Ниет болса, жұмыс көп
Ниет болса, жұмыс көп
864
оқылды
Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту ор­талығы «Жастар» сарайында осымен оныншы рет жалпы­қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Елорда халқы үшін тұ­рақты түрде өткізілетін шараға қатысушылардың қатары әдеттегідей көп. Бұл жолы да жәрмеңкеге 50-ге жуық жұ­мыс беруші қатысып, 669 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Халықты жұмыспен қамту орталығының Жұмыс берушілермен өзара байланыс бөлімінің басшысы Бақыт Рақышеваның айтуынша, құрылыс, сауда-саттық, білім пен денсаулық саласына қатысты мамандарға сұраныс жоғары. Жұмыс беруші мен іздеуші арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған жәрмеңкенің мақсаты да сол, жұмыссыз тұрғындар санын азайтып, тұрақты жұмыспен қамту. Бұл өз кезегінде ізденушілердің өз­дері қалаған сала мен қолайлы жұмыс кестесін зерделеп, жұмыс берушіге қызықтырған сауалдары бойына жан-жақты жауап алуына да мүмкіндік береді
Астана қалалық «Нұрбанк» АҚ филиалы банк кассирі мен менеджерлер үшін көптеген бос жұмыс орнын ұсынады. Банкке орта білімі бар, не болмаса колледжді бітіргендер де қабылдана береді. Сол үшін банк ұсынып отырған бос жұмыс орындары ізденуші­лердің де көңілінен шығып отыр. Ал «Астық логистик» ЖШС бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне үнемі қатысады екен. Серіктестіктің кадр бөлімі әкімшісі Айнұр Үсенова бос жұмыс орындары туралы сұрастырып келгендердің қа­тары көп болғанын айтады. «Сайт арқылы қашықтықтан хабарласатындар бар. Бірақ көзбе-көз келіп осы жерден толық­қан­ды ақпарат алғаннан кейін жұмысқа қабылданғысы келетіндер баршылық. Мұндай шараның пайдасы көп. Қазірдің өзінде сөй­лесу қашан болатынын сұрап қай­тара келгендер болды. Бізге жастар да, орта жастағы немесе егде жас­тағы, зейнеткерлікке аз қалған адамдар да келіп жатыр. Оларға ұсынатын айлығымыз 140 мыңнан басталып, 250 мыңға дейін барады. Бізге қазір қойма менеджерлері, контроллер, қойма меңгерушісі, операторлар мен жүргізушілер керек. Олар үшін әртүрлі жұмыс кестесі ұсынылады және жеткізіп салу мен тамағы тегін», – дейді ол. Сонымен қатар Астана қалалық ПД Сарыарқа аудандық кадр бөлімінің инспекторы Нұркен Cолтаевтың айтуынша, полиция сапына да қажетті мамандарға арналған бос жұмыс орындары бар. Сол үшін бәсекелестік орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін жәрмеңкеге қатысып отырғандарын айтқан ол: «Бізге тергеушілер, жедел уәкілдер, учаскелік полиция инспекторлары, жүргізуші полицейлер керек. Соның ішінде тергеу­шілер мен учаскелік полицейлер, жедел уәкіл мен криминалисттерге заңгерлік білім міндеттеледі. Ал сержанттық құрамға орта білімі бар, әскерге барып келгендер де қызметке қабылдана береді. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына барынша көңіл бөлеміз. «Отбасы банкі» арқылы үй алуға мүмкіндік бар. Киім-кешек тегін, ең бастысы өзін жақсы жағынан көрсетсе, қыз­метте өсуіне де кепілдік беріледі. Бүгіннің өзінде 50-ге тарта ізденуші келді. Жұмысқа кіруге ниетін білдіріп келгендерге айтарымыз, полиция сапына 35 жасқа дейінгі адамдар қабылданады», – деп отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицина орталығы да экономист және мемлекеттік сатып алу инспекторы се­кілді бос орындарды ұсынып отыр. Орталықта жұмыс істегісі келетіндерге жасы мен жұмыс өтілі маңыз­ды емес. жұмыспен қамту Жәрмеңкеге келген астаналық Айнұрдың екі баласы бар. Бұл ша­ра туралы әлеуметтік желіден естіп-білген ол өзі үшін ыңғайлы, айлығы жақсы, тұрақты жұмыс із­деп жүр. «Бүгін өзімнің көңілім­нен шығатын бірқатар бос жұмыс орнына анкета толтырып қалдырдым. Жұмыс үйіме жақын болса, тіпті жақсы болады. Ондай мүмкіндіктер де бар екен. Балаларыма уақыт бөлу