Сирия: мұнда достық жоқ, мүдде ғана бар
Сирия: мұнда достық жоқ, мүдде ғана бар
476
оқылды
Сирия елінде азаматтық соғыстың басталғанына да  он жылға жуық уақыт болып қалды. Әу баста Башар Асад пен ел­дегі оппозицияның арасындағы текетірестен бас­талған жан­жал қазір аймақтық сипатқа ие болған. Қақтығыстарға Түркия, Ре­сей, Иран, АҚШ пен одақтастары араласты да, елдегі жан­жал түйіні шешілмес мәселеге айна­лып кетті. Ал осы аптада  Сирия  президенті Башар Асад елдегі соғыстың жуық ара­да тоқтамайтынын айтты. Өйткені Асадқа бағынатын күштердің қарсыластары да аз емес. Біздің пайымдауымызша, Дамаск билігіне ең қауіпті қарсылас Түркия болатын сыңайлы. 2000 жылдардың басында Таяу Шығыстағы елдерді ұзақ уақыт бойы билеп-төстеген басшыларды биліктен тайдыруға тырысқан батыс елдері саясатының Сирияда сәтсіз болғанын аңғару қиын емес. Асад биліктен кетпеді. Ел хал­қының біраз бөлігі босып кет­ті. Аймақта түрлі террористік топ­тар күшейді. Кейін ел аумағына «тыныштықты сақтаймыз» деген желеумен бірқатар мемлекеттің әскері кірген болатын. Әрине, мұнда АҚШ-тың 2003 жылы Ирак­­қа кіргізген әскеріндей қуат­ты армия шоғырланған жоқ. Бірақ Сирия жерінде қазір АҚШ пен одақ­тастарының да, Ресейдің де, Түркияның да біраз әскері бар. Иран түрлі топты қаруландырумен айналысып келеді. Демек, бұл аймақтың әлі біраз уақыт әлемдік және аймақтық державалар күш сы­насатын алаң болып қалатын түрі бар.  

Түріктер әскерін сайлап отыр

Ақпан айының басынан бері Сирия оппозициясының бақы­­лауындағы Идлиб провин­ция­сын­да түріктердің белсенділігі күшейді. Оған айдың басында Идлиб төңірегінде Түркияның әскери бақылаушылар мен бірнеше азаматының мерт болғаны себеп болды. Одан соң сириялықтар түрік әскери бақылаушылары орналасқан өңірлерге тағы шабуыл ұйымдастырды. Соның кесірінен ақпан айының алғашқы аптасында 13 түрік азаматы мерт болды. Сөй­тіп, Түркияның Сириядағы адам шығыны тоғыз жыл ішінде 122-ге жетті. Бұл жағдайға ашуланған бо­луы керек. Түріктер аймақтағы Асад күштерін атқылап, біраз сар­­базын қырып тастағаны бар. Әрі президент Режеп Тайып Ер­­доған Түркия қарулы күш­тері­нің Идлиб төңірегінде кез келген сәтте ірі әскери операция ұйым­дас­тыруға даяр екенін айт­қан. Сөйтіп, Түркия қарулы күштері аймаққа қазірдің өзінде 15 мыңға жуық әскер кіргізіп үлгерді. Тек ақпанның алғашқы аптасының өзінде Сирия жеріне түріктің 1200 көлігі кірген. Бұларға танктер мен ауыр артиллерия, бронды көліктер тиелген еді. Әрі Хатай провинциясына күніне жүздеген әскери техника жиналып жатыр. Бұл түріктердің тәуекелге баруы мүмкін екенін байқатады. Түрік­тер­дің қолдауына сүйенген Си­рия оппозициясына қарасты күш­тер Башар Асад әскерінің 3 тік­ұша­ғын атып түсірді. Ал Асад жауын­герлері жақында Алеппо қаласын оппозициядан тартып алды. Бірақ Идлибтің орталығына қарай жылжи алмады. Өйткені ендігі қадам үлкен ұрыстың басы болатын сыңайда тұр.  

