Атыраулық әуесқой актер үш сериядан тұратын «Ойран» фильмін ешқандай бюджетсіз қалай түсіргенін айтып берді
Атыраулық әуесқой актер үш сериядан тұратын «Ойран» фильмін ешқандай бюджетсіз қалай түсіргенін айтып берді
2,357
оқылды
Атырауда «Ойран» атты фильм түсірілді. Үш сериядан тұратын кино отбасылық, тұрмыстық мәселелерді көтереді. Интернет-премьерасы өткен кино әуесқой ұжымның туындысы. Идея авторы, киноға продюсерлік еткен Ильяс Бекболатұлы кәсіби актер, режиссер емес. Ол Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның домбырашысы. Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылында өмірге келген Ильяс Бекболатұлы ешқандай бюджетсіз қалай фильм түсіргенін әңгімелеп берді. – Кино түсіру туралы идея қайдан пайда болды? – Киноға түсу бала кезімнен арманым болатын. Далада қой бағып жүріп, өзіме ұнаған актерлардың қимылдарын салып жүретінмін. Біздер Жан-Клод Ван Дамм, Арнольд Шварценеггер, Джеки Чан​ сынды актерлардың боевик жанрындағы киноларын көріп өскен ұрпақпыз. Осы актерлардың керемет трюктарға толы фильмдерін көрген уақытта «мен де осылай киноға түссем екен» деген балаң арманым болатын. Бірақ, мектептен кейін оқуға түсу, жұмыс істеу, отбасын құру сынды тірліктермен жүріп, бұл арманым ұмыт қала берді. Сөйтіп жүргенімде Атырауда «Ақ пен қара» атты кино түсіріліміне кастинг жарияланғанын естіп, бағымды сынауға бекіндім. Жолым болып, кастингтен өттім. Тіпті, алғашқы түсірілімдер Алматыда басталып, таудың етегінде түскен біраз кадрларымыз болды. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты, кино түсірілімі уақытша тоқтап қалды. Осы кезде айналамдағылар «түсіп жатқан киноң қайда?» деген сұрақты көп қоя бастады. Мысқылдағандар, күлгендер де болды. Сондай күндердің бірінде шағын да болса кино түсіремін деген шешімге келдім. – Кинодағы жабық тақырып арқылы қоғамға қандай идеяны жеткізгіңіз келді? – Жалпы мені отбасы тақырыбы қатты қызықтырады. Қазір қоғамда ажырасу өте көп. Отбасын сақтай алмай екі жаққа кеткен жұптардың арасында бейкүнә балалар жапа шегіп жатыр. Отбасы бола тұра, басқа бір қыздарды жүкті етіп, далаға тастап кетіп жатқан жігіттер де бар. Мен осы тақырыпты қозғау арқылы, жауапкершіліктен қашып жүрген жігіттерді қамшылап алғым келді. Басқаны жүкті еттің екен, демек, ол қыздың алдында да жауапты екеніңді ұмытпауың керек. Өйткені, ол қыз да бір әулеттің адамы. Оның артында рулы ел бар. Әрине, бұл өз отбасыңды таста деген сөз емес. Киноны қарасаңыз, басты кейіпкер Асқар екі жақты да тең ұстауға тырысады. – Шымкент, Алматыдай емес, Атырауда кино түсіріле бермейді. Кино түсіру бағытында қандай қиындықтар болды? – Кино түсіру бір күннің шаруасы емес. Оған арнайы уақыт бөлу керек. Және киноға түсуші актерлардың, оператор сияқты негізгі құрамның өздерінің ақы алып жүрген жұмыстары болған соң да, бос уақыт белгілеу, локация табу, басқа да дүниелерді бір мезгілге үйлестіру – бәріне қажыр-қайрат керек. Оның үстіне, бұл менің алғашқы туындым. Бірінші бөлімдегі түсірілім барысында тәжірибемнің жоқ екендігі өзіме кәдімгідей сезілді. Сөйтіп, кейінгі бөлімдерде алдыңғы қателіктерді қайталамауға тырыстым. Рас, Атырауда кино көп түсіріле бермейді. Бірақ, алға қарай бұл индустрия дамиды деген ойдамын. Себебі, «Ойран» киносына түскеннен кейін, «енді мынаны түсірсек» деп, ойларын, идеяларын айтып жатқандар көп болды. https://youtu.be/_hi256AB_vg – Актерлардың дені кәсіби актерлар емес. Жалпы, түсірілім алаңына актерлар қалай таңдалды? – Ең алдымен, мені түсініп, қолдау көрсеткен барша актерлар қауымына алғыс айтқым келеді. Өйткені, актерлардың барлығы киноға ақысыз түсті. Әрине, кәсіби актерларды алуға болатын еді, бірақ, олар еңбекақы талап етті. Сол себепті, жобамызға түрлі саладағы адамдар келді. Бойында таланты, киноға деген қызығушылығы бар адамдарды алуға тырыстым. Киноның екінші бөлімін қарасаңыз, онда басты кейіпкер Асқардың екінші әйел етіп алатын Ару есімді қыздың әкесі рөлінде белгілі актер Нұрбек Мәдиев ойнайды. Әйгілі "Бауыржан шоу" театрының бұрынғы әртісі Нұрбек Мәдиевтің менің жобама келуінің өзі қызық болды. Киноның бірінші бөлімі Атырау қаласы маңындағы Алмалы ауылында түсірілді. Нұрбек ағамыз осы Алмалы ауылында тұрады. Ол киноның түсірілімі болып жатқанын сыртымыздан көріп кеткен екен. Екеуміз бір жерде жұмыс істегенімізбен, ол кісі менің есімімді біле бермейді. Сөйтіп, бірде екеуміз Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның ішінде оңашалау кездесіп қалдық. Ол кісі «сені іздеп жүр едім, киноң қалай болып жатыр?» деп сұрады. Мен бірінші бөлімнің аяқталғанын айттым. Ол кісі киноны жалғастыруға қалай қарайтынымды сұрады. Мен екінші бөлімге байланысты ойларымды айттым. Әңгімемді мұқият тыңдаған ол кісі мені қолдап, режиссерлікті өзі алып жүретінін айтты. Сөйтіп, екінші бөлімге ол кісі кәдімгідей еңбек сіңірді. Кино әлеміне жасаған алғашқы қадамымда ​ біте қайнаса жұмыс істеген ең бірінші режиссерім осы Нұрбек Мадиевке және бір топ актер-актрисалар – Талжібек Қажығалиқызына, Аман Аронов, Айбол Серіков, Мария Нұғмарова, Ақмарал Ғилаш, Нұрхан Кәрім, Қайрат Алдамжаровқа ерекше алғысымды білдіргім келеді. ​ Және азғантай ғана қаражатқа киноны түсіріп, монтаждаған «Bastau Media», «Tantai film» студиялары ұжымының еңбегін атап өткім келеді. – Сіз қысқа метражды деп қарапайымдылық танытқаныңызбен, бәрібір ІІІ сериялы толыққанды кино жасап шығардыңыз. Осы кинодан кейін өміріңізде қандай өзгерістер болды? Кино сізге танымалдылық әкелді ме? Немесе қандай да бір ұсыныстар болды ма? – Кино жарыққа шыққаннан кейін, ауылдастарым, жергілікті әкімдік тарапынан құттықтаулар, жылы лебіздер болды. Аса бір айтарлықтай танымалдылық болмаса да, белгілі бір деңгейде өзгеріс бар. Кинодан кейін бірқатар роликтерге түстім. Тағы да ұсыныстар түсуде. Оның барлығы уақыттың еншісінде. Десе де, демеушілер табылып жатса, түсіруге болатын тақырыптар көп. – Кино түсіру тек ірі қалалардағы ірі продюсер, режиссерлердің ісі деген стереотип бар. Сіздің ойыңыз? – Тәжірибелі адамдардың еңбегі ұшан-теңіз. Олардың аппараттары, құрал-жабдықтары бәрі кәсіби деңгейдегі талаптарға жауап береді. Әрі ол кісілер киноны үлкен экранға арнап түсіреді. Осы жерде бір назар аударарлығы, 1995-2000 жылдары Қазақстанда түсірілген киноларды алып қарасаңыз, бірқатар фильмдерден кәдімгідей олқылықтарды байқауға болады. Бірақ, қазір сол 2000 жылдары кино түсіріп бастаған режиссерлер шығармашылық тұрғыда қарыштап дамып кеткен. Бұл нені білдіреді? Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ. Сол сияқты адам да өз қадамын аз нәрседен бастайды. Мен соны түсіндім. Сондықтан, кино саласына қызығушылық танытып, бір дүниені бастағысы келіп жүрген замандастарыма «тоқтама, шектелме» дегім келеді. – Кино жарыққа шыққаннан кейін қоғамның реакциясы қалай болды? – Әрине, сын болады. Әсіресе, әйел адамдар тарапынан көп сын пікірлер айтылды. «Екінші отбасын насихаттадың» деп айыптағандар да болды. Бұл жерде мәселе екінші әйелде де емес. Мәселе ер азаматтың жауапкершілігінде және ұрпақ алдындағы міндетінде. ​ Одан бөлек, кинода құмар ойынына құштарлықтың қасіреті, достық, сатқындық, ақшаның буы сияқты мәселелер де көтеріледі. ​ ​ ​ ​ Сұхбатымызды қорытындыласақ. Кино түсіру үшін, қалта қалың болу керек екен. Мен соны түсіндім. Бұл кинода қаражат тек оператор-монтаждаушыларға ғана төленді. Киноның бірінші бөлімінде кейіпкердің құмар ойынның соңына түсіп кететіні бар. Сол бөлімде бас кейіпкердің ұлы «әке бізді адал ақшамен асырашы» деп жылайды. Осы уақытта Асқар казинодан тапқан ақшаны тастап, отбасын таңдайды. Яғни, ата-ана ұрпақтың алдында жауапты. Әсіресе, әке балаға жол көрсетуші мектеп болуы керек. Кино арқылы тәрбие, ұрпақ алдындағы жауапкершілік, әкенің рөлі тақырыптарында ой тастағым келді.