Қысқы спорт қар жауғаннан басталады...
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтың айтуынша, жыл басынан Астанада 350-ге тарта бұқаралық спорттық іс-шара өткізілген. Оған 60 мыңдай қала тұрғындары мен қонақтары қатысыпты. Тіпті, елордадағы халықаралық жарыстар жоғары деңгейде өткізіліп келеді. ҚР Тұңғыш Президенті күнінде еліміздің бас қаласында ресми түрде ашылатын қысқы шаңғы маусымы осыған дәлел. Оған елорданың үш жүзден астам тұрғыны қатысады. – Қысқы маусымның ашылуымен түрлі жарыстар басталады. Яғни, қала тұрғындары арасында және кішкентай қала тұрғындары бар «Алғашқы қар» деп аталатын жарысымызбен қыстық маусымды ашамыз. Мысалы, былтыр жыл соныңда елордада 31 желтоқсан күні спорт сүйер қауым арасында бүкіләлемде орын алған пандемияға қарсы акцияны қолдай отырып, «Жаңа жылдық жүгіру – 2021» бұқаралық жүгіру өткенін де атап өткім келеді. «Акцияның басты мақсаты – салауатты өмір салтына барынша адамдарды тарту. Дәл осындай атаумен биыл даеліміздің түкпір-түкпірінде жаппай жүгіру акциясы өтіп, оған тілек білдірушілер мен спорт сүйер қауым қатыспақ. Сонымен қатар, желтоқсан айының 4-і мен 6-сы аралығында Алау мұз айдыны сарайында дүниежүзілік коньки тебу күніне орай «World Ice Skating Day» Астана қаласының ашық чемпионаты, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Сарыарқа» ауданының мектеп оқушылары арасындағы мұз айдынындағы эстафета жарысы, елордада мұз қалашықтары ашылуы өтеді. Оған қоса, жыл соңына дейін барлық аудандарда жаңа жыл қарсаңында балаларға арналған эстафеталық жарыс ойындары өтеді, – дейді Самат Жылқыбаев. Өңірде осындай жарыстарды ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді. Бұл халықтың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығының артуына ықпал етеді. Жалпы қазір жастардың көбі шаңғы, коньки, шайбалы хоккей сияқты спорт түрлеріне бейім әрі ынтасы байқалады. Себебі, қыс айларында қаланың жастары мұз айдынына барып, коньки тебуге құштар. Арасында ересектер де аяқтарына коньки іліп алып, жастардың ортасында жүреді. – Спорттық шаралар әуелден мемлекеттің беделін арттыратын маңызды бәсекелердің бірі саналады. Қай елді алып қарасаңыз да, бірінші кезекте спортқа ерекше ден қояды. Бұл да оның маңыздылығын әлем елдерінің әлдеқашан мойындап қойғанын көрсетеді. Біздің елде жазғы спорт түрінің үлес салмағы басым. Сонымен қатар қысқы спортқа да ерекше ден қойып, оның да елімізде үлкен қарқынмен дамуына жағдай жасап келеміз. Кейінгі кездері Қазақстанда коньки, тау шаңғысы, биатлон сынды қысқы спорт түрлеріне халықтың қызығушылығы артып келеді.Абзал Әжғалиевтің жеңісі
Атап айтсақ, елордалық спортшылар қысқы спорттық жарыстарға қатысып, алдыңғы қатардан көрініп жүр. Мысалға, күні кеше шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Канаданың Монреаль қаласында өткен Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде эстафетада екінші орын алды. Бұл квартетте мәре сызығын Оңтүстік Корея бірінші болып қиды. Қола медаль Канадаға бұйырды. Сол төрттіктің ішінде шорт-тректен Әлем Кубогының күміс жүлдегері атанған жерлесіміз Абзал Әжғалиев те бар. Оның 500 метр қашықтықта өнер көрсетуін ерекше атауға болады. Жерлесіміз жарыста тек канадалық Максим Лауннан қалып кетті. Үздік үштікті оңтүстік кореялық Ли Жун Со түйіндеді, – дейді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы. Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті әлеуметтік парақшаларында, аталған әлем Кубогының үшінші және төртінші кезеңдері Алматы қаласында өтетіндігі хабарланған. Бұл жарысқа әлемнің 30 елінің мықты спортшысы бақ сынамақ. Әлем Кубогінің III кезеңі 9-11 желтоқсан, IV кезең желтоқсан айының 16-18 күндері Алматының «Халық Арена» мұз сарайында өтеді. Әлем кубогінде беделді спортшылар, Олимпиада және Азия ойындарының, әлем чемпионаттары мен әлем Кубоктарының чемпиондары мен жүлдегерлері сынға түседі. Ал биылғы маусымның шешуші әрі соңғы кезеңі Дордрехт қаласында (Нидерланды) өтетіні айтылды. Қазіргі таңда елімізде қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық жағдай жасалғанмен, әрбір өңірде қысқы спорт түрлеріне арналған жабық спорттық кешендер аз. Олар Астана мен Алматыда ғана бар. Мысалы, коньки спортына байланысты ешқандай өңірде бірде-бір жабық спорттық кешені жоқ. «Біз Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарынан шыққан мықты конькишілерді білеміз. Бірақ, олардың өз жерлерінде жабық спорт кешендері жоқ. Сондықтан бұл мәселені қолға алып, облыстарда қысқы спорт түрлерінен жабық спорт кешендерін көбейту керек деп ойлаймын», – деген Самат Жылқыбаев аймақта қысқы спорт түрлерінен коньки, шаңғы тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-акробатика, шайбалы хоккейдің бәсі биік тұрғанын жеткізді.Бұқаралық спорт жарысы қандай болмақ
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Бәрімізге аян 2020 жылғы 30 желтоқсанда бұқаpалық споpтты одан әpi дамытуды көздейтiн дене шынықтыpу және споpт мәселелеpi бойынша ҚP Заңы қабылданды. Атап айтқанда, дене шынықтыpу даяpлығының балалаp-жасөспipiмдеp клубтаpының және дәpiгеpлiк-дене шынықтыpу диспансеpлеpiнiң желiсiн кеңейту, дене шынықтыpу және споpт бойынша сабақтан тыс секциялаpды жүpгiзгенi үшiн мұғалiмдеpге базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшеpiнде қосымша ақы енгiзу, бiлiм беpудiң баpлық деңгейлеpiндегi дене шынықтыpу сабақтаpында ұлттық споpт түpлеpi бойынша мiндеттi компонент енгiзу жөнiндегi ноpмалаp енгiзiлген. Сондай-ақ, халықпен жұмыс iстеу үшiн споpт нұсқаушылаpын штаттық бipлiктеpiмен қамтамасыз ету көзделген. – Бұқаралық спорт жарысын ұйымдастырушылардың мақсаты – халықтың санын көбейту емес, халықтың сана-сезімін шыңдау. Бүгінде көпшілік ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегенді ұстанады. Ол жол спортқа бастайды. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын емханаларда Еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтама алуға кезекке тұратын. Ал қазір ол әдеттен арылуға бейімділік танылуда. Денсаулықтың қадірін білгендер бұқаралық спорт түрлерінен жарыс өтеді дегенде делебесі қозып, үйде отыра алмайтындар көбейді. Айта кететінім, әр баланың өзіндік таланты бар: бірі мектептің нақты бір пәніне бейімді болса, енді бірі спортқа, шығармашылыққа құштар болып келеді. Қандай нәтижеге жетсе де балаларға қолдау көрсетіп, әлеуетін ашуына көмектесу керек. Ал мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп жатыр, – дейді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев. Оның айтуынша, елордада алғаш рет бокс орталығы, көркем гимнастика орталығы, жекпе-жек орталығы, жекпе-жек залы ашылды. Бұл орталықтарында қаланың барлық құрама командалары мен спорт мектептерінің спортшылары тегін жаттыға алады. Мысалы, жаңа бокс орталығында бір мезетте 500-ден астам, Жекпе-жек орталығында 1000-нан астам адамға спортпен айналысуға мүмкіндік жасалған. – Қалалық әкімдікпен бірге елордалықтардың дене тәрбиесімен шұғылдануды, денені шынықтыруды айнымас әдетке айналдыруға, күнделікті қажет әрі пайдалы екенін мойындату үшін барынша қолайлы жағдай жасаудамыз. Ең бастысы салалық бірнеше спорт кешендерінің алды пайдалануға берілді. Күнде кешкі самалмен серуендеуде жүргендер елордадағы саябақтармен мен Есілдің жағалауына орнатылған тренажерлердің игілігін көріп жүр. Бұл – бұқаралық спорт шараларының пайдасы деп білемін. Қала басшылығымен, бірге ұйымдастырылып жатқан осындай игі шараларымыз сүрініп кетіп, бүлініп жүрген бірталай тағдыр иелеріне де ықпал етіп жүр, – деді Самат Жылқыбаев.Жүзеге асқан жобалар
