Алматыда қазақтың белгілі ақыны, талантты журналист, бүкіл түркі дүниесі ақындары жыр фестивалінің жүлдегері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Төреғали Тәшеновтің 60 жылдық мерейтойына арналған әдеби басқосу өтті.
Ұлттық кітапханада өткен отырысқа белгілі қаламгер мен басқа бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында алғашқы болып сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев мерейтой иесіне Мемлекет басшысының құттықтау сәлемін жеткізіп, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Одан кейін, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып ақынға шығармашылық одақтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, барша қаламгерлер атынан шапан жапты. Сонымен қатар мерейтой иесіне өзі ұзақ жылдар еңбек еткен республикалық AIQYN газеті ұжымының атынан құттықтау хат тапсырылды. Сондай-ақ қаламгердің туған ауылы Түркістан облысы Созақ ауданынан келген азаматтар аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің құттықтау хатын оқып, иығына шапан жауып, кеудесіне «Оғыз хан» медалін тақты.