Жылу жүйесі «жыларман» күйде
Жылу жүйесі «жыларман» күйде
© коллаж: Елдар Қаба
822
оқылды
Қараша аяқталар-аяқтал­мастан «кәрі құдамыз» төрге шықты. «Қазгидромет» алдағы күндері сырттағы ауа темпе­ратурасы 42 градусқа дейін тө­мендейтінін мәлімдеп, дауыл­ды ескерту жариялады. Осы қысылтаяң шақта елдің энерге­тикалық кешені сыр берді. Қостанайда елді тоқтан уақытша ажырату жүргізілуде. Екібастұзда төтенше режим жарияланды. Бұл – соңғы бір жыл­дағы республикадағы үшінші, ал оли­гархтар Александр Кле­банов пен Сергей Канның бақылауын­дағы ЖЭО-ларда бол­ған екін­ші ірі апат. Энергетика ми­нис­тр­лігі де саланың қау­сап тұр­ғанын растады. Бұрынғы билік тұсында монопо­лиялан­ды­рыл­ған осы сектор қайта құру­ды, мемлекеттік бақылауды күшейтуді қажет етеді.

Бұл түрмен қыстан қалай шығамыз?

«Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, қала билігі Екі­бас­тұзда техногендік сипаттағы тө­тенше жағдай режимін жариялады. Бұған оны жылу жүйесіндегі апат итермелеген. Салдарынан жылу желілері қатып, жарылып жатыр. Қалада түнде 17 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік, 21 коммерциялық нысан жылусыз қалды. ТЖ режимі жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тары толық аяқталғанға дейін күшінде болады. 27 қарашаның түнінде қалада Екібастұз ЖЭО-ның бір­неше қазандық агрегаторы бірден істен шықты. Жылу-электр орталығын­дағы апатқа орай арнайы штаб құрылды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Екібастұз әкімі Аян Бейсекин журналистер алдына шығып, мән-жай­ды түсіндірді. Олардың мәлі­метінше, шаһардың жылу жүйе­сінің 10 жері бұзылған. Бұл ЖЭО қазандықтарының жұмысын тоқ­татқан. Әлеуметтік нысандарды аралаған облыс әкімі оларда тұрып жатқандарды эвакуациялауға ше­шім қабылдады. Соңғы деректер бойынша, Екі­бастұз ЖЭО жағдай тұрақтаныпты. Алайда Екібастұздың 3 шағынау­даны қыс ортасында, үскірік аязда жылусыз қалып тұр. Апаттың қай­таланбасына да еш кепілдік жоқ. Екібастұз ЖЭО-сын бас­қара­тын «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС – «Павлодарэнерго» АҚ-ның еншілес кәсіпорны. Ал «Пав­лодарэнерго» А.Клебанов пен С.Кан бақы­лауындағы «Орталық-Азия Электрэнергетикалық Кор­пора­циясы» акционерлік қо­ға­мының («ОАЭК» АҚ) құрамына кіреді. Осының алдында, 2022 жылғы 20 наурызда аталған корпорацияға қарасты Петропавл ЖЭО-2-де де алапат апат болып, ол адам өліміне ұласты. Онда да төтенше жағдай жарияланды. Шаһардың бір бөлігі жарықсыз және жылусыз қалды. Өкініштісі сол, петропавлдық жылу электр орталығында үш алып мұржаның бірі күйреп, үйінді ас­тында қазандық цехының жаб­дықтарын аралаушы-машинист – 1984 жылы туған әйел қаза тапты. Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алайда айып 2021 жылғы 6 мамырда ғана Петропавл ЖЭО-2 директоры лауазымына тағайын­далған Е.Қоңырбаевқа тағылды. Петропавл ЖЭО-2-нің қо­жайыны «Севказэнерго» АҚ – Ор­талық-Азия электрэнергетикалық корпорациясының компаниялар тобына кіреді. Энергетика министрлігі Петро­павл ЖЭО-2 апаттың бір себебі ретінде басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмағанын атады. Бұған қоса, жобалаудағы, бетондаудағы ақаулар, мұржаны дұрыс пайдаланбау және басқа да факторлар жиынтығы ақыр соңын­да оның құлауына әкеліп соқты. Ресми мәлімет бойынша, Пе­тропавлдың №2 жылу-электр ор­талығының негізгі жабдықтары – 60 пайызға, қазандықтарының же­келеген агрегаттары – 73 пайыз­ға, ал турбиналары 82 пайызға тозған. Қазандықтар әупірімдеп жұмыс істеп тұрғанға ұқсайды. Құлау мен құлдыраудың төркіні неде? Орталық-Азия Электрэнер­гетикалық Корпорациясы» («ОАЭК» АҚ) 2008 жылғы 8 та­мыз­да құрылған. Ол еліміздің біраз қа­ласының жылу-электр жүйе­ле­ріне иелік етеді. Нағыз моно­полист. ОАЭК-тегі үлес келесідей бөлінген: 47,1 пайыздық үлесті – Александр Клебанов, тағы 47,1 пайызын Сергей Кан қанжы­ғасына байлаған. Қалған марды­м­сыз үлес «Бәйтерек» ұлттық бас­қару­шы холдингіне тиесілі: KIF ENERGY S.A.R.L. ұйымына – 4,35 пайыз, «Baiterek Venture Fund» АҚ қорына – 1,45 пайыз. Корпорация сайтында көрсе­тілгендей, ОАЭК басқарма төраға­сының орынбасары Игорь Ильин екен, бұл – қазіргі Төтенше жағ­дайлар министрі Юрий Ильиннің ұлы. Мемлекетті бір жылда екі рет тө­тен­ше жағдай жариялауға мәж­бүр­легені үшін олигархтардың еш­қайсысы жазаға тартылмағаны, тіпті олардың ірі айыппұл төлеме­гені қай­ран қалдырады. Құзырлы ор­гандар «қара майнерлердің» оли­гархтар бақылауындағы энергети­калық нысандар айналасында қанат жайғанын анықтады. Александр Клебанов – Қа­зақ­стандағы өте ауқатты адамда­рының бірі, байлығы жөнінен 2021 жылы Forbes тізімінде 15-орынға ор­на­ласты. 2022 жыл басында оның дәулеті ағымдағы бағам бойынша 270 миллиард теңгеге бағаланған. Оның серіктесі Сергей Кан дәулеті жөнінен ауқаттылар тізімінде 24-орынға тұрақтады. Компанияның өз дерегінше, «ОАЭК» АҚ-ының жиынтық элек­тр қуаты – 1 318 МВт. Бұл көрсеткіш бойынша корпорация электр қуа­тын генерациялайтын жекеменшік компаниялар арасында жетекші саналады. Оның жиынтық жылу қуаты – 2 981 Гкал/с. Бұл алпауыт еліміздегі жалпы ұзындығы 49,2 мың шақырымнан астам электр желісін, сондай-ақ 983,9 шақырым жылу желісін иемденген. Респуб­ликадағы 2 миллионнан астам тұтынушы соларға тәуелді. Өйткені «ОАЭК» АҚ-ның құра­мына қуатпен қамтудың барлық буынын – генерациялауды, тасы­малдауды және өткізуді қамтитын «Севказэнерго» АҚ және «Пав­лодарэнерго» АҚ кіреді. Компания Ақмола облысындағы өткізуші компанияны – «АЭҮК» АҚ-ын бақылайды. Қожайындары шалқып жүр­генімен, оларға қарасты жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі Екібастұз ЖЭО-сын ұстап тұруға жағдайы келмейтін болып шықты: «2022 жылғы 12 шілдеде «Эки­бастузтеплоэнерго» ЖШС Екі­бастұз қаласы әкімдігіне жазбаша өтініш бағыттаған болатын. Онда «Экибастузтеплоэнерго» құрамына кіретін мүлікті – Екібастұз ЖЭО-сын және Екібастұз жылу желілерін мемлекетке сыйға тарту ретінде қабылдау мәселесін қарастыру ұсынылды. Оларды коммуналдық меншікке беру мәселесі әзірге қарастыру сатысында. Бұл қадамға ЖЭО-ны ұстап тұруға қажетті қаражаттың жетіспеуі итермелеп отыр», – делінген компания таратқан хабарламада. Экономист Денис Кривошеев «ОАЭК» қызметін заңгерлер зерт­теп жатқанын мәлім етті: олардың пікірінше, тереңірек зерттеген сайын қос олигархтың көп жылғы қызметінен туындаған ең үлкен тұйық Астананың энергоке­шенінде қалыптасқаны айқындала түсіпті.
«Оның салдары мен ауқымын таяуда сезінуіміз мүмкін. Мәселе шығынды «Астанаэнергосбыт» ЖШС туралы, кезінде одан оли­гархтар бақылауындағы 2 ЖШС-ға ірі тұтынушылар бөлек шыға­рылған. Бүгінде «ОАЭК» ак­ционерлері «Астанаэнергосбыттан» тездетіп құтылып, әкімдікке сый­лай салуға тырысып жатыр. Та­бысты шығару схемасы қарапайым, қарадүрсін және Астанада ғана емес, Павлодар мен СҚО-да да қолданылады деген жорамал бар. Оған сәйкес, антимонополиялық орган реттейтін басты ұйымнан әлдебір ЖШС-лар бөлінеді. Олар формальды түрде «ОАЭК»-ке ба­ғынбайды. Бұл ретте қалталы тұ­тынушылар, заңды тұлғалар со­ларға тапсырылады. Нәтижесінде, осы «әмиян» ЖШС-лар үнемі ақ­шаға толады, ал «Астанаэнергосбыт» антимонополиялық органға халық үшін тариф көтеруге кезекті рет өтініш береді», – деп бір мәселенің шетін шығарды Д.Кривошеев.
Мұның қаншалықты шын еке­нін құзырлы органдар анықтар. Тек пәрменді шара қабылданса дұрыс. Әйтпесе, бұрын «Аста­наэнер­гос­бытқа» қатысты мәселені Пар­ламент депутаттары да көтерген, нәтиже шығара алмады. Сала ахуалы қандай күйде? Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Марат Бейбітқазы энер­гетика кешендерін мемлекеттің өз қарауына алғаны жөн деген пікір білдірді.
