Әсет Шындалиев: Заң үстемдігін орнатуға күш саламыз
Әсет Шындалиев: Заң үстемдігін орнатуға күш саламыз
1,133
оқылды
5 қараша күні Мемлекет басшысы бірқатар заңға жария түрде қол қойды. Соның ішінде «Прокуратура туралы» конституциялық заң да бар. Бұл еліміздегі конституциялық реформалардың жаңа белесі саналары сөзсіз. Осы орайда біз аталған заңның маңызы, қоғам дамуындағы рөлі туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке бірқатар сұрақ қойып, сұхбаттасқан едік. – Әсет Қазақбайұлы, жаңа консти­ту­ция­лық заңның қабылдануына не себеп бол­ды? Бұл заңның қабылдануын про­кура­тура органдары тарихындағы елеулі оқ­иға деп айтуға бола ма? Өйткені прокуратура қыз­меті алғаш рет конституциялық заңмен рет­теліп отыр ғой. – Тәуелсіздік жылдары прокуратура ту­ралы бірнеше заң қабылданды. Бұл заң – төртінші және оның басқалардан басты ерек­шелігі – конституциялық мәртебеге ие болып отыр. Әрине, «Прокуратура туралы» конс­ти­­­туциялық заңның қабылдануына бір­қа­тар негіз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыр­күйектегі өз Жолдауында заң үстемдік ор­натпай және азаматтардың қауіп­сіз­ді­гіне кепілдік берілмей, әлеуметтік-эко­но­микалық дамудың бірде-бір міндеті та­быс­ты жүзеге асырылмайтынын, ал заң­ды­лық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуі керек екенін атап өткен еді. Президенттің осы айтқан сөздері про­куратура қызметін жандандыруға арқау бол­ды. Сонымен қатар биылғы наурыздағы Жол­дауында Президент прокуратура жә­не Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конс­титуциялық заңдар қабылдау туралы тап­сырма берді. Бұл құжаттар заң тәртібін кү­шейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет екенін тілге тиек етті. Сол себепті 5 маусымда референдум ар­қылы Конституцияға енгізілген өз­геріс­тердің бірі – прокуратураның құзыретін, ұйым­дастырылуы мен қызмет тәртібін конс­титуциялық заңда белгілеу жөнінде бол­ды. Бұл түзетулер Конституцияның 83-бабына енгізілді. Осыған орай Мемлекет басшысының тап­сырмасы мен конституциялық рефор­ма­ны жүзеге асыру мақсатында тиісті конс­титуциялық заңның жобасы әзір­ле­ніп, оны Парламент бекітті. Осы аталған мәселелер әділетті Қазақ­стан­да жаңа прокуратураның негізін қа­лауға бастау болады. – Енді «Прокуратура туралы» конс­ти­ту­­циялық заңның негізгі ережелеріне тоқ­та­ла кетсеңіз, оның басты бағыты не ту­ралы? – Сұрағыңыз өте орынды. Консти­ту­ция­­лық заң қадағалау қызметіне гума­нис­тік бағыт беруді және прокуратураның құ­қық қорғау әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Мемлекеттің ең жоғары құн­ды­лық­тары ретінде адамды, оның өмірін, құқық­тары мен бостандықтарын қамтамасыз ету прокуратураның негізгі міндеті болып бекітілді. Бұл құндылықтардың мемлекет үшін маңыздылығы Конституцияның 1-бабында көзделген. Конституциялық заңда прокуратура ор­­гандарының жүйесі толық ашылып жа­зыл­ды және аудандық буыннан бастап ор­­талық органға дейінгі прокура­тура­лар­дың құзыреттері айқын көрсетілді. Яғни, прокуратура қызметін реттейтін заңнама еліміздің қатардағы азаматтары үшін тү­сінікті, ережелері анық және оқуға жеңіл болып жазылды. Енді прокуратураның қызмет бағыт­тарына тоқталсақ. Прокуратура қызметінің басты мақ­саты – заңның бұзылуына жол бермеу, аза­­­­маттардың құқықтарын, қоғам мен мем­лекеттің заңды мүдделерін қорғау, бұ­зылған жағдайда оларды қалпына кел­тіру. Жоғарғы