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескере отырып, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамти келе, елордада арнайы жобалар әзірленді. Мәселен, «қолжетімді спорт» жобасы. Мұнда спорт барлығына қолжетімді болуы керек. Сондай-ақ бірнеше спорт түрлері бойынша спорт секцияларына тегін қатысуға болады. Былтырғы жылдың қазан айынан басталған жоба фитнес/зумба, скандинавиялық жүріс, каратэ, жүгіру, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секілді спорттың 6 түрінен жаттықтырады. Астана қаласы бойынша 40-тан астам жерде өтеді. Бір жылдың ішінде бұл бағдарламаға елорданың 20 мыңға жуық тұрғыны қатысты. Күнделікті қатысушылардың жетістігі Instagram-да жарияланып, ізгі тілектері жазылды. Не болмаса #AulaFit жобасы 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Манхэттен-2», «Олимп Палас-2», «Азат-2» тұрғын үй кешендерінің аулаларында жүзеге асырылды. Жазғы кезеңде дене шынықтыру және спорт бойынша сабақтар аптасына 5 сағат, қыста 3 сағат өтті. «Тұрғын үй кешендерінің тұрғындары спортпен қадамдық қолжетімділікте – өз аулаларында, тәжірибелі жаттықтырушылардың басшылығымен, тегін негізде айналыса алады. Аға буын, жастар мен балалар күн сайын спортпен шұғылданады, бос уақыттарын, демалыстарын қызықты және пайдалы өткізеді, психологиялық қолдау алады. Біз тұрғындардың бір-бірімен қалай танысқанын, достасып, тату көршілік қарым-қатынас орнатқанын көреміз. Барлығы позитивті және ең бастысы әркімнің спортпен шұғылдануға деген ықыласы бар. Ата-апалар, орта буын, жастар, балалар мен қыздар білікті жаттықтырушы өткізетін тегін спорттық жаттығуларға күнде шығады. Жобаға білікті жаттықтырушылар қатысты. 2021 жылдан бастап футбол, шахмат, стрит воркаут, баскетбол, балалар фитнесі бойынша барлық аулаларда тегін жаттығулар ұйымдастыру арқылы қаланың шет аймақтарын дене шынықтыру және спортпен қамту жоспарланған. Сондай-ақ, елорда саябақтарында спорттық демалысты ұйымдастыру. «Спорт парктер» бағдарламасына емдік дене шынықтыру, скандинавиялық жүріс, йога, шахмат, дойбы, фитнес және басқа да спорт түрлері енгізілген, – дейді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев. Сонымен қатар, елордада «Асар жолы» қайырымдылық акциясы басталды. Жоба аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен қатар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу көзделген. Осы орайда ұйымдастырушылар қалалық ипподромдардың бірінде киіз тігіп, асық атып, құрылтай өткізді. Марафонға мұрындық болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қала әкімдігі мен «Asar Ume» қайырымдылық қоры. «Асар жолы» акциясы театрландырылған қойылым түрінде басталды. Бірақ басты рольдерде артистер емес, кәсіпкерлер мен өзге де қайырымды азаматтар. Олар акция аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға баспана беріп, қолдау көрсетуге келген. Осы бағдарламалар аясында елордада спорттың ойын түрлері (футбол, стритбол) бойынша аула лигалары өткізілді. Қалада 18 спорт кешені, 1500 және одан да көп орындық трибунасы бар стадион, 27 бассейн, құрама командаларды дайындау орталықтары және сол сияқты 44 теннис корты сақталып, спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалды. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында да қазіргі заманның талабына сәйкес халыққа спортты қолжетімді ету үшін «One sport» жобасы әзірленді. Бір мобильді қосымша арқылы қаладағы барлық спорттық инфрақұрылымды, спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізілетін залдарды, спорт мекемелеріндегі жаттықтырушылар, спорттық іс-шаралар және басқа да ақпаратты қамту жоспарланған. Жалпы қала тұрғындары еркін пікір алмаса алатын платформа болмақ.