Астана атауы әлемдік деңгейде мәдени брендке айналып үлгерген. Жыл сайын елорданың мәдени өмірі қызып, өнер ордасына айналуда. Айталық, тек биылдың өзінде қалада Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен 16 267 іс-шара өтіпті. Осыған орай, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ақерке Жұманбаевамен елорданың мәдени болашағы жайлы сөйлестік. Оның айтуынша, қазір Астана қаласының әкімдігіне қарасты 13 мәдени мекеме бар. 2022 жылдың басты жаңалығы – оң жағалауда орналасқан «Жастар» сарайының жөндеу жұмыстарының аяқталуы. Аталған сарайдың толыққанды іске қосылуы оң жағалаудағы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына зор үлес қосуда. Айта кету керек, «Жастар» сарайы 48 жыл бұрын салынған. Сол сәттен бастап ол – қаланың визит карточкасына айналды. Қазір ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілді. Бұрын бұл нысан жөнделмеген, бұл қайта құру қажеттілігіне алып келді. Нысанның сырты, сондай-ақ бассейн, сахна және тағы басқалар жөнделді. Бірақ фойедегі бірегей бояу, Таскөл жергілікті кен орнының мәрмәрланған әктасынан жасалған едендер сақталды.
– Мұндай мәдени және спорттық нысандардың қала тұрғындары мен елорда қонақтары үшін әрдайым ашық болуы керек. «Жастар» сарайында креативті кластер үшін өзіндік жаңа аймақ ашылды, онда сурет галереялары, жастарға арналған коворкинг-орталықтар, перформансқа арналған аймақтар және тағы басқалар орналасқан. Мұнда жастар өз әлеуетін іске асыра алады, идеяларын, ұсыныстарын талқылайды, тәжірибе, пікір алмасады. Осылайша «Жастар» сарайы биылдың өзінде креативті жастар үшін өзіндік шығармашылық хабқа айналды, – дейді Ақерке Жұманбаева.Қожаға ескерткіш қойылды «Балалар жылы» аясында Астана қаласының «Жетісу» саябағында «Менің атым Қожа» фильмінің басты кейіпкеріне ескерткіш қойылды. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы желісімен 1963 жылы түсірілген фильмнің басты кейіпкері Қожаға қойылған мүсіннің биіктігі – 183 см. Қола және граниттен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі – 265 см. Идея авторы Мұрат Қожамқұловтың бастамасымен ескерткіш қою мәселесін белгілі журналист Жанболат Аупбаев көтерген болатын.
– Өркениетті елдерде кітаптың кейіпкеріне ескерткіш қойылады. Ол сол елдің мәдениетінің белгісін білдіреді. Мысалы, 1935 жылы атақты американ жазушысы Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің бастан кешіргендері» повесіне байланысты ел қаржы жинап, шығарманың басты кейіпкерлеріне ескерткіш орнатады. Осындай ескерткіш астанада ашылып отыр, – деді Жанболат Аупбаев.Ескерткіштің ашылу салтанатына фильмде Қожаны сомдаған Нұрлан Сегізбаев, Жанар рөліндегі Гүлнәр Құрабаева, сондай-ақ фильмнің режиссері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева келіп қатысқан. Мүсінші Азамат Талапханның айтуынша, бұл идеяны жүзеге асыру үшін үш айға жуық уақыт кеткен.