қадағалау қызметі әлеумет­тік-экономикалық, еңбек, жер қатынас­та­ры, денсаулық сақтау және басқа да мә­­селелерді қамтиды. Сонымен қатар азаматтық, әкімшілік, қыл­мыстық процестерде, әкімшілік құ­қық­бұзушылықтар туралы істерді қарауда, ат­қарушылық іс жүргізуде заңдылықтың сақталуына қадағалау жасалады. Конституциялық заң прокуратураның қа­дағалау өкілеттіктерін жүйеледі, оның жұ­мысының кепілдіктерін нығайтты. Про­курорлардың қадағалау бойынша талаптарын орындау шарттары, тексеру жүргізудің негіздері мен тәртібі, тексеруге жа­татын субъектілердің құқықтары мен мін­деттері жіктеліп көрсетілді. Күшіне енген актілерге баға беру функциясының мәні толық ашылып берілді. Прокуратура органдары қарайтын өті­ніштерге келсек, денсаулығына және өз­ге де жағдайларға байланысты өз бе­тін­ше қорғана алмайтын адамдардың, кә­ме­летке толмағандардың, шектелмеген адам­дар тобының, мысалы, бір елді мекен тұр­ғын­дарының құқығын қалпына кел­тіру үшін, заңдылықтың бұзылу фактілері адам денсаулығына зиян келтіретін болса және басқа да реттерде прокуратура арыз-шағымдарды қарай алады. – Конституцияға енгізілген өзгеріс­тер­мен Бас прокурорға жаңадан құрылған Конс­титуциялық Сотқа өтініш жолдау құ­қығы берілді. Бас прокурор қандай мә­се­ле­лер бойынша өтініштер жолдайды және оның тәртібі қалай болмақ? – Бұл сұрағыңызға жауап бермес бұ­рын прокуратураның мына құзыретіне тоқ­талып кеткен жөн. Конституция бекіткен прокуратура ор­­гандарының басты функцияларының бірі – жоғары қадағалау. Оны жүзеге асы­ру­дың мынадай үш формасы бар. Бірінші – заңдылықтың сақталуын тек­серу, екінші – заңдылықтың жай-күйін тал­дау, үшінші – күшіне енген актілерді ба­ғалау. Осы үшінші формасы, яғни күшіне ен­­­ген актілерді бағалау – мемлекеттік ор­­­гандардың, мекемелердің, квазимем­ле­­­кеттік сектор субъектілерінің актілері мен шешімдеріне зерделеу арқылы жүр­гі­зіледі. Олар заңдарға немесе ел Пре­зи­ден­тінің Жарлықтарына қайшы келсе, он­да прокурор өзінің қадағалау актісін ен­­гізіп, күшін жоюды немесе заңдарға сәйкес келтіруді талап етеді. Ал егер де заң және оған тәуелді нор­мативтік-құқықтық актілер Конс­ти­туцияға қайшы болса, онда Бас прокурор олар­ды тексеру үшін Конституциялық Сотқа жолдайды. Демек, Бас прокурордың Консти­ту­ция­­лық Сотқа жүгіну құқығы күшіне ен­­ген актілерді бағалау бойынша құзыре­ті­нің үйлесімді жалғасы деген сөз. Сонымен қатар халықаралық шарт­тарды бекіткенге дейін олардың Конс­ти­ту­цияға сәйкестігін қарау турасында, Конс­титуцияның нормаларына ресми түсін­дірме беру жөнінде Конституциялық Сот­қа өтініш жасай алады. Бас прокурорға берілген бұл құзырет­тер адам құқықтарын қорғау мен қалпына келтіру тиімділігін арттырады. – Егер азаматтарымыздың құқықтары бұзылса, прокурор қоғам өмірінің кез келген саласына араласа ма? – «Прокуратура туралы» конституция­лық заңның 1-бабына сәйкес оның қыз­ме­тінің басты мақсаты ел аумағында заң­­­­ды­лықтың сақталуына жоғары қадаға­лауды жүзеге асыру. Алдымен қылмыстық салаға тоқта­л­сақ. Қылмыстық-процестік заңнамада қыл­мыс тіркелген сәттен бастап, жаза өте­ліп болғанға дейінгі барлық сатыда заң­дылықты қамтамасыз ету, азамат­тар­дың құқықтарын қорғау және қалпына кел­тіру, жалпы қылмысқа қарсы күресті үй­лестіру жөніндегі прокурорлардың нақ­ты міндеттері айқындалған. 