Кеше ғана одақтас еді

Сириядағы соңғы жағдай бір­қа­тар мәселеде одақтас болып жүрген Түркия мен Ресейдің ара­сын салқындатып жіберді. Оған екі аптаның ішінде орыс-түрік дип­ломаттарының төрт мәрте кез­десіп, Сирия мәселесі бойынша пә­туаға келе алмағаны дәлел бо­ла­ды. Әрі екі елдің ақпараттық ке­ңіс­тігінде кәдімгі «майдан» бо­лып жатыр. Ал дипломаттар болса, «екі жақты байланыс жа­сап жатырмыз, аймақтағы жағ­дай­ды шиеленістірмеу үшін ба­ры­­мызды саламыз» деген маз­­­мұн­дағы мәлімдемелер та­ра­ту­мен шектелуде. Бірақ іс жү­­зін­де жағдай шиеленісіп келе­ді. Мұның соңы өңірде Түр­кия мен Ресей әскерлерінің қақ­ты­ғысып қалу қаупін туғызған сыңайлы. Де­генмен біздің пайым­дауы­мыз­ша, Мәскеу өңірдегі әскери күштерінің түріктермен ашық қақтығысқа баруына жол бере қоймайды. Бірақ «ЧВК «Вагнер» тәрізді жеке әскери құрылымдар арқылы Асад әскерін қолдауы мүмкін. Мұндай жағдайда түріктер оларды жойып жіберуден тартынбайды. Ал Ресей бейресми әскери құрылымдар құрамында болған адамдардың өлгені үшін кек қайтара қоюы екіталай. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, егер кек қайтаруға ұмтылса, «ваг­нер­ліктердің» Мәскеу жобасы екенін мойындағанмен бірдей. Бұл өз кезегінде Сирия ғана емес, Ливия, Донецк мен Луганскідегі жағдайды шиеленістіреді. Әрі ба­тыс елдерінің қосымша сакн­­ция­ларына себеп болуы мүм­кін. Екіншіден, дәл қазір Си­рия­дағы Ресей әскерлерінің түрік армиясымен тіресетіндей мүм­кін­дігі жоқ. Мұндайда «ваг­нер­ліктердің» кегін қуу тиімді бола қой­майды. Сондықтан соғыс аң­сап барған «вагнерліктерді» құр­бандыққа шала салуы мүм­кін. Мәселен, 2018 жылдың ақ­­па­нында Сирияның шығы­сын­­дағы Дәйр әз-Зор қаласы тө­ңірегінде болған ұрыста АҚШ әскері мен «Сирияның демо­­кра­тиялық күштері» деп атала­тын күрд жасақтары 200-ге жуық «вагнерліктердің» көзін құрт­қан. Әрине, ол жайында ресейлік ресми органдар ауыз ашпады. Бірақ немістің Spigel журналынан бастап, америкалық The New York Times газетіне дейін егжей-тегжейлі жазғаны бар. Соңғысы тіпті ұрыстың әр деталына дейін тоқталған. Ал Мәскеу кек қай­тара алған жоқ. Демек, Идлиб тө­­­ңірегінде «вагнерліктер» құр­­бан болса, Ресейдің ресми құры­лым­дары да, орыс масс-медиасы тағы да үнсіз қалатын шығар деп болжаймыз. Оның үстіне, соңғы күндері Анкара өзінің әуе кеңістігі арқылы Ресейдің әскери ұшақтарының ұшуына тыйым салды. Әрі «Идлиб төңірегінде не ұшса да атып түсіреміз», – деді Ердо­ған. Сөйтіп, Асадқа қару-жа­рақ жеткізу мүмкіндігін шектеп тастаған сыңайлы. Бәлкім, содан да шығар, Асад әскерлері Идлиб про­винциясының орталығына не­бәрі 8 шақырым қалғанда тоқ­та­ды.  

Ежелгі дұшпан ел болмас

Түркия мен Сирия қатына­сы­­ның тереңіне үңілсек, күрең қабақ жағдай өткен ғасыр­дың ба­сына дейін кетеді. Осман импе­рия­сы ыдыраған соң азаттық күре­с­ін жүргізген түріктер Сирия жеріндегі бірқатар аймақтарды өздеріне қосып алғысы келген. Өйткені 1918 жылғы Мудрос біті­мі арқылы Франция Сирияны отар­лады да, 1923 жылғы Лозанна келісімі кезінде кейбір аймақтарды Түркияға бермей қойған. Тек Ата­­түріктің табандылығының арқа­сын­да 1938 жылы даулы Хатай провинциясы тәуелсіздік алып, 1939 жылы өз еркімен Түркияға қосылған. Кейін Түркия Тигр ме­н Евфрат өзендеріне су қой­ма­­­ларын салмақ болғанда, Си­рия дау шығарған. Одан соң Түр­­кияға террорлық шабуыл ұйым­­дастырып жүрген Абдулла Өжа­ланды Хафез Асадтың ұзақ жылдар бойы паналатқанын да Ан­­кара ұмыта қойған жоқ. Екі елдің қатынастары тек 1998 жыл­дан соң ғана сәл жақсарып еді, 2011 жылдан соң тағы бұзылды. Ша­­масы, Анкара елдің түстігінде өзде­рінің қолайына жағатын би­ліктің салтанат құруына мүд­делі сыңайлы. Дамаскіде Түр­кия­ға қыр көрсетпейтін топтар би­лікке келсе, шекара дауы да, си­риялық күрдтердің Ирактағы туыс­тарымен қосылып, мемле­кет құрмақ болып жүрген мақ­сат­­тары да жайына қалады. Одан бө­лек, Анкара Сириядан ағы­ла­тын босқындардың санын азай­­туды да көздейтін тәрізді. Өйт­кені босқындар Түркия үшін кәдім­гі­дей салмақ болып тұр. Әрі түрік қоғамында оларға наразылық та күшейіп келеді. Түркияның ұсақ ұлттарды түрік халқымен ас­сим­ляцияға ұшырататын ежел­гі тә­сіліне де сириялық босқын­дар­дың кедергі келтіретін тұста­ры бар. Сондықтан онсыз да 3 млн-дай босқынның қатарын кө­бей­ту түрік­терге тиімді емес. Бұл да Ан­ка­раның тәуекелге бару ық­­ти­мал­дығын күшейтетін фактор­лар­дың бірі.  

Анкара қарсы болғандарға Ресей жақтасады

Жалпы, түріктердің аймақтық держава рөлін ойнап, АҚШ пен Ресей сияқты түрлі өңірлердегі жан­жалдарға араласып келе жат­қанына да біраз болды. Әсіре­се, Анкараның 2010 жылдан кейін Солтүстік Африка мен Таяу Шы­ғыс­тағы геосаяси ойындарға білек сы­бана кіріскені байқалады. Ең қызығы, Ердоған үнемі ішкі жан­жал­да жеңіске жету мүмкіндігі аз топтарды қолдап келеді. Мәсе­лен, Мысырда Мұхаммед Мур­си­дің билігін мойындады һәм қолдады. Әскери төңкеріс арқылы оны биліктен тайдырған әс-Абдул Фаттах әс-Сисимен әлі күнге тіл табысқан жоқ. Ливияда БҰҰ мойын­даған Ливия ұлттық келісім үкіметін, оның басшысы Файез Мустафа ас-Сарражды жақтайды. Бірақ Ливияда фельдмаршал Хафез Хафтардың әскерлері ел­дің көптеген аймағына бақылау ор­натты. Сирияда оппозицияны қол­дады. Бұл қатынастардағы тағы бір ерекшелігі – Ердоған билігі қарсы болған топтарды үне­мі Ресейдің қолдайтыны. Әс-Сисиді, Хафтарды, Асадты да Мәс­кеу қолдайды. Соңғы екеуін ашық жақтаса, әс-Сисиге тек дипломатиялық каналдар арқылы жақындауда. Әрі Мысырды өңір­дегі ең басты одақтасының бірі са­найды Ресей. Демек, Түр­кия бұл ойындарда тек өзінің ғана емес, НАТО-дағы бірқатар одақ­тас­ының да пайдасы үшін тәуе­келге баратын сыңайлы. Соны­мен қатар билік басындағы партияның келесі сайлауда тағы да жеңіске жетуі үшін «сыртқы дұшпан» табу тәсілі де қажет болған сыңайлы. Түріктердің өз әскерін қатты құрметтейтінін, сыртқы саясатта билікті қолдауға әрқашан даяр тұратынын ескерсек, Режеп Тайып Ердоғанның бұл тәсілі де жемісін беріп қалуы ықти­мал. Әйтпесе, Түркияның ішкі проблемалары көрішнің жерінде ұрыс салудан әлдеқайда маңызды.    width=Амангелді ҚҰРМЕТ