Баспа орталығына қаламгер Таңдай Кенеевтің есімі берілді
Баспа орталығына қаламгер Таңдай Кенеевтің есімі берілді
681
оқылды
Алматыда Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі баспа орталығына белгілі жазушы-сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби және «Дарабоз» сыйлықтарының лауреаты, ғалым Таңдай Кеневтің есімі берілді. Оқу орнындағы аталған орталыққа қаламгердің есімі берілуі кездейсоқтық емес. Таңдай Кенеев осы оқу орнын бітірген күннен бастап ғұмырының аяғына дейін өзі оқыған университетте оқытушы, факультет деканы, проректор боп қызмет атқарды. Заманауи талапқа сай жаңарып, есімі беріліп жатқан баспа орталығының ашылуына бастамашы болып, өзі алғашқылардың бірі болып басшылық жасады. Салтанатты шараға белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар мен университет басшылығы мен ұжым қатысты Кіріспе сөз сөйлеген университет ақсақалдар алқасының төрағасы, белгілі ғалым, академик Ұлықпан Сыдықов көзі тірісінде үзеңгілес болған досы жайлы тартымды да тұщымды естеліктерімен бөлісті. Оқу орнының Басқарма төраға-ректоры Мейрам Бегентаев шараға қатысушыларды құттықтап, келген қонақтарға алғыс білдірді. Таңдай Кенеев Одан кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, Бауыржан Жақып қаламгердің есімінің осылай ұлықталып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар игілікті істің басы-қасында жүрген оқу орны басшылығы мен марқұмның артында қалған жұбайы мен ұрпақтарына алғыс білдірді. Артынан сатириктің өмірлік жары, Гүлбаршын Арынованың иығына қаламгерлер атынан камзол жауып, сый көрсетті. Баспа ісімен айналысатын орталыққа белгілі сатириктің есімінің берілуіне келген белгілі қаламгерлер Еркін Жаппас, Доқтырхан Тұрлыбек, Толымбек Әлімбек, Ермахан Шайхы мен өзге жолдастары Кенеев туралы келелі естеліктер айтты. Сонымен қатар, марқұмның қыздары Гүлнар мен Әсел әкелерінің әруағын сыйлап келген барша көпшілікке алғысын білдірді. Таңдай Кенеев Айта кетейік, жазушы, сатирик, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Таңдай Кенеев 1947 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келіп, 2008 жылы Алматы қаласында өмірден өтті. Қаламгердің шығармалары көзі тірісінде оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Әсіресе, «Бомж» атты кітабы әдеби ортада өз бағасын алып, жоғарыда айтқан «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығына лайық деп танылды. Ол көптеген ғылыми-техникалық оқулықтарды қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар өзі де ғылыми еңбектер жазды.