Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен ашылады
Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен ашылады
812
оқылды
Маңғыстау облысында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен ашылады. Бастапқыда кәсіпорында мұнай қалдықтары өңделген болатын. Келесі жылдың соңына дейін мекеме кеңейтіліп, пластик, шыны, көліктің дөңгелектері сияқты қатты қалдықтарды сұрыптайтын заманауи кешенге айналмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәй­кес, облыста қатты қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату жұмыс­тары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-эко­номика­лық дамуы жөнінде өт­кіз­ген кеңесінде полигондарды нормативті талаптарға сай қа­лып­қа келтіруді, қатты тұрмыс қал­дықтарды сұрыптау, өңдеу, жинау жұмыстарын толық аяқ­тауды тапсырған болатын.
2023 жылы пайдалануға бері­летін тұрмыстық қатты қалдық­тарды қайта өңдеу кешені бар полигон Түпқараған ауданында орналасқан. Жобаның жалпы құны 700 миллион теңгені құрай­ды. Орталықты Ecsad ЖШС жеке инвестиция есебінен жоба­ны жүзеге асырады. Мекеме бас­шысы Азамат Тағановтың ай­туынша, тұрмыстық қалдық­тарды сұрыптау, өңдеу – эко­логия­мызды қорғаудың бірден-бір тәсілі. «Компания қалдық­тарды сұрыптап, кәдеге жарату­дың 3 тәсілін қолданады: био­логиялық, физика-химиялық, термикалық. Бұл жоба қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, се­бебі қалдықтар экологияны ластайтын негізгі фактор», – дейді А.Тағанов.
Негізінен, қалдықтарды сұ­рып­тау, қайта кәдеге жарату жұ­мыстары Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және Қарақия, Бей­­неу аудандарында жүріп жа­тыр. Былтыр облыс бойынша 132 360 тонна қатты тұрмыстық қал­дықтар жиналып, оның 35 787 тоннасы сұрыпталды. Ал биылғы жылдың екінші жарты­жыл­дығын­да 125 мың тонна қалдық сұ­рыпталып, қайта өңдеуге жө­нелтілді. Сонымен қатар Мұнай­лы ауданындағы полигон маңы­нан құрылыс қалдықтарын жи­нап, қайта өңдейтін орталық құ­рылысын бастау жоспарлан­ған. Қазір жобаны іске асыру мақсатында жер телімін беру жұмыстары жүріп жатыр. Облыста қалдықтарды қа­был­дайтын 12 пункт жұмыс іс­тей­ді. Қалдықтарды бөлек жи­нау­мен және сұрыптаумен айна­лысатын оннан астам шағын бизнес субъектілері бар. Қатты қалдықтарды сұрыптау, кәдеге асы­рудың экология әкелер пай­дасы орасан. Сондықтан әрбір азаматтың қоқыс тастар алдында оны іріктеп, арнайы орындарға тапсыруы қоғам алдындағы жауап­кершілігінің бір көрінісі.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы