz үйірмелерінің танымалдылығы артқаны бай­қалады. Сабақтарда алған дағдысы мен машығын олар әскери-пат­риоттық, зияткерлік және спорт­тық іс-шараларда тұрақты түрде көрсетіп келеді. Үздіктер жыл сайын өтетін «Айбын» республи­калық жастар жиынында өз же­тістіктерін көрсетуге мүмкіндік алады. Ал жақында «Жас сарбаз» қозғалысының Астана қалалық филиалы әскери-патриоттық қоз­ғалысты ұйымдастырудың үздік­тері қатарынан табылды. Бұл ту­ралы Қорғаныс министрінің орын­басары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов айтқан еді. Оның пікірінше, жастарды тәр­биелеу ісіне қосқан зор үлесі үшін қозғалыс филиалдарының басшы­ларының еңбегі ерен. сарбаздар Әскери-патриоттық жиынға қатысқан әр бала ерекше әсер ал­ғанын айтты. Олар ұйымға мүше болар кезде көпшілік алдында Қазақстанның Ата Заңы мен басқа да заңдарын қатаң сақтауға, пат­риоттық рухты биік қойып, Отан­ды қорғауға, оның мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға уәде берген еді. Енді сол сөзінде тұрып, әскери жиында бел­сенділігімен көзге түсіп жатыр.
–Жиын маған өзінің тосын­сыйға толы сайыстарымен қатты ұнады. Әсіресе, кедергілер алаңы­нан өткенде сымтемір астынан жорғалап өту қызық болды. Жақсы нәтиже көрсете алдым деп ойлай­мын, – дейді «Жас сарбаз» тәрбие­ленушісі Адия Жұмахан.
«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ, Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің ай­туынша, ата-бабаларымыз баласы­ның қолына бес жасынан бастап қару берген. Ал қазір балаларға әскери-патриоттық тәрбе беру ең басты орында. Себебі қазір балалар смартфон мен компьютерлік ойын­дарға әуес. Еліміздің ертеңі – жастар. Сондықтан да Отан ал­дындағы әрбіріміздің міндетіміз қасиетті парыз деп білейік. Бір ар­ман, бір мақсатқа жұмылған жас­тардың қолынан бәрі келеті­ні­не сенемін. Біздің бір ғана Ота­нымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақ­стан. Ал егемендігімізді баянды ету тікелей жастарға байланысты. Сол себепті рухты, отаншыл, білімді жастарды тәрбиелеу «Жас сарбаз» қозғалысының басты мақсаты.
– Кіл мықтыларды анықтайтын бұл жиын екі жыл қатарынан ел­дегі жағдайларға байланысты онлайн түрде өткен болатын. Биыл дәстүрлі форматта балалардың ба­сын қосып, осы десанттық шабуыл базасында өткізу бұйырыпты. Жас сарбаз тәрбиеленушілері бұл жерде тек бір-бірімен сынға түсіп қана қоймай, жаңа достар тауып, тә­жірибе алмасуда. Сайыс жоғары деңгейде өтті және тәрбиеле­ну­шілерге ұнады деген ойдамыз, – дейді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ, Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Бағдатұлы.
Жалпы, әскери-патриоттық дала жиыны 2018 жылдан бері дәс­түрлі түрде жылына екі рет, көктем мен күз айларында өткізіледі. Астанада бұл жиын биыл төртінші рет өтіп жатыр. Кешегі жиынға 150 жас сарбаз қатысты. Сайыстан жеңгендер республикалық «Ай­бын» әскери-патриоттық дала жиынына жолдама алады. Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Ешкім батыр болып туылмайды. Батырлық өскен орта мен көрген тәрбиеге байланысты қалып­та­сады». Сол себепті өсіп келе жат­қан ұрпақтың ортасын дұрыстау, санасын нығайту «Жас сарбаз» қозғалысының бір міндеті. жас сарбаз Жиынның жалпы қорытын­дысы бойынша, командалық есеп­те үздік көрсеткіш көрсетіп, 6 ко­манда арасынан суырылып шығып «Жас қыран» тобы бас жүлдеге ие болып, ауыспалы кубокты қанжы­ғасына байлады. Үш күндік әске­ри-патриоттық жиынға қатысқан барлық қатысушыға «Жас сарбаз» эпикюровкасы таратылды және белсенді қатысқандары үшін ал­ғысхат табысталды. Жекелей сайыстардан үздік көрсеткіш көрсеткен оқушылар елорда атынан «Айбын» рес­пуб­ликалық дала жиынына жолдама алды.