Жолақы қымбаттамайды
Жолақы қымбаттамайды
430
оқылды
Жақында бұқаралық ақпараттық құралдарында Се­мей қаласында қоғамдық көлікте жол жүру тарифінің көтерілуі туралы ақпарат тарады. Егер қазір автобуспен жүру үшін қала тұрғындары 80 теңге төлесе, жаңа тариф­пен жол жүру құны 100 теңге болатыны туралы ха­барланған еді. Абай облысы әкімінің орын­басары Димитрий Га­ри­ков қоғамдық көлікте жол жүру тарифін көтеру мәселесі ресми түрде қарастырылған жоқ және қаралмайды деп сендірді.
«Жақын арада тариф өс­пейді. Жалпы, автобус паркінің жұмыс мәселесі тұрақты ба­қы­лауда. Желіде жүргізушілер мен көліктің жетіспеушілігі туралы проблемалар бар. Бүгінде кесте 100% орындалмауда. Біз бұл мәселені бірнеше рет қарас­тырдық. Автобус жүргізуші­ле­рінің жалақысы жоғары болуы керек. Бұл – маңызды мәселе. Қазір жүргізушілер жеткіліксіз. Жүргізушілер де, кондукторлар да жоқ. Егер кондукторлардың жетіспеушілігін валида­тор­ларды орнату арқылы шешетін болсақ, онда жүргізушілердің жетіспеушілігін тек жалақыны көтеру арқылы шешуге бо­ла­ды», – деді Димитрий Гариков.
Облыс әкімінің орынбаса­ры атап өткендей, Семей жүргі­зу­шілері бекітілген нормадан артық жұмыс істеп жатыр. Олар ауысымда 8 сағаттың ор­нына 10-12 сағат жұмыс істейді. Бұл ретте, қосымша төлемдер­ді ескергенде, олардың жала­қысы айына 250 мың теңгеден аспайды.
«Басқа қалалармен салыс­тыратын болсақ, мысалы елор­дада жүргізушілер сол режимде жұмыс істесе де, 400 мың тең­геден астам қаражат алады. Бұл мәселені шешу үшін біз Жол картасын жасадық және жүр­гізушілердің жалақысын кө­теру механизмін әзірледік. Бі­рақ бұл тарифті көтеру есебі­нен емес, мемлекетті суб­си­диялау есебінен жүргізілетін болады», – деп атап өтті Ди­мит­рий Гариков.