Жамбылда жел тұрса, шенділерден маза кетеді
Жамбылда жел тұрса, шенділерден маза кетеді
569
оқылды
Жамбылда жел тұрды дегенше, шенділердің төбе шашы тік тұрады. Осы аптада екі күн соққан дауыл тағы жергілікті биліктің есін шығарды. Шалғай елді мекендерді айтпағанда, облыс орталығы Тараз қаласының өзінде жарық сөніп, тал құлап, үй шатырлары ұшты. Әкімдік бұқараға басу айтуға тырысқанымен, жүйесіз жұмыс тағы көпшіліктің сынына қалды. Жүйесіз деуіміздің өзіндік себебі бар. Тараз қаласында бұған дейін тұрған қатты дауыл кезінде Төле би көшесі бойындағы аялдамалар құлап, екі күн қалпына келтірілмей жатқан-ды. Сондай-ақ құлаған ағаштарға жауапты мамандар бір жеті бойы тазалаған. Ал №15 шағынаудандағы ұшқан үй шатырын шенділер бүтіндей алмай, мердігерлермен қызыл кеңірдек болған. Жарықтың өзі барлық аумақта бірдей жанбай, электр пешпен отырған тұрғындар бүрсең қағып шыққан. Осындай жүйесіз тірлік облыс әкімінің сынына қалып, жауаптылар бір-бір сөгістен «сыбағасын» алған-ды. Алайда арада біршама уақыт өткеннен кейін қайта соққан дауыл мамандар сыннан сабақ шығармағанын анық көрсетті. Тіпті, ол кезде аялдама жанындағы тал құлап, жасөспірім мерт болды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында телеарна байланысын түзетпек болған тағы бір азамат құлап қаза тапты. Сондай-ақ осы елді мекенде жел ұшырып әкелген от ұшқынынан үй өртеніп кетті. Осы сияқты желден зардап шеккен тұрғындар ауыл мен аймақта аз болмады. Кейбір елді мекендер газсыз қалса, енді бірінде тіпті ауызсу болмай қалды. Одан бөлек, мектеп пен балабақшаның да шатыры ұшып, балғындардың үйде отыруына тура келді. Ол аз десеңіз, жол үстінде келе жатқан бір көлік желден аударылып кетсе, енді екіншісінің үстіне тал мен электр бағаны құлап, жүргізушілерді шығынға батырды. Кешегі жел де шенділердің мазасын қашырды. Түнгі сағат 22.00-дер шамасында басталған дауыл халықты жарықсыз қалдырып, әбігерге салды. Ресми мәліметке сүйенсек, жел 15-20 м/с жылдамдықпен, кейде 23-28 м/с екпінмен соққан. Нәтижесінде, Төле би даңғылы №116 үйі­нің тұрғындары тарапынан ауданы 50 шар­шы метр шатыр мен гофрленген тақтай­шаның және Менделевтің 3-ші тұйық көшесінің №13 үйінің 40 шаршы метр ша­тырының бұзылуы туралы шағым түс­кен. Сондай-ақ «Шаңырақ» ауданын­дағы тарату пунктінен 920-шы трансфор­матор­лық торапқа өтетін электр желісі желдің салдарынан істен шыққан. 28 үйде электр қуаты апатты түрде ажыратылған. Сондай-ақ №15 шағынауданда 4 көпқабатты үйдің электр қуаты апатты түрде сөндірілген. Бұдан бөлек, жеке үйлердің тұрғындарынан электр жарығын­сыз қалғаны туралы 16 хабарлама түскен. Бағдаршамдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қала бойынша 3 бри­гада жұмыс істеуіне тура келген. Маман­дардың араласуымен Жамбыл даңғылы – Бейбітшілік көшесі, Төле би даңғылы – Махамбет батыр көшесі, Абай даңғылы – Әйтеке би көшесі, Абай даңғылы – Қазыбек би көшесі, Төле би даңғылы – Аққозиев көшесі, Төле би даң­ғылы – Ұлбике ақын көшесі, Төле би даң­ғылы – Әл-Фараби көшесі қиылысындағы бағдаршамдардың жұмысы қайта қалпына келтірілген. Ал жол-көлік оқиғаларын болдырмау және кептелістердің пайда болуына жол бермеу мақсатында патрульдік полиция тарапынан кезекшілік ұйымдастырылған. Десе де, 25 билборд , 3 пилон, 1 қоршау, 1 МАФ зақымдалып, 6х12 өлшемді Тұңғыш Президент саябағындағы мемлекеттік Ту жыртылған. Қолбасшы Қойгелді көшесінің тұрғындары болса, желдің салдарынан ағаштардың құлауы туралы шағым түсірген. Аталған дүниелерді қайта қалпына келтіруге жауапты мамандар тек ертесіне мүмкіндік алды. «Жасыл Ел Тараз» ЖШС қызметкерлерінен екі бригада құрылып, төтенше жағдай салдарын жоюға кірісті. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Алайда қыс алдындағы осы жел осал тұсы­мызды тағы ашып бергендей. Олай дейтініміз – үй шатыры ұшып, тал-ағаш тағы құлауда. Биыл ғана көп тұрғын үйдің шатыры жөнделгенін ескерсек, бұл құрылыстың сапасыз болғанын көрсетіп тұр. Сондай-ақ облыс әкімі тамыры босап кеткен талды алып тастау туралы тапсырма бергенімен, бұл міндетке де жауаптылар «жүрдім-бардым» қарағандай. Ертең сол құлаған талдардың астында тағы бір тұрғын қалып, мерт болып жатса, кімді кінә­лаймыз? Бұдан бөлек, жел тұрса, жарықтың сөнуі де жиілеп кетті. Бүгінгідей элек­тронды заманда жарық сымын қырық жа­мап, әр жерін бір жалғап жүргеніміз – ұят шығар. Сондықтан сала мамандары да өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, барлық бағанды бір зерделеп шықса дей­сің. Әйтпесе, көліктің үстіне түскен баған ертең адамды да басып қалуы мүмкін. Ал­дағы қыстың аязды боранына дейін құзыр­лы мекемелер осы мәселелерді зердеге салып, «мақұлмен» емес, ақылмен шешеді деп сенеміз.

Жамбыл облысы