– Бұл ескерткішті жасау туралы ұсыныс түскен бойда мен түрлі идеяларды қарастыра бастадым. Басты кейіпкердің мінезін көрсету, шығарманың атмосферасын жеткізу өте маңызды болды. Сөйтіп, бір шешімге келдік. Фильмдегі ең есте қалатын көріністердің бірін жаңғыртып, басты кейіпкер Қожаның айна алдында отырған сәтін бейнеледік. Жұмыс барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ, біздің туынды халыққа ұнайды деген сенімдеміз, – деді ескерткіш авторы.Осылайша, елордада қала тұрғындары үшін тағы бір мәдени ескерткіш бой көтерді. Театрды тегін тамашалайды
– Сонымен қатар, әлеуметтік жобалардың бірі «Мәдени Ел» жобасы 2022 жылы бастау алып, жоғары деңгейде жүзеге асырылып, жыл бойы қоғамға өзінің тиімділігін көрсеткенін байқадық. Бұл жобаның мақсаты – ақысыз негізде Астана қаласы әкімдігінің ұйымдарына қарасты мекемелердің әлеуметтік және коммуналдық шаруашылық қызметкерлерін театрларға шақыру. Осы жоба аясында 3600 қызметкер опера және балет қойылымдарын тегін тамашалады, – дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ақерке Жұманбаева.Мәдениет басқармасының қолдауымен «Дос-Мұқасан» тобының «Далам менің» атты жеке концерті, Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған «Атамекен» концерті өтті. Ұлттық домбыра күніне орай 7 шілде күні Астана қаласында Ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған мерекеге байланысты «Жас домбыра» концерті ұйымдастырылды. Астана күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Mereke Street» фестивалі өтті. Фестиваль бірнеше күнге созылып, қала қонақтары әртүрлі шараларға қатысып, мерекелік көңіл-күйді сезінді. Сонымен қатар, қала сыртындағы шалғай өңірлердегі тұрғындарға «Думанды Астана» атты арнайы кеш ұйымдастырылды. Айта кету керек, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін «TЕАТРALL» театр фестивалі биыл Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналды. 22-30 қазан аралығында Астана қаласы әкімдігі және Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының ұйымдастыруымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, халықаралық түркі мемлекеттерінің (ТҮРКСОЙ) ұйымы қолдауымен өткен бұл өнер фестивалінде Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Санкт-Петербург камералық «ТОК» театры сынды 14 ұжым өнер көрсетті. «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәдениеті ұйымы атынан театрдың жабылу салтанатына Анкара қаласынан арнайы келген халықаралық түркі мәдениеті ұйымының қаржы директоры Санжар Мехмет Мүләзімоғлы мырза және «ТҮРКСОЙ» ұйымының кеңесшісі Шафхат Исмайлов мырза барлық қатысушы театрларға фестивальді жоғары деңгейде өткізгені үшін айрықша алғысын білдірді. Мәдениет саласының дамуына үлес қосқаны үшін Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Құрмет» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Фарход Бойнозаров пен Әділ Ахметов «Ш.Айтматов» төсбелгісімен; Арадов Мурад «Махтумкули» төсбелгісімен, Анар Сыдығалиева, Батырбек Шамбетов, Болат Ибраев, Ринат Заитов, Тұрсынбек Қабатов, Ербол Есендосов, Айбол Шәкіржанов, Нартай Сауданбеков «Мұхтар Әуезов» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар фестивальде ерекше өнер көрсеткен өнарпаздарға да арнайы жүлделер табысталды. Бір аптаға созылған бұл фестивальге шетелдік 6 театр мен республикамыздың театрлары қатысты. Фестивальді 9 мың қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады. Ерекше театрдың ерен еңбегі Елорда төрінде тағы бір жаңа театрдың тұсауы кесілді. Qanattylar деп аталатын бұл айрықша театр еліміздегі ерекше жандардың талантын ашуға бағытталып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөгетсіз болашақ қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша мән беріп, өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс» деп құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берген болатын. Президент мән берген мәселенің бүгінгі таңда қоғамда оңтайлы шешім тауып жатқаны көңілге қуаныш орнатады. Соның айқын бір мысалы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар театры жанынан құрылған Qanattylar инклюзивті театрының тұсауы кесілді. Елімізде тұңғыш рет ашылып отырған ерекше жандарға арналған театр ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен шымылдығын түрді. Ал биыл Орталық Азиядағы тұңғыш «Қанаттылар» инклюзивті театры «Қызжылаған» спектаклін сахналады. Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы режиссер Болат Атабаевтың сахналауымен 25 жылдан бері театр сахналарынан түспей келеді. Аталған пьесаның негізінде дайындалған «Қызжылаған» спектаклі – Семей ядролық полигонынан жетілмей қалған қыз өмірінен сыр шертеді.
– Инклюзивті театр ашу идеясы көптен бері ойда жүрген армандарымның бірі еді. Qanattylar театры арқылы еліміздегі талантты жастардың басын бір сахнада түйістіріп, олардың бүгінге дейін көпшілік білмей, байқамай келген өнерлерін жұрт алдында паш етіп, ел мүмкіндігі шектеулі деп санайтын ерекше жандардан өнердің нағыз жұлдызын жасап шығару һәм сол арқылы көрермендерімізді бойындағы барына шүкіршілік ете білуге үндегіміз, ой салғымыз келді, – дейді Qanattylar инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Ысқақов.Елорданың мәдени ошаққа айналғанына жоғарыда атап өткен мысалдар айқын дәлел. Алдағы жоспар бойынша басқарма мәдениеттегі креативті индустрияны дамытуды қарастырып отыр.