Алик Айдарбаев «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы» Президенті болып сайланды
Алик Айдарбаев «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы» Президенті болып сайланды
©Сурет ғаламтордан
379
оқылды
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс есептік сайлау отырысы өтті. Кездесуге ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы Президенті Әнуар Садықұлов, «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы»  Президенті Ғалымжан Есенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және құрылтай кеңесінің мүшелері қатысты. Федерацияның бас директоры Валихан Тен ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылады. Күн тәртібінің басты мәселесі - «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы» Президентін сайлау болды.  Аталған қызметке «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев ұсынылды. Жаңа Президентті сайламас бұрын жиналғандар аралас жекпе-жектің еліміздегі әлеуеті туралы айтып өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елімізде аралас жекпе-жектің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатқан кезде спорттық федерациялардың жұмысын біріздендіру маңызды. Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Бұл бағытта аралас жекпе-жек федерацияларының басын біріктіріп оны басқарып отырған Ғалымжан Шахмарданұлының жұмысын атап өту керек,»-деді Ақтоты Рахметоллақызы. Өз кезегінде, Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы Президенті Әнуар Төлеуханұлы еліміздің халықаралық спорттық имиджін қалыптастырудағы аралас жекпе-жектің маңыздылығын атап өтті. «Бір жылда Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы үлкен жұмыс атқарды. Осы орайда Ғалымжан Шахмарданұлы басқарған Федерация еліміздің халықаралық аренадағы имиджін біраз көтеріп тастады. Еліміздің спортшылары халықаралық дәрежеде таныла бастады. Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы атынан Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясының бұрынғы басшылығына алғыс білдіріп, жаңасына тек сәттілік тілеймін.»,-деді Әнуар Төлеуханұлы. Өз кезегінде Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы бас директоры Валихан Тен ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, жаңа жылға жоспарлары туралы айтты. Айта кетейік, күн тәртібінде Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясының жаңа басшысын сайлау мәселесі тұрған болатын. Аталған қызметке «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев сайланды.