үшін 3-4 сағаттық, ары кетсе 5 сағаттық жұмыс іздеп жүрмін. Көзбен көріп, аралап көрсем деп келген едім. Келген еңбегім тек­ке кетпеді. Қазір ғана осы «Жас­тар» сарайының кадр бөлі­мін­де ыңғайлы бос жұмыс орны­нан шақырту алдым. Бір айда бір апта ғана істеуге болады екен. Со­сын контроллер ретінде қосымша іс-шаралар өткен кезде де келесің. Бастысы, айлығы тұрақты, уақыты ыңғайлы. Тағы бір қызығы, жаңа өтіп бара жатсам «бізге келіңіз» деп байланыс нөмірімді өздері сұрап алып жатыр. Өзім де таң қалдым. Жұмыс жоқ деп жүрсек, жұмыс берушілер өздері осылай шығып, мүмкіндік жасап отырғаны қуантты», – деп ағынан жарылды Айнұр. Елордалық Айкөркем Құлманова осыған дейін де Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы бірнеше рет жұмысқа тұрыпты. Алайда Қарағандыға уақытша қоныс аударған ол жақында орталыққа қайта өтініш тастағанын айтады. Сол бойынша жәрмеңкеге келіп, өзіне ыңғайлы, айлығы да көңілінен шығатын жұмыс орындарын қарастырып жүр екен. «Бұған дейін орталықтың жіберуімен бухгалтер де, балабақшада тәрбиеші де болдым. Бүгін де бірнеше бос жұмыс орындарын қарас­тырып көрдім. Жұмыс берушілердің тарапынан ұсынылған қызметтер де көңілден шығып отыр. Қазірдің өзінде нақты жұмыс орнымды тауып қойдым десем болады», – дейді ол. Жәрмеңкеге келген қала тұр­ғын­дарына орталық қызметкерле­рі мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бағдарламалар туралы ақпарат береді. Мәселен, бүгінгі күнге дейін «Жас­тар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орындары», Қоғамдық жұмыстар», Кә­сіптік оқыту» секілді бағдарламалар арқылы тұрақты жұмысқа орналасқандар көп. Оның ішінде «Жастар практикасы» бағдарламасына алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе алу үшін 29 жасқа толмаған колледж бен жоғары оқу орындарының түлектері қатыса алады. Алайда бұл бағдарламаға қатысушылар оқуды бітіргеннен кейін 3 жыл ішінде өтініш тастай алады. «Алғашқы жұмыс орны» мектеп пен колледж, жоғары оқу орны түлектеріне, оның ішінде 29 жасқа толмаған және алғаш рет жұмыс іздеп жүрген NEET санатындағы жастарға таптырмас жоба. Осы арқылы олар 12 айдан кем емес мерзіммен тұрақты жұмыс орнына орналасады. «Ұрпақтар келісімшарты» – зейнетақы жасына дейінгі жұмыс істейтін қызметкерлерден жинақталған тәжірибе мен дағдыларды оқу орындарының түлектеріне беру үшін арнайы құрылған жұмыс орны. Яғни 6 ай өткеннен кейін жұмыссызға тұрақты жұмыс орны ұсынылады және ол зейнеткерлік жасқа толған қызметкерді алмас­тырады екен. Сондай-ақ биылдан бастап қолданысқа енгізілген «Күміс жас» жобасы да зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін таптырмас мүмкіндік. Олай дейтініміз, зейнеткерлікке аз қалған көптеген адам жұмыс іздеп табанынан таусылуға мәжбүр. Ал бұл бағдарлама зейнеткерлікке бар-жоғы екі жыл қалғандарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған. Ай сайынғы субсидия мөлшері жұмыс берушінің жалақы мөлшерінің 50 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, еңбекақысын субсидиялай отырып, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы құрылатын «Әлеуметтік жұмыс орындары» мен ізденушілердің уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің бір түрі «Қоғамдық жұмыс­тар» жобасына да өтінім бергендердің қатары көбейген көрінеді. Ал еңбек нарығында сұранысқа ие білімі жоқтар да мемлекеттің игілігін көрудің жолы қарастырылып отыр. Айталық, өз кәсібіне көңілі толмайтындар мен кәсіптік білімі жоқтар «Кәсіптік оқыту» бағдарламасы арқылы қысқамерзімді кәсіптік оқудан өтіп, үш айдан кейін қалауы бойынша кәсіп табуына болады. Тағы бір айта кетерлігі, оқу кезінде оларға мемлекет тарапынан ай сайын 21 787 тең­ге стипендия мен 2 АЕК көле­мінде біржолғы материалдық кө­мек беріледі.