«Республикада тариф төмен, ол қуат өндіру шығынын өтемейді. Сондықтан елдегі энергия өн­дірушілер басқа көздерден қосым­ша табыс табуға тырысады. Мы­салы, мемлекеттен қомақты суб­сидия алады. Бизнес нысандарын электр мен жылу көздеріне қос­қаны үшін заңды, заңсыз ақы ала­ды. Электр стансаларының ай­наласында тіркелмеген қытайлық майнерлердің қаптап өнгенінің бір ұштығы да осыған тіреледі. Со­нымен бірге компаниялар қомақты табыс табу үшін түрлі қулыққа са­лып, айлалы схемаларды пай­да­ланып, инвестициялық бағдарла­маларын орындамайды, оларды қо­жайындарына, акционерлеріне жол­дайды. Жаңғыртылуына, жөн­делуіне жете мән берілмеу, қаржы салынбау кесірінен елімізде жылу жүйесінің тозуы 57 пайыздан асып кетті», – деді М.Бейбітқазы.
Мысалы, «Экибас­туз­теп­ло­энер­го» апат болған Екібастұз ЖЭО-сын дамытуға шамамен 1,5 млрд теңге инвестициялауға мін­­деттелген екен, шынында стан­саға және жылу же­лілеріне 537 млн теңге ғана бағыт­талыпты. Яғни, үш еседей аз. Инвестициялық бағдарлама­дағы іс-шараларды жете қаржы­лан­дырмау энергетикалық жабдық­тардың тез тозуына, ақаумен жұмыс істеуіне, қуат беру сенімділігінің төмендеуіне, ақырында қазандық, агрегатор, турбина және басқа­сының бұзылуына әкеліп соқтырып жатады. Осыған байланысты ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер Әлихан Смайыловқа еліміздің қалаларындағы мәселе жиі туындайтын энергетикалық актив­терді мемлекет меншігіне қай­тару мәселесін қарастыруды тап­сырды. Себебі ол активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансаларында апат жиі болып, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз жабдықтай алмай отыр. Энергетика министрлігінің мә­ліметінше, елімізде 10 жылу-электр орталығы – мемлекеттік, тағы 5-еуі – квазимемлекеттік ком­паниялардың меншігінде. Қалған 22 ЖЭО-ның бәрі – жекеменшіктің қолында. Энергетика министрлігінің Элек­тр энергетикасын дамыту де­пар­таментінің басқарма басшысы Әлімжан Тұрардың түсіндіруінше, «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасы әзірленді, ол салаға бақылауды күшейтеді. Әйтпесе, монополистер уәкілетті органға уа­қы­тында және толыққанды ақ­парат беруге де міндеттелмеген болып шықты.
«Заң жобасы жылыту маусы­мында жылумен қауіпсіз түрде жабдықтауға көмектеседі. Өйткені мемлекеттік органдарда ақпа­раттың жоқтығы жылу энергия­сының тапшылығын болғызбау үшін шаралар қабылдауға мүм­кіндік бермейді. Тиісті ақпараттың болмауы азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, жылу энергиясының тапшылығын тудырады. Тұтынушылар қажетті жылу энергиясын алмайды. Бүгінде қуат өндірушілер жабдықты жөндеуге кіріскен немесе жылу көздерін істен шығарған жағдайда меморгандарды хабардар ету бойынша талап көзделмеген. Заң осы олқылықты түзетеді. Қазір жылу энергиясының тапшылығы Астана, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Қарағанды сияқты бірқатар қалада қалыптасқан», – деді ведомство басшысы.
Ресми дерек бойынша жылу энергиясы 37 ЖЭО-да (үлесі 45 пайыз), шамамен 28 ірі қазандықта (35 пайыз) және қуаты аз 900-дей шағын қазандықта өндіріледі (20 пайыз). ЖЭО негізгі жабдықтары­ның тозуы ел бойынша орта есеппен 55,4 пайыздан асты. Ал жылу құбырларының тозуы орта есеппен 59 пайызды құрайды. То­зудың ең жоғары деңгейі Жамбыл облысында – 89,3 пайыз. Сала жо­ғары апаттылық дәрежесіне жет­кен: жекелеген өңірде 1 шақырым құбырға жыл сайын 10-ға дейін зақымдану, ақау, бұзылудан келеді. Еуропада бұл көрсеткіш 0,1-ден аспайды. Қынжылтатыны сол, энергети­калық кешенде айналған мил­лиардтаған қаржы тасқыны Forbes тізіміндегілер сапын толтыруға, әлемдегі ең қымбат қалаларда қа­зақстандықтардың сән-салтанатты сарайларының пайда болуына серпін берді. Бірақ сол қаржы жылу жүйелерін жаңғыртуға жетпей, салдарынан қалаларымыз қыстың көзі қырауда жылусыз қалып жатыр. Ел басшылығының саланы олигарх­тардан арылту саясаты жылдар бойы нашарлаған ахуалды түзетуге ықпал етсе керек.