Ресейлік педагог ғалымдар білім алушылардың белсенді және саналы позициясы интернеттегі пайдалы мазмұнды таңдауға көмектесетінін және жеке тұлғаның дамуына ықпал ететінін көрсетті. «Психологиялық ғылым және білім» журналында жарияланған зерттеу қорытындылары туралы РИА Новости агенттігі жазды. Осы материалға сілтеме жасай отырып Aikyn.kz интернеттің кері әсерінен жастар мен жасөспірімдерді қалай қорғауға болатынын талдайды. [caption id="attachment_228862" align="aligncenter" > Өмірде белсенді болу, білім алуға деген саналы көзқарас (субъективті ұстаным) интернеттің теріс ықпалынан қорғайды. Фото Getty Images сайтынан алынды[/caption] Ақпараттық әлемде жастардың өмірін, олардың дамуын интернетсіз елестету мүмкін емес. Мәскеу мемлекеттік психологиялық-педагогикалық университетінің (ММППУ) ғалымдары ғаламдық желіні пайдалану мен әртүрлі мазмұндағы контентке басымдық беру жасөспірімдер мен жастарға, соның ішінде олардың мамандық таңдауына әсер ететінін айтады.
Университет ғалымдарының пікірінше, интернет желісін оқуға және өзін-өзі дамытуға пайдалануға ықпал ететін факторларды зерттеу өте маңызды. Сондай-ақ, нақты өмірдегі мәселелер мен оларды шешуден қашу, кейінге ысыру, әлеуметтік желілердегі көңіл күйлерге берілу адамның интернетке тәуелділігін көрсетеді.Зерттеуде өмірдегі белсенді ұстаным, оқуға деген қызығушылық және оқушылардың білім алуға деген саналы көзқарасы (субъективті ұстаным) интернеттің теріс ықпалынан қорғанудың ең жақсы жолы екені анықталды. [caption id="attachment_228863" align="aligncenter" > Әлеуметтік желіге бағыныштылық жеке бастың қауіпсіздігіне әсер етеді, өкінішті жағдайға ұшырауды арттырады. Фото Getty Images сайтынан алынды[/caption] Оқушы жастардың осындай позициясы оларға интернеттегі уақытын бақылауға, азайтуға және желідегі оқиғаларға эмоционалды түрде тәуелді болмауға мүмкіндік береді.
«Өкінішке қарай, ата-аналар мен мұғалімдер оқушылардың барлық сыртқы талаптарды орындауын қолдайды. Бұл пассивті және бағынышты позицияны күшейтеді, оқушы жастардың тәуелсіздігі мен әлеуметтік өмірде белсенді болуына ықпал етпейді», – дейді ММППУ-дың Косультативтік және клиникалық психология факультетінің деканы Алла Холмогорова.Ғалымның пікірінше, жастар мен жасөспірімдердің бағынышты болуға бейімділігі және олардың сыртқы бағалауға көп мән беруі интернет кеңістігіндегі әртүрлі айла-шарғыларға ұшырау қаупін арттырады. Зерттеушілердің пікірінше, өмірдегі саналы ұстаным жеке тұлғаны дамыту үшін де маңызды. Сондықтан ұстаздар мен ата-аналар жастардың мәселелерді өз бетінше шешуге бағыттау және өзіндік көзқарасын қалыптастыруға үйретуге назар аударуы қажет.