2021 жылдан бері тергеу органдарының адам­ды күдікті ретінде тану, оның жасаған қыл­мысын саралау, тергеу мерзімдерін үзу ту­ралы шешімдері міндетті түрде пр­о­курор­­мен келісіледі. Сонымен қатар прокурор қылмыстық істі тоқтату, қылмыстық қудалау туралы, бұй­рық өндірісін қолдану туралы қаулы­лар­ды, қылмыстық теріс қылық туралы хат­таманы бекітеді. Жыл басынан бері тергеу сатысының ең басты қорытынды құжаты – айыптау ак­тісін прокурор өзі әзірлеп, бекітетін бол­ды. Қылмыстық істер бойынша тергеу са­тысына енгізілген бұл тәртіп азамат­тар­ды негізсіз айыптаудан және құқын шек­теу­ден қорғауды қамтамасыз етуге, заң­дылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған. Енді қылмыстық істер бойынша сотта айып­тауды қолдауға келсек. Мемлекеттік айып­тауды қолдаған кезде прокурорлар ең алдымен кінәсіздік презумпциясын, заң­дылық, әділдік, жазаның бұлтарт­пас­тығы принциптерін басшылыққа алады. Қылмыстық-атқару саласында қа­дағалау сот үкімі күшіне енген сәттен бас­тап және адамның соттылығы алын­ған­ға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Яғни, адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі прокуратураның құзыреттері қыл­мыстық қудалау саласының барлық са­тысын қамтиды. Ал енді қылмыстық қудалаудан тыс мә­­селелерге келсек, әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық салада прокурор жасайтын тек­серу­дің, заңдылықтың жай-күйін талдау­дың, актілерді бағалаудың жүзеге асырылу тә­сіл­дері, мерзімдері мен нақты объекті­ле­рі, тексерілетін субъектілердің құқық­тары және басқа да мәселелер заңда жік­теп көрсетілген. Мысалы, Мемлекет басшысы немесе Бас прокурор тапсырма берген жағдайда ға­на прокурор жеке кәсіпкерлердің жұ­мы­сын тексере алады. Заңда кәсіпкерлер­дің қызметіне ретсіз араласуға жол бермеу үшін осындай шектеулер қойылған. Облыс және аудан прокурорлары осы конституциялық заңда көрсетілген мәсе­лелер шегінде ғана тексерулер тағайындап, оны жүргізеді, атап айтсақ, денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен өз бетінше қорғана алмайтын адамдардың, кәмелетке толмағандардың, шектелмеген адам­дар тобының құқықтарын қорғау қа­жет болса, заңдылықтың бұзылуынан адам денсаулығына зардап келуі мүмкін бол­са және өзге де мәселелер туындағанда тексеру тағайындалуы мүмкін. Конституциялық заң мемлекеттік ор­гандар жеке кәсіпкерлер қызметіне заң­сыз араласқан жағдайда, оларды қорғау үшін прокурорларды тексеру жасау тура­лы шешім қабылдауға міндеттейді. – Прокурор заңбұзушылықты анықта­ған жағдайда қандай шешімдер қабылдауға құқылы? – Бұл мәселе конституциялық заңда то­лық реттелген. Заңбұзушылықтар бойын­­ша прокурор қадағалау және ден қою актілерін енгізе алады. Прокурорлық қа­дағалау актілеріне: наразылық, санк­ция, нұсқау, ұсыну, қаулы жатады, ал про­курорлық ден қою актілеріне – өті­ніш­хат, талап-арыз, үндеу, заңдардың бұ­зылуы­на жол берілмеу туралы түсіндір­ме жатады. Прокурорлық қадағалау және ден қою ак­тілері заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау, өтініштерді қарау нәтижелері бойынша қабылданады. Бұл актілер мемлекеттік органдар, ұйымдар және лауазымды адамдар үшін орындауға міндетті. Мысалы, Конституцияға, заңдарға, Пре­зиденттің Жарлықтарына қайшы ке­ле­тін мемлекеттік органдардың, меке­ме­лер­дің, лауазымды адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне прокурордың наразылық білдіру құқығы бар. Өз қаулысымен мемлекеттік орган­дар­дың, мекемелер мен