Аймақ басшысы тұрғындарды тыңдады
Аймақ басшысы тұрғындарды тыңдады
302
оқылды
Аймақ басшысы, Nur Otan пар­тиясының Шығыс Қа­зақ­стан облыстық филиа­лының төра­ғасы Даниал Ахметов аза­­­мат­тарды жеке мә­се­лелері бо­йынша қабыл­да­ды. Бұл жо­лы пар­тия кеңсе­сінде облыс әкімі 9 адам­ның, сонымен қа­тар бей­не­бай­ла­ныс арқылы Семейден бір от­­басының мә­се­лесіне қа­нықты. Өскемендік «Наше поколение» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Марина Соловьева өңірде тұрғын үй қатынастары туралы заңға ен­гі­зілген өзгерістер дұрыс тү­сін­­діріл­мейтінін жеткізді. Нақты­сында тұрғындар ПИК-тер та­ратылып, үйлерде кон­до­миниум­дар құры­латынынан бейхабар.
– Сіздер Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омармен бірге түсіндіру жұмысын қалай оңтайлы өткізуді шешіңіздер. Екі айдан соң жауапты тұлғалардан есеп аламын, не атқарылып, қандай нәтиже шыққанын саралаймыз, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар Марина Со­ловьева бірлестіктің Елбасы Н.Назарбаевтың канди­датура­сын әлемдегі бейбітшілікті ны­ғай­туға қосқан үлесі үшін Нобель сый­лығына ұсыну баста­масына қолдау білдіруін сұрад­ы. Тұрақтандыру қорының дүңгір­шектері бойынша да мәселе көтерді. Елена Рядинских – Ресей азаматшасы, бірақ Өскеменде тұрады. Қаңтар айында көші-қон полициясы тұруға рұқсат беретін құжатын себебін түсіндірместен алып қойған. Бұл істің анық-қанығын тексеру облыстық ішкі істер департаментінің басшы­лығына тапсырылды. Өскемендік Сәуле Райым­бе­кова – жалғызбасты ана. Оның ала­тын еңбекақысы – 88 мың теңге. Пәтер жалдауға 60 мың, ба­лабақша үшін 15 мың теңге тө­лейді. Үй кезегінде тұр. Облыс әкімі қала басшысына аза­матшаның мәселесін жіті қарап, әлеуметтік көмек көрсетуді міндеттеді. Тағы бір Өскемен тұрғыны ақсақал Тоқтархан Тезеков бас­пана мәселесімен келіпті. Аймақ басшысы жағдайға қанығып, осы жылдың соңына таман пә­тер беруге уәде етті. Риддерлік Анастасия Слоноваға 2015 жылы Универсиадада шаңғы жарысында чемпион болғаны үшін екі бөл­мелі пәтер жалға берілген. Енді ол сол үйін жекешелендіріп ал­мақ ниетпен келіпті. Өзі бала күті­мімен үйде отыр. Облыс әкімі бейне­байланыс арқылы Риддер қала­сының басшысына шығып, мә­селені шешуді, пәтерді спортшы қыздың атына ауыстыруды тап­сырды. Дәулеткелді Сәкібаев болса, шалғайдағы шекара түбіндегі Зайсан ауданында тұрады, ал­ма өсірумен шұғылданады. Ісін өрістету үшін оған тағы 200 гек­тар­дай жер телімі қажет.
– Зайсан өңірінде «апорт» өсіруге болады. Еккен ағаштарым 3-4 жылда өнім береді. Барнаулдан суыққа төзімді алма сұрыптарын алдыртып, өсіре бастадым, – дейді кәсіпкер. Ал партия филиалының төрағасы бастаманы қызу қолдап, аудан әкіміне жер бөлгізуді мін­деттеді.
Қабылдауға жазылған тарба­ғатай­лық Қанат Ажахметов «Жасұлан» қожалығы мен тағы 11 шаруашылықтың өздеріне электр желісін тартуды сұрап отырғанын жеткізді. Қашықтығы – 42 ша­қырым. Жобаға 270 миллион теңге керек. Аймақ басшысы рес­публикалық бюджеттен қаражат түскенше, 27 миллион бөлгізіп, жұмысты бастауға болатынын айтты. Жармалық кәсіпкер Қанат Рақышев та жол бойындағы жаңа­дан салынған дәмханасына 2 ша­қырым электр желісін тартқысы келетінін айтып, көмек сұрады. Оның мәселесі де шешілетін бол­ды, аудан басшылығына тиісті тап­сырма берілді. Қабыл­дау соңында облыс әкімі бейне­бай­ла­ныс арқы­лы семейлік Қанат Сағадиевпен дидарласты. 20 жыл әс­кери қызмет атқарған ол 2017 жылы жүрегі ауырып, қыз­мет­ке жарамсыз бо­лып қалған. Со­дан баспанадан да, жұмыстан да айырылған. Келін­шегі балабақ­шада еңбек етеді екен. Үш бала­сымен туыстарының сая­жайын­да тұрып жатыр. Облыс әкімі мәселе шешілетінін айтып, нелік­тен Қанатқа зейнетақы тағайындал­мағанын тексеруді тапсырды. Семейге іссапармен барғанда от­басының жағдайын өзі барып көруге уәде етті. Қабылдауда көтерілген барлық ұсыныс-тілектер бойынша тиісті атқарушы органдар тарапынан заңға сай жұмыстар атқарылады, мәселелердің бәрін облыс әкімі тікелей бақылауында ұстамақ.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы