«Қазфосфаттағы» шу: мәселені жұмыс тобы зерделейді
«Қазфосфаттағы» шу: мәселені жұмыс тобы зерделейді
695
оқылды
Бірер ай бұрын қаланы бір кеште түтінге тұншықтырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тағы да шу шықты. Серіктестіктің цифрлық трансформация басқармасының басшысы Олег Куликов кә­сіпорын жұмысшыларына тіл тигіземін деп жұмысынан айырылды. Анығын айтқанда, мекемеде жұмыс істейтіндерге қарата айтылған бір­ауыз сөзі ұлтараздық қақтығыс туғыза жаздаған Куликовтың бұдан бас­қа амалы қалмады. Ал жұмысшылар Куликовты жұмыстан қуғанмен, кә­сіп­орындағы әлеуметтік мәселелер өздігінен шешіліп кете қой­май­тынын айтып, өз талаптарын жеткізді. Бәрін басынан бастасақ... 23 қараша кү­ні сағат 11.40 шамасында цифрлық транс­формация басқармасының бас­шысы мен зауыт қызметкерлері ара­сын­да жанжал шыққан. Басқарма басшы­сы­ның балағат сөзіне шыдай алмаған жұ­мысшылар тайлы-тұяғы қалмай кө­те­ріліпті. Басшының қазақ жұмыс­шы­ларына басына сөйлеуі кәсіпорындағы әлеуметтік мәселелерден әбден қа­жы­ған­­дардың шамына тиген. Олар бейәдеп бас­шыны орнынан алуымен бірге бір­қатар әлеуметтік мәселенің шешілуін та­лап етті. Ашынған жұмысшыларға басу айтуға облыс әкімінің бірінші орын­­­ба­сары Нұржан Календеров, облыс әкі­мінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен облыс прокурорының орынбасары Нұр­бек Ұласбекұлы келді. Соған қара­мас­тан жұмысшылардың бірі Олег Ку­ли­ковты соққыға жықты. Тәртіп сақшы­лары басқарма басшысын ашынған аза­маттың жұдырығынан әзер арашалап алды. Екі жүзге жуық жұмысшының ашуы кейіннен Олег Куликов көпшілік алдында кешірім сұраған соң тарқай бастады. Осы аралықта жергілікті билік басқарма басшысының жұмыстан босатылғаны туралы бұйрықты бұқараға көрсетті. Осымен кикілжіңнің түйіні тар­­қағандай болған. Алайда бұл дауда талай уақыттан бері іштен тынып келген зауыт қызметкерлері жанайқайын жеткізіп қалуға ты­рыс­ты. Бірінен кейін бірі көкейіндегісін айтқан жұмысшылардың мәселесін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тыңдады. Зауыт ішінен 20 адамдық жұмысшы тобы құрылатын болды. Шындап келгенде, зауыт жұмысшыларының жауаптыларға қойған талабының қай-қайсысында орынсыз деуге болмайды. Олар жалақының аздығын, кәсіпорындағы құжат айналымында ресми тілге басымдық берілетінін ашына жеткізді. Құжат орыс тілінде жүргізілгендіктен, оны қазақтілділер түсінбей қалады. Сол секілді жалақы мәселесінде де теңдік сақталмағаны байқалады. Басшылық құрам 18-24 миллион теңге аралығында жалақы алатын болса, жұмысшылардың орташа еңбек­ақысы 150-180 мың теңге аралығында. Сондай-ақ зауыт қызметкерлері кәсіпорындағы жоғары қызметтерге тек басшының туыс­тары тағайындалатынын, ал тіреуі жоқтар қатардағы жұмысшылықты қанағат тұтып келген екен. Бұдан бөлек, фосфор цехында жұмыс істейтіндерге зиянды еңбегі үшін қосымша төлем де қарастырылмапты. Міне, осы сынды мәселелерді ашып жеткізгендердің талап-тілегін енді арнайы құрылған жұмыс тобы зерделейді. Әлбетте, оқиғаның ушығып кет­пегені дәтке қуат. Алайда өзге ұлт өкілін басшылыққа тағайындап, онысы жұмысшылармен тіл табыса алмай жүрген кәсіпорындағы жағдай көпшілікті ойландырады. Әрі осыдан кейін де мұндай жағдайдың қайталанбасына кепіл жоқ. Қазфосфат ЖШС Жұмысшылар мұның бәрін «Қазфосфат» акцияларының ре­сей­лік азаматтарға сатылып кетуімен байланыстырады. Серіктес­тікке иелік еткен ресейліктер тіп­ті цехтың басшылығына өз отан­дастарын қойып, қазақтарды шеттете берген. Сондықтан зауыт қызметкерлері кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтаруды талап етіп жатыр. Көп ұзамай зауыт жұмысшылары көтерген мәселелерге өзі­міздің де көзіміз жетті. Мәселен, Олег Куликовты қызметтен босату туралы бұйрық тек орыс тілінде жазылған. Бұл кәсіпорында ресми тіл негізгі қолданыста болып, мемлекеттік тіл мүлде елеусіз қалғанын көрсетеді. Айлық жалақының да алшақтығы шындыққа жанасатын секілді. Себебі зауыт қызметкерлері басқарма басшысы ара-тұра Мәскеуге арнайы ұшақпен ұшатынын айтып отыр. Расында, «Қазфосфат» ЖШС Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қыз­метінен кеткеннен кейін жү­рі­сінен жаңылды. Оның орнына келген Нұрхан Нығматуллин ше­телдік серіктес компаниялармен сөзге келіп қалып, экспорт көлемі бірден төмендеп кеткен екен. Тіпті, кәсіпорынның жаңа басшысы зауытқа оққағарларымен келіп, жұмысшыларға тіл тигізгені де ай­­тылған. Соның сал­дарынан кә­сіп­орында талай жыл еңбек еткен қызметкерлердің кей­­бірі өз еркімен жұмыстан шы­ғып кеткен.
– «Қазфосфат» жауапкершілігі серіктестігін 17 жыл басқардым. Сондықтан кәсіпорында болып жатқан жағдай менің жаныма батады. Өндіріс орнын басқарғанымда басшылық қызметке ше­тел­­ден бір азамат шақырған емес­пін. Барлығы өзіміздің азаматтар болды. Ал жұмысшылардың 85 пайызы жергілікті тұрғындар еді. Қазіргі кәсіпорын басшылығының саясатын түсінбеймін. Өзіміздің кадрлар тұрғанда Ресейден маман шақырудың қаншалықты қажеті бар? Оған қоса, шеттен келген ма­мандарға қомақты жалақы төлеу де ақылға қонымсыздау. «Қазфосфат»-тағы кейінгі жағ­дайларды бақылап отырып өзім әлеуметтік қақтығыс болатынын сездім. Біз Әділетті Қазақстан құр­ғымыз келсе, ең бірінші ұжым­дар арасында әділеттілік орнатуымыз керек. Кешегі толқудан кейін мұндай жағдайлар Жаңатас, Қаратау қалаларындағы цехтарда да болуы мүмкін. Сондықтан жауаптылар өндіріс орнындағы жұмысшыларды бөле-жарып қарамай, барлық кәсіпорында бірдей жағдай жасауы керек. Әйтпесе, ұжымдық кикіл­жіңдер қайта көрініс табуы ықтимал. Бұл тұрғыда облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы қайда қарап отырғанын түсінбеймін. Ұжым­дарды қадағалап, еңбек адам­­дарының жағдайын білу со­лар­дың тікелей міндеті. Сондық­тан «Қазфосфаттағы» жағдайды зауыт басшылығы да, жергілікті билік те жіті назарға алады деп сенемін, – дейді «Қазфосфат» ЖШС-ның бұрынғы басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.
Мұқаш Зұлқарнайұлының сөзі орынсыз дей алмайсың. Себебі «Қазфосфатта» кейінгі кездері болып жатқан жағдайларды көп­шілік естіп, біліп отыр. Мәселен, шілде айында кәсіпорынның қондырғысы істен шығып, Тараз қаласын көк түтін басып қалса, кейін­нен зауытта құрылыс жүргізіп жатқан бір азамат биіктен құлап мерт болды. Шындап келгенде, өңірдегі ең ірі кәсіпорындағы осы сынды жағдайлар ойландырмай қоймайды. Сондықтан ендігі кезекте кәсіпорынды талан-таражға салмай, тірлігін тіктеудің жолын іздеген жөн сияқты. Айтпақшы, Олег Куликовке жұдырығын ала жүгірген азаматты тәртіп сақшылары алып кеткеннен кейін тағдырына алаңдап қалған болатынбыз. Алайда сенімді дереккөздің ақпаратына сүйенсек, жә­бірленуші кеше арызын қайтарып алып, ол бостандыққа шығыпты.

Жамбыл облысы