квазимемлекеттік сек­тор субъектілерінің заңсыз тыйым салу не шектеу шараларының күшін жоя ала­ды. – Тексеру жүргізу кезінде прокурорлар басқа бақылаушы органдардың құзырет­терін алмастырып жүрмей ме? – Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мы­наны ескерген жөн деп ойлаймын. Прокуратура – еліміздің аумағында заң­ның дұрыс қолданылуын қадағалайтын және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету­ші мемлекеттік органдардың бірі. Тәуелсіздік жылдары прокуратурадан бас­қа да уәкілетті органдар қалып­тас­ты­рыл­ды, сот билігінің шеңбері ұлғайып, аза­маттардың бұзылған құқықтарын қал­пына келтірудің жаңа механизмдері жа­сақ­талды. Мысалы, азаматтық дауларды шешуде ад­вокаттар мен кәсіби заңгерлердің рөлі кү­шейді. Бітімгершілік келісім жасасу, ме­диация рәсімдері сияқты механизмдер ен­гізілді, нотариустардың мүмкіндіктері кеңей­тілді, азаматтарға білікті заң көмегін көр­сету жетілдірілді. Соңғы екі жылдың ішін­де әкімшілік юстиция жұмыс істеп жа­тыр. Конституцияға сәйкес жоғары қадаға­лау­дың маңызы мынада –прокуратураға өз­ге бақылаушы-қадағалаушы органдар­дың үстінен қадағалау жасау жүктелген. Конс­титуциялық Кеңес, жоғары қада­ға­лау терминіне түсіндірме бере келе, осын­дай жауап берді. Конституциялық заңға келсек, ол про­куратура органдарына басқа мемле­кет­тік органдарды алмастыруға тыйым са­лады. Яғни, бұл дегеніміз басқа орган­дар­дың, мысалы, кедендік, салықтық ба­қылау, көлік, еңбек инспекторлары, са­нитарлық-эпидемиялогиялық қыз­мет­тің құзыреттерін алмастырмайды дегенді біл­діреді. Әйткенмен, бір мәселеге назар аудар­ғым келеді. Егер адамның құқықтарын қор­ғайтын уәкілетті орган жоқ болса не­ме­се уәкілетті орган өтініштерді жөнді қара­маса, онда оны прокуратура қарай алады. Сонымен қатар өндірісіндегі мате­риал­дар, өтініштер бойынша уәкілетті ор­гандарға сараптама жасауды, тексеру жүр­гізуді тапсыра алады. Прокурордың мұн­дай талаптарын дер кезінде орындау жауапты уәкілетті органдарға жүктеледі. Қадағалауды жүзеге асырған кезде про­курорлар басқа бақылаушы-қадаға­лау­шы органдардың деректерін, мәлі­мет­терін қолдануға құқылы. Заңдылықты қам­тамасыз ету бойынша мемлекеттік орган­дардың жұмысын үйлестіруші орган ретінде оларға бағыт-бағдар беріп, өкі­леттіктерін жүзеге асыруға ықпал етеді, олар­дың тексеру жасауына бағыт беріп, бейім­дейді. Сол арқылы уәкілетті орган­дар­ды заң бұзуға жол бермеуге жұмыл­дырады. Мысалы, талдау жасау нәтижесі бойын­­ша уәкілетті органның алдына тиіс­ті шаралар қолдану туралы мәселелер қойып, ұсыныстар енгізе алады. – Осы заңдылықтың жай-күйін талдау туралы түсіндіріп берсеңіз... – Талдау дегеніміз – жоғары қадаға­лаудың бір құралы. Мұндай жұмыстарды про­курор мекемелерге бармай, яғни олар­дың күнделікті жұмысына кедергі кел­тір­мей орындайды. Талдау жекелеген салалардағы жағ­дайға мониторинг жасау немесе ақпарат көз­дерінен алған деректер, арыз-шағым­дар, мемлекеттік органдардан, өзге ұйым­дар мен мекемелерден алынған ақпарат­тар, құжаттар мен материалдар негізінде жүр­гізіледі. Сондай-ақ статистикалық мә­ліметтер, азаматтық, қылмыстық және әкі­мшілік құқықбұзушылықтар туралы іс­тер пайдаланылады. Қазір, мысалы аумақтық прокурорлар жос­парлы түрде бюджет қаражатын жұм­саудың заңдылығы мен тиімділігі, көлік қауіпсіздігі, экологиялық, табиғи және тех­но­гендік сипаттағы төтенше жағдай­лар­дың алдын алу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және басқа да мәселелер бойынша талдау жүргізеді. Талдау жасау кезінде кейбір мәліметтер немесе құжаттарды зерделеу қажеттілігі туын­даса, оларды алдыра алады, сонымен қа­тар лауазымды адамдарды, заңды тұл­ғалардың өкілдерін түсініктемелер алу үшін шақыруы да мүмкін. – Заңда прокуратура мен Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл өзара іс-қимыл жасай­ды деп көрсетілген. Бұл қалай орындалмақ? – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конс­титуциялық орган және оның да біз­дің де қызмет мақсатымыз бір – адам­дар мен азаматтардың құқығын қорғау, бұзыл­ған болса, қалпына келтіру. Сондықтан прокуратура Адам құқық­тары жөніндегі уәкілдің қызметіне қажетті көмегін беретін болады. Өйткені заңсыз­дық­тан зардап шеккендер өздерінің мұ­ңын айтып прокуратураға және Адам құ­қықтары жөніндегі уәкілге келеді. Өздеріңізге белгілі, «Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл туралы» конституциялық заңға да Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл заңда мемлекеттік органдармен қарым-қа­тынас негіздері, өз құзыретін орындау кезінде басқа уәкілетті органдар көмегімен жүзеге асыратын өкілеттіктері көзделген. Жалпы, қазірдің өзінде прокуратура ор­гандары мен Адам құқықтары жөніндегі уә­кіл арасында қарым-қатынас қалып­тас­қан, өзара жедел ақпарат алмасуды жолға қой­дық. Бірігіп жұмыс істеу алгоритмін одан әрі жетілдіреміз деп ойлаймын. Қазіргі жағдайға келсек, көбіне Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл азаматтардан ке­ліп түскен өтініштерді, әсіресе қылмыс­тық қудалау мен қоғамнан оқшаулау меке­ме­лерінің қызметіне арыз-шағымдарды тек­серу үшін Бас прокуратураға жол­дай­ды. Прокурорлар оларды тексеріп, негіз бол­ған жағдайларда тиісті шаралар қол­данады, қадағалау актілерін енгізеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл осы­дан 9 жыл бұрын құрылған Ұлттық алдын алу тетігінің жұмысын үйлестіруші. Аталған институттың жұмысы шең­берін­де де Бас прокуратура өзінің құзыреті аясында Уәкілге көмек көрсетіп, бас бос­тан­дығынан айыру мекемелерін пре­вен­тив­ті тексерулер кезінде ықпалдастық ете­ді. Осы жылдың басынан бері Адам құ­қық­тары жөніндегі өкілмен бірлесіп бір­неше мәрте бас бостандығынан айыру ме­кемелері мен тергеу изоляторлары тек­серілді. Тексеру кезінде бірқатар сот­талған адамның бұзылған құқықтары қал­пына келтірілді, соның ішінде – әлеу­меттік төлемдер алу, еңбек ақы төлеу және бас­қа да мәселелер. Өткенде Президент қол қойған заң­дар­мен азаптау туралы істерді сотқа дейін­гі тергеп-тексеру прокуратураға жүктелді. қаңтардан бастап азаптау­ларды прокурор тергейтін болады. Бұл заңнамалық өзгерістер Бас про­кура­тура мен Адам құқықтары жөніндегі өкіл арасындағы өзара байланыстың не­гізгі бір бағыты болады деп пайымдаймын. – Әсет Қазақбайұлы, прокуратура жұ­мы­сының ауыр да жауапты екені белгілі. Прокурорлар қабылдаған шешімдер адам тағдырымен байланысты. Жалпы алғанда, прокурор қандай болуы тиіс деп ойлайсыз? – Әрине, прокуратураның жұмысы, про­­­­курорға жүктелген міндет өте жауапты. Сондықтан ең алдымен прокурор табан­ды, белсенді, алдына нақты мақсат қоя бі­летін, елмен тіл табысып жұмыс істей ала­тын, бойында ұйымдастырушылық қа­сиеттері бар, тез шешім қабылдауға бейім және де әділ адам болуы тиіс деп ой­лаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН